Бас бәйге – «Бейбарыста»!
Шайбалы хоккейден жеті айға созылған ел чемпионаты аяқталды. Бұған дейін газетімізде хабарлағанымыздай, финалдық серияда чемпион атағы үшін таласқан атыраулық «Бейбарыс» пен көкшетаулық «Арлан» командалары арасындағы мықтысы анықталды. Төрт жеңіске дейін сараланатын серия шекті жетінші ойынға дейін созылып, соңғы кездесу Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт кешенінде өтті. Ақтық айқаста атыраулық команда қарсыластардан басым түсіп, 1:3 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды.
ойын оңай болған жоқ!
Осыдан жеті жыл бұрын құрылған «құрдас» командалар арасындағы бәсеке әруақытта тартысқа толы болады. Айта кетсек, биылғы ел чемпионатының тағдыры 17 сәуір күні Атырауда өткен кездесуде де шешілуі мүмкін еді. Бұл кезде сериядағы есеп мұнайлы өлке командасының еншісіне 3:2 болатын. Бірақ, көкшетаулықтардың бағы жанып, 0:2 есебімен жеңіп, серияның нүктесін өз алаңдарында, жанкүйерлердің алдында қоюға мүмкіндік алды. Ал, шешуші ойында атыраулық ойыншылар өткен жолғы қателіктерді болдырмай, қалайда жеңіске жетуге жұмыстанды. Бір қызығы сол, бұған дейін де «Бейбарыс» чемпиондық кубоктарды (2010-2011, 2011-2012 жж. – ред.) сырт айдында жеңіп алған болатын. Осы жолы да бұл тарихи «сәйкестік» дәстүрге айналғандай. Ал, «Арланға» чемпион атағы үшінші маусым қатарынан бұйырмай тұр (бұған дейін екі маусым бойы финалда павлодарлық «Ертіспен» ойнап, қарсыласқа жол берген болатын, — ред.). Сөйтіп, финалдық серия атыраулықтардың үлесіне 4:3 есебімен аяқталды.
Ойын басталысымен айдын иелері бірден шабуылға кірісті. Ойынның 11-ші минутында Растислав Гашпардан шайбаны алған Александр Нурек соққысымен есепті ашты. Бірақ, бұдан кейін «арландықтар» Алексей Кузнецов қорғап тұрған қақпаның саңылауын таба алмады.
Ойынның екінші кезеңінде Андрей Спиридонов «Арланның» қақпасына соғылған алғашқы голдың авторы атанса, араға алты минут салып, Александр Зубков есепті екі еселеді. Айдын иелері де жеңісті қолдан оңай бермеді, қақпамыз маңында ауыр соққылар жасады. Бірақ, қақпашымыз үлкен шеберлік танытты. Ал, ойын аяқталуға екі минут қалғанда көкшетаулық Дмитрий Волошин қақпаны бос қалдырып, орнына алтыншы ойыншы айдынға шықты. Осы сәтті пайдаланған Максим Шарифьянов бос қақпаға дәл көздеп, үшінші шайбаны салып, командасын чемпион атағына жеткізді.
(Толығырақ газетімізден оқи аласыздар).