Жарнама
Қоғам

Барымыздан айырылып қалмайық!..

Жуырда «Ақ жол» партиясының мүшесі Асқар Садықов ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Оған Индер тұзды көлінің мәселесі өзек болып отыр.

Қазақстанның батыс бөлігі – қорық, резерват, табиғи немесе ұлттық парк мәртебесіне ие аумақтарға аса бай емес екендігі белгілі. Дегенмен, мұнда да туристерді қызықтыратын, бірақ, назар аударуды, зерттеуді және қорғауды қажет ететін орындар бар. Сондай көз тартар көркем жердің бірі – Индер тұзды көлі.
Көлдің тұзы жоғары сапалы, калий, бром, борға бай екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал, суы күкіртті сутекпен қаныққан, сондай-ақ көлдің қара лайы ежелден емдік қасиетімен танымал.
Индер көлі ерекше ғылыми құндылығы бар, қолданысы шектелген немесе тыйым салынған нысандардың тізіміне 1995 жылы енгізілген. Қазіргі уақытта көлді қорғау мәртебесі Үкіметтің екі қаулысымен қамтамасыз етіліп отыр:
– 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 932 қаулымен бекітілген табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесі;
– 2007 жылғы 21 маусымдағы №521 қаулымен бекітілген экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар объектілерінің тізбесі.
Алайда, бұған қарамастан 2021 жылдың басында Индер көлінің аумағы күмәнді жолдармен пайдалануға берілген. Оған қоса, 2024 жылғы 15 наурызда Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысында, Экология министрлігіне жоғарыда аталып өткен Үкіметтің №932 және №521 қаулыларынан Индер көлін тізімдерден шығарып тастау және тиісті экологиялық қорытынды беру тапсырылды. Сонымен қатар, сол хаттамада Индер көлінің аумағында пайдалы қазбаларды өндіруге экологиялық рұқсаттар мен лицензия беру үшін Су ресурстары министрлігінен, Денсаулық сақтау министрлігінен және Атырау облысының әкімінен оң қорытынды беру талап етілген, — деді халық қалаулысы.
«Ақ жол» партиясы өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Индер көлін қорғалатын объектілердің тізбесінен алып тастау туралы нормативтік құжаттардың жобалары Экология министрлігінің сайтында тұр. Бұл мәселе осыдан үш жыл бұрын көтерілген екен. Дегенмен, ол кезде Экология министрлігі бұл бастамаға рұқсат бермеген көрінеді.
Бүгінде ақжолдықтар «араға үш жыл салып, уәкілетті орган мүлде қарама-қайшы позицияны ұстанып отыр» деген пікірде.
– Егер Индер көлін қорғау мәртебесінен айырса, ауқымды экологиялық апат орын алады. Жер қойнауын пайдалануға қатысушылардың көбеюімен табиғатты ластауға кінәлілер мен қоршаған ортаға келген материалдық шығынды анықтау мүмкін болмайды. Теріс салдар болған жағдайда ешкім жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Жергілікті халықтың да ушығып отырғандығы жасырын емес. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Ақ жол» депутаттық фракциясы, Индер көлін ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар республикалық маңызға ие объектілерінің тізімінен шығаруға жол берілмеу керек деп санайды, — делінген «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясының депутаттық сауалында.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Суретті (Тұзды көл) түсірген Саламат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button