Жарнама
Қоғам

Бақытын БАҚ-тан тапқандар

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында біз отбасылық өмірі мен кәсіби жолы қатар өрілген, газет редакциясы қабырғасында танысып, отбасын құрған әріптестер туралы айтуды жөн көрдік. БАҚ – ақпарат тарату орны ғана емес, кейде тағдыр тоғыстыратын қасиетті мекенге де айналады. Соның бір мысалы – бүгінде елге елеулі еңбек етіп жүрген, түрлі салада қызмет етіп жатса да, шығармашылықтан алыстамаған жандар – IT маманы Асланбек Мәукенов пен журналист Майра ЕРҒАЛИДІҢ өмірі.

Техника мен шығармашылық түйіскен орта

90-жылдардың ортасы. Компьютер деген дүние әлі кең тарай қоймаған кез. Басылымдар әлі де болса баспаханаларда, жазу машинкаларымен, фотопленкамен жұмыс істеп отыр. Қазақ басылымдары үшін бұл – қиын кезең. Себебі, қазақ әліпбиіндегі 9 әріп сол кездің бағдарламаларына енгізілмеген еді. Газеттің әр бетін терген сайын техникалық кедергілер шығып, редакция жұмысы кідіріп қала беретін. Сол тұста облыстық «Атырау» газетінің редакциясына жас, жаңашыл маман – Асланбек Мәукенов келіп қосылады. Ол жас бола тұра, өзінің инженерлік, техникалық қабілетін шығармашылық ортада тиімді пайдалана бастайды. Компьютер тілін жетік меңгеріп, газет шығарудың бүкіл цифрлық жүйесін игеріп кетеді.

– Мен бұл редакцияға келгенде газет енді-енді компьютерлік нұсқаға көшіп жатқан еді. Қазақ әріптері дұрыс танылмай, бәріміз қиналдық. Шешімді сырттан күтпей, ізденіп, дизайнер Нұрлан Хамзин екеуміз тікелей Microsoft-қа ұсыныс жасадық. Бұл идеяны сол кездегі бас редактор Қилыбай Қуанышбайұлы толық қолдады. Бұл мәселе Парламент деңгейіне дейін көтерілді. Кейін қазақ әліпбиі Windows XP жүйесіне ресми түрде енгізілді. Бұл – тек бір мекеменің емес, бүкіл елдің жеңісі еді,-деп еске алады Асланбек Мәукенов.

Бұл тарихи оқиға – Атыраудан бастау алған бастаманың ел көлеміндегі нәтижесі. Компьютердің ішіндегі қазақ тіліне орын жоқ болған шақта, оны талап етіп, ресми жүйеге енгізу – нағыз батыл қадам еді.

Майраның жолы

Сол кезеңде Асланбекпен бірге редакцияда тағы бір жас маман жұмыс істей бастайды. Майра Ерғали – кәсібі бойынша дизайнер. Газеттің көркемдік бет-бейнесін жасауға жауапты. Шығармашылыққа жаны жақын, визуалды талғамы жоғары маман. Ол дизайнмен қатар, журналистикаға да бейім еді. Көз үйренгеннен кейін, көп ұзамай-ақ редакцияға тілші ретінде бейімделіп, алғашқы мақалаларын жаза бастайды.

– Дизайн – мен үшін үлкен мектеп болды. Әріптестердің мақалаларын оқи отырып, журналистиканың ішкі табиғатын түсіне бастадым. Бірте-бірте өз ойымды жұртпен бөліскім келіп, мақалалар жаза бастадым. Алғашқы кездері қысқа жаңалықтардан бастасам, кейін талдау, портреттік материалдарға ауыстым. Ең бастысы, редакциядағы орта мені қалыптастырды,-дейді Майра Ерғали.

   Бүгінде ол – «Атырау» газетінің белді тілшісі. Журналист ретінде әлеуметтік мәселелерге қалам тербейді, заң, құқық, қоғамдық тәртіп тақырыптарында жазған мақалалары арқылы көпшілік ықыласына ие болды.

Тағдыр тоғысқан тұс

Бірі – техниканың тілін меңгерген, екіншісі – шығармашылықтың жүгін арқалаған мамандардың таныстығы жай ғана әріптестікпен басталады. Алайда уақыт өте келе бұл қарым-қатынас терең түсіністік пен сезімге ұласады.

– Майра алғаш келгенде өзінің жауапкершілігімен, ұқыптылығымен бірден көзге түсті. Бірге жұмыс істей жүріп, ортақ қызығушылықтар табылды. Әрбір жаңашылдықты бірге жасап жүріп, бір-бірімізге деген көзқарасымыз да өзгеріп отырды. Кейін дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтердік,-дейді Асланбек Мәукенов.

Олардың өміріндегі шешуші сәт – бір қарағанда қарапайым жұмыс күндерінің бірі. Майраның туған күнінде Асланбек Қалиханұлы алғаш рет сезімін білдіріп, оған гүл сыйлайды. Осы бір шынайы қадам  үлкен өмірге бастар жолға айналды.

1998 жылы екеуі отау құрып, отбасын құрады. Қазір олардың шаңырағы – балалы-шағалы, бақытты отбасы. Жуырда ғана тұңғыштары шаңырақ көтеріп, келін түсірді. Технология табыстырған тағдыр – бүгінде тәрбиелі ұрпақ өсіріп отырған өнегелі шаңыраққа айналған.

Ұрпаққа үлгі, жастарға бағдар

Асланбек Мәукенов қазіргі таңда басқа салада еңбек етсе де, ІТ саласынан қол үзген жоқ. Көпшілік біле бермейтін, бірақ ел мүддесі үшін маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Ал Майра – журналистиканың бел ортасында. Әрбір мақаласы – қоғамның тамырын басқан дәл диагноз.

  Редакция – тек мақалалар мен жаңалықтар фабрикасы емес. Бұл кейде тағдырлардың тоғысатын, армандардың өрбитін, өмірлік жолдардың бастау алатын қасиетті шаңырағы. Майра мен Асланбектің хикаясы – соның бір дәлелі.

***

Журналистикадағы жарасымды жұп

«Мен журналистика саласына көшеден келдім. Иә, бұл тура мағынасында айтылған сөз. Редакция есігін өзім аштым. Ал ішіндегі әлем – мен күткендей суық емес, жылы көрінді. Ондағы қызметкерлер адамға жылыұшырай қарайды екен. Соның бірі – Мұрат еді» дейді кезекті кейіпкеріміз – облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің арнаулы тілшісі Алма Тұрған.

…Атырау. 1999 жыл. Қаланың көшелерімен емес, қара балшығымен есте қалған жылдар. Қар еріп, жаңбыр жауса – қаланың шетінде тұратын халықтың есі шығатын. Жұмыс жоқ. Үміт те селдір. Жоғары білімді инженер Алма Тұрған да сол жылдары көп жұмыссыздың бірі болатын. Зауытта біраз істеп көрді. Болмады. Одан кейін базар. Ол да жанға жайлылық сыйламады.

– Бір күні құрбымның кәсіпкер танысы жаңадан газет ашыпты. Хатшы керек екен. Құрбымның ұсынысымен бардым. Ол кезде журналистік тәжірибе түгілі, редакцияның ішіне кіріп көрмегенмін. Бір күні басшымыз «кім не жаза алады, жазыңдаршы» деді. Журналистер жиналмай жатыр екен. Сол кезде қаланың қара балшығы кім-кімнің де жүйкесін тоздырып, тілін қышытып жүргені рас. Осы тақырыпты қаузап, қалам тербеп көрдім.  Жаныммен сездім, жүрегіммен жаздым,-дейді Алма Текебайқызы.

Алманың жазғандары шағын, өмірден алынған әңгіме секілді еді. Қаладағы тұрмыстық түйткілдер, тұрғындардың алғашқы күйі, қарапайым шындық. Көп ұзамай басшы да жоғары бағалап,  жылы сөздерімен шабыттандыра түседі. Жазды. Оқырманын тапты. Бірақ газет – жарты жылда жабылды. Алма Тұрған тағы жұмыссыз қалды.

Базарға қайтып барғым келмеді. «Выхода нет» деп, бір күні батыл шешім қабылдадым…-дейді ол.

«Коммунаға» апарар жол

«Атыраудың беделді газеттерінің бірі – «Прикаспийская коммуна». Қарапайым тілші түгілі, тәжірибелі маманның өзі батпайтын басылым. Оның ішкі мәдениеті, редакциялық тәртібі де ерекше».

 Бұл сол кездегі Алманың ішкі ойы еді. Сол себепті де болар, ол жерге бірден бара алмады. Алдымен «Ақ Жайық» газетіне бет алды. Материалын апарды. Оқып шыққан редактор Сабыр Қайырханов қысқа ғана «Сен жазуға қабілеттісің. Бірақ бізге жетекші журналист керек. Сен «Прикаспийская коммунаға» барып көр» деп кеңес беріп, жол көрсетеді.  Белгілі журналистің бірауыз  сөзі Алмаға жігер береді. Ол «Коммунаға» жұмысқа орналасты. Шартты түрде, келісімшартпен қабылданды. Сол күні редакция басшылары ішке кіріп:

– Мұрат Сұлтанғалиев пен Тимур Қазиев, Алмаға көмектесіңдер,-дейді.

Жол бастаған жолдас

Алма Тұрған сол сәтті өмірінің жаңа парағын ашқан сәтке санайды.

Иә, алғашқыда аталған азулы қос журналистің мысы басқандай болды. Оның үстіне мен бұрын-соңды журналистикада істемеген жанмын. Іштей қысылып отыратынмын. Бірақ олар өте қарапайым адамдар болып шықты. Мұрат – «Ақ Жайықта» істеген аты шыққан журналист. Маған қалай сұхбат алу керек, сұрақ қою әдебін, тіпті үнсіз қалудың маңызын үйретті. Бұл салада әңгіме айту емес, тыңдай білу басты қасиет екенін содан білдім. Маған бағыт берді. Үстемсіген кезі жоқ. Үш айдан соң мені штатқа қабылдады. Содан кейін  бұл саладағы тағдырым нақты қалыптаса бастады,-дейді Алма.

Сол күндерден бастап Алма газет редакциясының ішкі тынысын, тіл мен стильдің мәнін, тақырып пен мәтіннің салмағын түсіне бастады. Ол алғашында жазу техникасын емес, өмірдің өзін жазатын. Ал Мұрат соған әдеби өң беруді, журналистік этиканы, кәсіби тынысты қосты.

Бір үйде – екі газет, екі көзқарас

Уақыт өте келе кәсіби әріптестік жеке қарым-қатынасқа ұласты. Олар бір-бірін сырттай ғана емес, іштей де түсіне бастады. Кейін Мұрат «Ақжайығына» қайта оралады. Көп ұзамай үйленді. Бірақ қызығы – бір шаңырақта тұрса да, екі бөлек медиада еңбек етті. Кәсіби өмірде екі арнамен жүрді. Мұрат Сұлтанғалиев – «Ақ Жайықта», Алма Текебайқызы – «Коммунада».

– Шынын айтсам, екеуміз бір жиында қатар отырып, бір оқиғаны екеуміз екі түрлі ракурстан жазатынбыз. Көзқарасымыз бірдей болмауы мүмкін, бірақ мақсатымыз бір еді. Яғни шындықты жазу болатын. Біз бір-біріміздің мақаламызды газетке шыққаннан кейін ғана оқитынбыз. Себебі әр редакцияның саясаты бөлек. Ақпарат сыртқа шықпауы қажет. Бір-біріміздің жазғанымызға араласпайтынбыз. Бірақ қоғамдағы жағдайға қатысты пікірлесіп, пікір таластырып отырамыз. Бұл бізді кәсіби тұрғыда да ұштастырып тұрады,-дейді Алма.

Махаббат пен миссия

Мұрат пен Алма  – «журналистикада жүріп табысқан» жұптың әдемі мысалы ғана емес, олар – бұл мамандықты өмір салтына айналдырған, қоғам алдындағы жауапкершілікті бірінші орынға қойған екі тұлға. Екеуінің одағын махаббат та, миссия да біріктірді.

Мұрат Сұлтанғалиев сөзге сараң. Бірақ сөзі мықты. Ал Алма Тұрған – шынайы өмірді шебер тілмен жеткізетін қаламгер. Қалада қара балшық кешкен күндерден бастап, газет бетінде саяси шолу жасап отырған сәтке дейінгі жол – өмірдің өзінен туған оқиға.

***

Өмір – газет беті секілді

Келесі кейіпкерлеріміз – «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Надежда Шильман-Тулина мен Павел Тулин.

  Надежда мен Павелдің таныстығы 2004 жылы дәл осы газет редакциясында басталған. Павел сол жылы бет құрушы болып келсе, Надежда университет бітіріп, жарты жыл бұрын ғана тілші болып қызметке тұрған. Алғашқы сұхбат, мәтін жөнінде кәсіби пікір алмасу бірте-бірте терең түсіністік пен жан жылуына ұласады. Редакцияда бірге түнімен жұмыс істеген сәттер, бір-біріне демеу болған шақтар екеуінің жүрегін жақындата түсті.

 – Біз Павел екеуміз өмірлік тәжірибеде де, шығармашылық тұрғыдан да бірге өстік. Алғашқы бас редакторымыз Виктор Шигаев бізге еркіндік беріп, жаңа идеяларымызды қолдады. Бұл бізге үлкен серпін болды,-деп еске алады Надежда.

  Сезімдерін уақыт сынына салып, бес жылдан кейін ғана отбасын құрған жұптың бүгінге дейінгі жарасымды ғұмырына 15 жыл толып отыр. Бұл күн редакция үшін де үлкен оқиға болған. Себебі сүйікті газет қабырғасында екі әріптестің бас қосуы – үлкен қуаныш.

 – Декреттік демалыста болған кезімде Павел кәсіби тұрғыдан өсті. Газеттің сол кездегі бас редакторы Ринат Құлмағамбетовтың қолдауымен ол жауапты хатшы қызметіне дейін көтерілді. Ал мен декреттен кейін газет редакциясының қоғам мен саясат бөлімінің меңгерушісі атандым. Ол – бұрынғы бас редактор Нәсіп Шалабаеваның қолдауымен жүзеге асты,-дейді Надежда Шильман.

  Уақыт өте Павел жаңа бағыттарға бет бұрып, бүгінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің медиаорталығында жұмыс істейді. Ол оқу орнының газетінің беттелуін қамтамасыз етіп қана қоймай, ғылыми конференцияларға арналған брошюралар мен кітаптарды да әзірлейді. Дегенмен Павел «Прикаспийская коммунамен» байланысын үзген емес.

  – Ол кейде бізге дизайн бойынша кеңес беріп тұрады. Мысалы, газетіміздің 105 жылдығына арналған логотипті Павел ойлап тапты. Яғни ол әлі де – біздің ортамыздың бір мүшесі. Екі әріптестің бір-бірін дәл осы ұжымда тауып, өмірлік серікке айналуы – бұл сирек кездесетін, бірақ аса жылы оқиға. Біздің редакцияда танысып, жұптасып, отбасын құрғандар жетерлік..,- дейді «прикомдықтар».

–  Кейде «егер мен басқа жерге жұмысқа орналасқанымда не болар еді? Павел де бұл редакцияға келмесе, тағдырымыз қалай өрілер еді?» деп ойға қаламын. Бірақ тағдыр таңдауды дәл осы жерден жазыпты, — дейді Надя.

БАҚ олар үшін тек кәсіп емес, өмірлік жолдас сыйлаған бақыт мекені болды.

Журналистика мен баспа ісінің қос майталманы бір шаңырақтың астында ғана емес, бір идеяның, бір шығармашылықтың да серігі. Олардың үйлесімі – кәсіби шеберлік пен адами сыйластықтың айнасы. Қиын сәттерде бір-біріне тірек бола білген бұл қос жүрек бүгінде жас мамандарға да үлгі, редакция ішіндегі шынайы махаббаттың символына айналған.

Шынында өмір – газет беті секілді. Әр күнді өз қолыңмен сәндеп, мағыналы мазмұнмен толтыру – нағыз өнер. Бұл өнерді олар бірге меңгерді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button