Баптай білсең – жер жомарт
Бүгінде газет-журналдар мен телеарналарда Жер кодексінің нормаларына қатысты саясаткерлердің, сала мамандарының, қарапайым шаруалардың пікірлері көптеп жариялануда.
Мен де елімнің перзенті ретінде болып жатқан әңгімеге немқұрайлы қарай алмаймын. Өз басым жерді шаруаларымызға жалға беріп, айналысқа түсіруді қолдаймын. Шаруа баққан адамның тіршілігі сол жерге байланысты. Оны орынсыз тоздырмауға, малды жиі аударып жайып, тыңайтып ұстауға тырысады. Жерді жалға не иелігіне алған әрбір шаруаның алқапқа ерекше күтіммен қарайтынына сенімдімін. Сондықтан, ауыл шаруашылығы жерлерін шаруа қожалықтарына жалға молырақ беруден қорықпағанымыз абзал. Жер айналысқа көбірек қосылса, мал, астық өнімдері де молаятыны даусыз. Мен алапат аштықтың кезінде туып, аман қалған ұрпақпын.
«Қарны тойып, нан жеген адамда арман бар ма екен?» деп ойлаған кездеріміз көп болды. Жер-Ананың қадірін жақсы білемін. Сондықтан да, ата-бабадан қалған байлық бос жатпауы тиіс. Жер игеріле түскен сайын қоғамға пайда әкеліп, табыс молаяды. Дана халқымыз «Аққу-құссыз көл жетім, иесі жоқ жер жетім» деген емес пе?..
Нұр-Мұхаммед ЕСЕНӘЛІҰЛЫ,ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері
Жылыой ауданы.