Балықшының базынасын кім тыңдайды?
Атырау өңірі «қара алтынымен» ғана емес, балығы тайдай тулаған «су маржанымен» де танымал. Бір кездері балықшы шағынауданындағы Консерв комбинаты бүкіл елді балық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, мұнайдан кейінгі байлығымыз аймақ дамуына айтарлықтай үлес қосты. Алайда, қазір сол аты дүркіреген Балықшының жұрнағы да қалған жоқ. Аталған ықшамауданның басынан бағы тайды. Бүгінде тұрғындардың бір ғана тілегі бар: ол – демалыс паркін салу.
– Балықшы кенті еліміз егемендік алып, жекешелендіру науқаны басталған кезден жетімнің күйін кешті. Мұндағы 6 балабақша, «Чайка» кинотеатры, стадион, бес мың адам еңбек еткен «Атыраубалық» бірлестігінің қазір үңірейген орны ғана қалды. Десек те, осы шағынауданда бүгінде мыңдаған отбасы өмір сүріп жатыр. Сол себепті, жұртшылықтың тұрмысы жайлы болуы үшін бірнеше мәселеге көңіл аудару керек, -деген Балықшы аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Юсупов кезек күттірмес проблемаларды ортаға салды.
– Алдымен, Балықшы шағынауданына кірме жолдағы бұрынғы жатақхана, «Межколхозстройдың», «Шамшырақ» балабақшасы және қаланың келбетін бұзған басқа ескі ғимараттарды құлату немесе ретке келтіру қажет. Қожақаев көшесінің шұрық-тесік жолдарын жөндеу керек. Сондай-ақ, осы көшенің бойымен №12 немесе №2 автобус маршруттарының бірін жүргізген жөн. Өйткені, бұл жолдың ар жағында бірнеше мың тұрғын бар. Бүгінде осы аумақта тұратын балалар, ардагерлер соңғы аялдамаға немесе Құнанбаев көшесіне жету үшін шамамен бір шақырымдай жаяу жүрулері керек. Жаяу жүргіншілер жолы болмағандықтан, бұл жағдай жұртшылыққа келеңсіздік туғызып отырған жайы бар. Ал, жаңбырлы күндері мәдениет үйі мен стадионға барудың өзі мұң. Себебі, алдына асфальт төселмеген, автотұрақ мүлде жоқ. Жалпы, осындай мәдениет орындарына баратын ұзындығы 200-300 метр болатын жаяу жүргіншілер жолды жөндеуді соңғы бес жыл бойы көтеріп келемін. Алайда, жабулы қазан сол күйінде қалуда, — деген Батырбек Дамбасұлы тағы бір кезек күттірмейтін мәселені атап айтты.
Биыл еліміздің тамақ өнеркәсібінің алғашқы қарлығашы болған балық консерві комбинатына – 90 жыл. Осынау датаны өз деңгейінде атап өту, осы салада 60 жыл табан аудармастан еңбек еткен Айнаш Байжігітоваға ескерткіш қою жайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Балықшы шағынауданының тұрғындары осы проблемаларды Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауимен кездесу барысында да көтерген болатын. Былтыр құрылысы басталған Балықшы шағынауданы мен Құрсай ауылындағы Арычный көшесіне асфальт төсеу жұмыстары биыл жалғасын тауып, толықтай аяқталатынын айтқан қала әкімі шағынаудандағы А.Құнанбаев көшесін орташа жөндеуден өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ, ол ойын алаңдарының құрылысына қатысты арнайы тоқталды.
– Атырау қаласындағы «100 ауланы» абаттандыру жобасы аясында өткен жылы құрылысы басталған А.Құнанбаев көшесі 15, 15а, 13, 30, 30а, Водник ауылы 31, 33, 35 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жұмыстары биыл жалғасады. Бұдан бөлек, Қалмұқанов көшесі 3 үй, Әшенов көшесі 2 үй, Құнанбаев көшесі 20, 22, 25, 28, 28а, 44 тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру жоспарланып отыр. Жалпы, жоба шеңберінде балалар ойын алаңы, спорттық алаңдар және футбол алаңы, тас жол төсеу, заманауи жарық шамдар орнату және тағы да басқа жұмыстар қарастырылған, — деді Мейірім Жоламанұлы.
Ал, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл Балықшы шағынауданының 7 көшесіне, «Толқын» ықшамауданындағы 3 көшеге, Водников ауылындағы 8 көшеге, Водников-2 ауылындағы 10 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары жоспарланып отырғаны белгілі болды.
– Балықшы аумағындағы ең үлкен проблемалардың бірі – Бейбітшілік және Қожақаев көшесінде орналасқан ескі үйлердің жағдайы. Өкінішке қарай, тұрғындар қиын жағдайда өмір сүріп жатқанын білемін. Үйлердің құлау қаупі бар. Осыған байланысты, әкімдік тарапынан реновация бағдарламасын жүзеге асырып, алғашқы жұмыстарын жүргіздік. Жасыратыны жоқ, осы үйлерге қызығып отырған кәсіпкерлер жоқ болып тұр. Себебі, бұл аумақтағы коммуникация жүйелері ескірген. Осыған байланысты оларды ауыстыру жөнінде жоспарымыз бар. Жақын арада аталған үйлердің тұрғындарымен кездесемін. Өзекті мәселелердің бірі – Водников ауылында мектептің жоқтығы. Балалардың көбі Құнанбаев және Ломоносов мектебіне келіп оқиды. Сондықтан, биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1200 орындық орта мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Балықшы шағынауданындағы А.Құнанбаев атындағы орта мектептің спорт алаңының құрылысы қайтадан жанданатын болады, — деді қала әкімі.
Кездесу кезінде шаһар басшысы белгілі балықшы Айнаш Байжігітоваға бюст қою мәселесіне қатысты 2028 жылға дейін бюджет есебінен ескерткіш орнатуға рұқсат берілмейтінін атап өтті. Ал, бұл бастамаға кооперативтер демеушілік танытса, қалалық әкімдік қолдайтынын жеткізді.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ