Жарнама
Қоғам

БАЛЫҚШЫДАН БЕРЛИНГЕ ДЕЙІНГІ ЖОЛ

Ол 1919 жылы қазіргі Балықшы ауданы, Еркінқала ауыл кеңесінде дүниеге келді. Бастауыш орта мектебін бітіріп, Балықшы колхозында теңізде балықшы болып еңбек жолын бастады. Солай қарбалас тірлікпен өтіп жатқан өмір әп сәтте өзгерді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанкешті соғыстың басталуына байланысты, әскер қатарына 1942 жылы алынды.

Сұрапыл майдан шебінде 1943 жылы 6-шы тамызда сол аяғынан жараланып, емделген соң өз әскери бөлімінде 206-ракеталық атқыштар  дивизионында  ұрысқа қайта араласып, минометші  міндетін атқарады. Отан алдындағы борышын абыроймен орындайды. Оған анық дәлел, соғыс кезінде ерлігі мен табандылығы үшін бірнеше мәрте СССР ордендерімен, медальдарымен марапатталды. Соның ішінде Жоғарғы Бас қолбасшы, Совет Одағының Маршалы И.В.Сталиннен 15.04.1944 жылы Тернопль қаласын, 10.01.1945 жылы Краков қаласын, 08.05.1945 жылы Дрезден қаласын азат еткені үшін алғыс хатын алды. Сонымен қатар «За Победу над Германией», «За освобождение Праги», «За боевые заслуги», «За отвагу» медальдарымен марапатталған.

Ұлы Жеңісті қарсы алып, Москвада Жеңіс шеруіне қатысып, соғыс аяқталғаннан кейін тағы бір жыл Польшада әскери міндетін аяқтап, 1946 жылы ғана елге жеңіспен оралды. 1946-1947 жылдар аралығында Сарайшық ауылшаруашылық мектебін бітіріп, еңбек жолын жалғастырды. 1948 жылы Әбілғазиева Рыстымен отау құрып, отбасылық өмірге қадам басты. Көп көрген қиындықтың өтеуіндей болып бір жылдан кейін өмірге тұңғышы Сара келді. Одан кейін Нұғыман, Орынтай, Нұрболат есімді сәбилермен шаңырағы толысты. Бұл соғыстан аман қайтқан сарбаздың бақытты әкеге айналған сәті. Қазір осы ұл-қыздарының барлығы бір-бір шаңырақ иелері.

1948-1950 жылдары Орал қаласындағы колхоз төрағаларын дайындайтын орта дәрежелі ауылшаруашылық мектебіне түсіп, оның толық курсын агрономдық  мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сөйтіп 1953 жылдан бастап Балықшы ауданы «Теңдік көкөніс сүт» совхозында агроном-бригадир болып қызмет етті. Өз ісіне ерекше ықылас-ниетпен адал еңбек еткен адамның ғана ел арасында мерейі үстем болады. Сол қызметте жүріп, қажырлы қайраты мен білікті басшылығының арқасында көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Иә, ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс. Себебі, олардың өнегелі өмір жолдары болашақ ұрпақ үшін қажет.

Өнербек ДАУЛЕКЕНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button