БАЛДЫРҒАННЫҢ БАЗАРЛЫ ЖАЗЫ

Атыраулық 360 бала Железноводскіде демалуда

Облыстық білім беру басқармасы Ресей Федерациясының Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан геологы» емдеу-сауықтыру пансионатындағы балалар лагерінің жазғы маусымын ашып, халықаралық балалар күніне тамаша сый жасады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес біз де пансионатпен танысуға мүмкіндік алдық.

Биыл пансионатқа лагерь жетекшісі Бибігүл Жолдиева бастап, төрт тәрбиеші мен үш тәлімгер қостаған аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінен 46 бала аттанды. Оның 27-сі Қызылқоға ауданынан, қалғаны қаладан. Бұрын лагерь тәлімгері деген болмаған, биыл алғаш рет Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері осылайша оқу іс-тәжірибесінен өтпек. – Биыл Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйіндегі 72 тәрбиеленушінің үшеуі Италияда, 46-сы Ресейде, ал қалғаны «Тұлпарда» демалмақ, – дейді балалар үйінің басшысы Сәния Мусиева. 

Жол  тауға  апарады…

Темір жолмен жүйткіген пойызда тәуліктің алғашқы  жартысын, ал қара жолмен зулаған автобуста екінші жартысын өткіздік. Отыз жыл бойы бала тасымалдаған автобус жүргізушілерінің жауапкершілігіне ешкім күмән келтірмейді. «Жол бойындағы МАИ қызметкерлеріне алдын ала демалушы балалардың тізімі беріліп қояды, соның арқасында экскурсия кезінде де бөгетсіз қозғала береміз. Ал, кешкі сағат оннан кейін бала тасымалдауға Ресейде  тыйым салынған» дейді олар. Сөйтіп, Астраханнан Бештауға дейінгі 700 шақырым жерді еңсеріп, Иноземцово селосына да жеттік. Бұрын әр бала көші-қон бөлімінен тіркеуден өтіп келсе, қазір Кедендік одақ екі ел арасына кедергісіз жол ашты. Құжат тексеру барысы да біраз жеңілдеді.

Мың шақырымды артқа тастасақ та, сапардың ұзақтығына еш қиналмадық. Тылсым табиғаттың таза ауасы мен биіктен бой көтерген Бештау мен Машук тауларының көрінісіне қайран қалмай көріңіз! Алты гектар жерге құлаш жайған лагерь аумағында екі қабатты он үш үй орналасқан.

Таңсәрідегі жаттығудан жазғы демалыстың алғашқы күні де басталды. Содан кейін өн бойыңа қасиетті судың шипасы тарап, кеудең бір жасап қалады. Мұндағы бұлақ суының шипалылығы өзге жерге қарағанда анағұрлым жоғары. Жазғы жүзу бассейні, теннис пен бильярд бөлмелері, кинозал, үлкен футбол, волейбол, баскетбол және би алаңдары – бәрі де балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған.

Тарихқа көз жүгіртсек, елу жыл бойы атыраулық балалардың арманын орындап келе жатқан «Қазақстан геологының» негізін қалаған – Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының сол кездегі геология министрі Халел Өзбекқалиев екен. Демалыс орны 2000 жылы толықтай Атырау облыстық әкімдігінің құзыретіне кірген болатын. Пансионатқа Матвей Каломиниди соңғы он үш жылдан бері басшылық етіп келеді. – Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен автобустар мен шаруашылық көліктері жаңартылып, пансионат қажеттіліктері толықтай өтеліп келеді. Бұл үшін аймақ басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.

 

Лагерь  есігі –

жыл  бойы  ашық!

Ертесіне, «Болашақ» және «Шаг вперед!» топтарына бөлініп алған балалар қаз-қатар тізіліп, лагерьдің ашылу салтанатына жиналды. Бауырлас қос мемлекеттің тулары көтеріліп, гимндері шырқалды. Осы жерде Қазақ елінің Гимнін жүрегіне қол қоя орындаған атыраулық балалардың ресейліктерді ерекше қызықтыратынын байқадық. Ал, алғаш рет Ресей, Беларусь және Қазақстан елдері арасында өткен «Источник вдохновения» атты халықаралық байқауда Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының шәкірттері Бас жүлдені жеңіп алды.

– Бұрын лагерь тек жазғы маусымда ғана есігін айқара ашатын. Былтыр алғаш рет күзгі демалыста 72 баланы қабылдадық. Биылғы қаңтарда 56, ақпанда 55, наурызда 56, сәуірде 70 және мамырда 76 бала демалды. Енді осы жазда барлығы 460, ал жыл бойына 1440 бала демалуы керек. Одан басқа, Жаңаөзен, Ақтау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Орал, Қызылорда қалаларынан да балалар қамтылады, – дейді пансионат басшысының қаржы жөніндегі орынбасары Амангелді Үмбеталиев.

Жуырда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пансионатқа УФО – жарықпен емдеу құрылғысын алып беріп, тамаша сый жасапты. Мұнда спорт және мәдени-сауықтыру шараларының кестесі тығыз құрылған.

– Әрине, бой сергітіп, демалған жақсы ғой, бірақ салауатты өмір салты мен қауіпсіздік шараларын да ұмытпаған жөн. Айталық, жазғы бассейндегі су температурасы 30 градустан төмен болмауы тиіс. Балалар денсаулығын жақсарту мақсатында ароматерапия, оттегімен тыныстау, ингаляция, балшықпен емдеу секілді бірқатар медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Таулы аймақ болған соң, қан қысымы да уақытымен өлшеніп отырады, – дейді қаладағы №1 емхананың балалар дәрігері Роза Елеусінова.

Барлығы 224 бала мен 100 ересек орынға есептелген асханада он күнге ас мәзірі жасалады. «Бұл жердің ауасы таза, климаты ерекше. Сондықтан, балалар әртүрлі диеталық және табиғи өнімділігі жоғары тағамдармен бес мезгіл тамақтанады» дейді қырық жыл қызмет етіп келе жатқан асхана меңгерушісі Людмила Алексеевна.

Тарихтың

тылсым  ізімен…

Келесі күні балалар көршілес Пятигорск қаласына барып, атақты орыс ақыны Лермонтов болған тарихи жерді тамашалады. Бұл жерде орыстардан өзге грек, армян, кавказ, карачай, балкар секілді көптеген ұлттың өкілдері тұрады. Бар болғаны он екі шақырым жерде әйгілі Эльбрус шыңы «менмұндалайды». Қалаларды жағалай түрлі зауыт пен фабрикалар, кәсіпорын мен өндіріс ошақтары жайғасқан. Тек Минводы қаласында ғана әуежайдан басқа нысан жоқ. Демалушылар Железноводск қаласындағы қалың орманды да аралап, алыстан көз тартар сұлу қалада да саяхаттады. Тау ортасындағы ыстық көлді көзбен көрді. Одан әрі Кисловодскіде цирк думаны мен таңғажайып дельфинарияны қызықтады. Керек десеңіз, мұнда жаяу да, атпен де экскурсия жасауға болады.

Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің мектепке дейінгі бөлім тәрбиешісі Бибігүл Жұмағазиева Бештау баурайында үш пен жеті жас аралығындағы 11 балғынның алаңсыз демалып жатқанын айтады.

– Балалар балмұздақ іздеп қала кезбеуі үшін, лагерьде дүңгіршек жұмыс жасайды. Кітап оқып, сауат ашамын деушілер кітапханаға келе алады, – дейді панисонаттағы кадр бөлімінің инспекторы Сәния Қонысқызы.

Қаладағы №19 мектептің 9-сынып оқушысы Ерсұлтан Урбаев бұл жерде тоғызыншы мәрте демалуда. «Жазғы демалыстың жиырма бір күні мұнда қас-қағым сәтте өте шығады. Мен Украина, Евпатория қалаларында болдым, бірақ Кавказ жері тамаша табиғатымен, тылсым тарихымен ерекше» дейді ол. Көкшетау мен Ақтөбеде тыныққан №1 мектеп-гимназия оқушысы Таңғашық Бексұлтан да Бештаудың бай табиғатына баға жетпейтінін айтады.

Айта кету керек, балалардың хал-жағдайын білгісі келетін ата-аналар дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері 8 (7932) 5-50-25 телефон нөмірі арқылы байланыса алады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Атырау – Пятигорск – Железноводск – Атырау.

Суреттерді түсірген автор.р.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз