Жарнама
Қоғам

Баланың сұранысы өтеліп тұр ма?

Ұрпақ тәрбиесі сөз болғанда, әуелі ойымызға балалар басылымы оралады. Бүгінде газет не журнал оқып отырған балдырғанды тым сирек көреміз. Күні бойы ұялы телефонға телмірген бала еркін ойнауды да ұмыта бастағандай. Мұның себебін тап басып, нақты жауап айту қиын – балалар басылымына жарнаманың жеткіліксіздігінен бе, әлде ғаламтордың жүйріктігі ме? Ал, қазақша шығатын балалар басылымының бүгінгі халі жұртшылыққа бесенеден белгілі.

Жер жүзіндегі өркениетті мемлекет жеткіншектердің тәрбиесіне баса назар аударады. Өйткені оларда бүгінгі бала ертеңгі болашақ екеніне жіті түсінік қалыптасқан. Ал, бізде балалар контенті, балалар басылымы кенжелеп қалған сала екені жасырын емес. Бұл саланың дамуы балалардың таным көкжиегінің өрістеуіне ықпал болатынын және бұған ата-анамен қатар өкімет те араласуы керектігі әлдеқашан дәлелденген. Бұған дейін біз газетіміздің әр санында баланың тілі неге кеш шығатынын, ой өрісінің дамуында ауытқудың неден болатынын мамандар пікірін негізге алып, жазып келеміз. Бұған негізгі себептердің бірі ретінде мерзімді басылымды оқымаған баланың ой дамуы тежеліп, тілінің кеш шығатынына нақты мысалдар келтіре отырып тоқталдық.

Мамандардың зерттеуінше, әлемде бүлдіршіндер күніне 30 пайыз уақытын теледидар алдында өткізеді екен. Ал қазір теледидарды смартфон алмастырып алды. Баланың шуынан басы ауырған ата-ана ойланбастан қолына ұялы телефон ұстата салады. Демек бұған бірден-бір себепші – ата-ананың өзі. Шетелдік авторы бізге беймәлім, тілі де түсініксіз түрлі бейнероликті балаға қорықпай ұсынуымыз қазақша контенттің аздығын көрсетеді. Ал, қазақ тілді басылымдар балалар контентінде балалар сұранысын өтей алып жүр ме?

Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінің бас редакторы Жадыра Нармахановамен әңгіме өрбітуімізге де осы жайттар себепші болды.

Кінә кімнен?

– Баланы оқыту – ата-анаға да, мұғалімге де, мемлекетке де ортақ маңызды мәселе. Егер таңдауды баланың еркіне беріп, соның ғана тілегін орындасақ, онда оған мектепке бармай, смартфонда TikTok, Instagram қарап жата беруіне толық жағдай жасағанымыз. Ал газет-журнал, көркем әдебиет оқу мәселесі орта білім алу сияқты міндетті әрі өзекті болуы шарт. Алайда, оған мән беріп жатқандар аз секілді. Әсіресе, «Ұлан» газетін оқитын жастағы балалардың мәселесі қиын. Өйткені, олар біздің басылымды орта сыныптан бастап оқиды. Қазір ол жастағылар «қараусыз» өсіп жатыр. Мәселен, бала бірінші сыныпқа барғанда, ата-ана оның жазуына, әріп үйренуіне көмектесіп, баламен жұмыс істеуі тиіс. Алайда, ұл-қызына «оқысаң, өзің үшін» дегендей, бүкіл мәселесін мұғалімге арта салған. ІХ-Х сыныпқа келгенде ғана қарбалас тірлікке кіріседі. Өйткені, «ҰБТ-ға дайындалып, жақсы балл жинау керек». Бала енді не істеу керек екенін білмейді. Бұл – ата-ананың басты қателігі. Егер ата-ана мен мұғалім баланың жасына сай контент жасайтын басылымның бар екенін айтпаса, оны жаздырып әпермесе, бала оны қайдан біледі?! Сондықтан, өрендердің газет-журнал оқымауы басылымдар жөнінде ұғымның болмауынан деп ойлаймын. Балалар басылымының оқырманы мектеп оқушылары болғандықтан, мектептермен тікелей жұмыс жасалуы тиіс. Бірақ, мектепте газет-журналға жазылу үшін үгіт-насихат жүргізуге жағдай жасалмаған. Кейбір директорлар келгендерді есігінен де қаратпайды. Ата-аналар да әртүрлі. «Менің балама газет-журналдың қажеті жоқ, бәрі интернетте тұр ғой» дейтіндерді де көріп жүрміз. Интернеттегі ақпараттың бәрі баланың жасына сай екенін кім зерттепті? Мүмкін, балаңыз айтуға адамның аузы бармайтын сайттарды қарап отырған шығар немесе түрлі діни ағымдарға насихаттайтын сайттардың оқырманы болар. Ол жағын ешкім ойлап жатқан жоқ, — дейді Жадыра Аймаханқызы.

Ақиқатына келсек, кезінде халқымызда «бала би» атанған от ауызды, орақ тілді шешен өрендер болған. Ал, қазір баланың тілі уақытында шықса сол бақыт болып тұр. «Үш жасқа толған баланың тілі анық шықпаса, дабыл қағу керек» дейді мамандар. Қазір сәбиінің сөйлей алмауын еркелікке санап, «ұл баланың тілі кеш шығады» деп, өзін-өзі жұбатып жүрген ата-аналар көп. Әрине, смартфонның бала тілінің кеш шығуына кеселі зор. Егер пайдалы бейнежазбаларды ата-анасының қадағалауымен қараса, дамуына септігін тигізер еді. Бірақ, баланы үнемі бақылап отыруға ата-ананың уақыты бола бермейтіні де рас. Ғаламтордағы мультфильмді де елеп-екшеп қараған абзал. Себебі, сөйлемейтін, эмоция арқылы берілетін бейнелер бала тілінің шығуын тежейді. Жүйкесіне кесірін тигізіп, ашуланшақ, беймаза болуы да сондықтан.

Бақылау керек…

– Иә, баланың тілі кеш шығуы немесе өзге тілде шығуы – бізге келетін ата-аналардың басты мәселесі. Сондықтан маман ретінде кеңесім – баланың ғаламтордан қандай контент көретінін бақылаған дұрыс. Лажы келсе оны газет-журнал немесе кітаппен алмастырған абзал. Тілі шықпаған немесе әріп танымайтын баланың көзінше ата-ана газет-журналды көп оқып, назарын аудартуы керек. Суреттерді көрсетіп, қызығушылығын оятқаны дұрыс. Бір жасқа дейін гуілдеп, былдырлаған сәби екі жастан асқан соң жекелеген сөздерді айта білуі тиіс. Олай болмаса, невропатологтан кеңес алып, логопедке апарған жөн. Қазір осындай проблемамен келетін ата-аналар көбейіп барады. Маманның айтқанын бұлжытпай орындап, жаттығуларды қалдырмай жасаса, тілдің шығу ықтималдығы артады, — дейді тәжірибелі логопед Айсана Бакарова.

Ата-ананың айнасы

Атырау қаласында тұратын көп балалы ана Лаура отағасы екеуі бала тәрбиесіне ерекше екпін береді екен. Балалары жасқа толғаннан бастап екеуі кезектесіп, ертегі, жыр-дастандарды оқып беруді әдетке айналдырған. Ал, балалар мектепке барған сәтте әрі қарай өздері қызығушылықпен оқып кетеді. Тіпті, ұйықтар алдында үнемі оларға ертегі айту дәстүрі де еш бұзылмапты.

– «Баланы – жастан» демекші, кішкентайынан қалай үйретсең, солай өседі ғой. Мұны түсінген балалар кешкісін «бүгін қандай ертегі оқимыз?» деп сұрайды. Осыған қарап-ақ оларға ертегі тыңдау, бірге оқу ұнайтынын түсіндік. Балаларға арналған кітаптарды таңдап жүріп, ең жақсысын алуға тырысамыз. Байқағанымыз, кейбір қазақша ертегілердің тілі балаларға тым ауыр екен. Күрделі жазылған сөздерді балаға түсінікті сөзбен алмастырып ұғындыратын кездер де болады. Сондықтан балалар контентімен жұмыс жасайтын жандар мұны ескерсе дейміз. Кітаптың сыртқы мұқабасы да баланың қызығушылығын оятады. Бес баламыздың әрқайсысының талғамымен санасқанды жөн санаймыз. Сондықтан ертегі кітаптарын олардың ерекшеліктеріне қарай отырып, таңдаймыз. Ал, бәріне ортақ бір ертегіні оқып берсек, өзара бауырмалдық қасиет те, бірлік те нығая түсетіні аңғарылады. Сол себепті ата-ана – бала үшін айна іспетті, газет, журнал, кітапқа деген қызығушылықты өздері оятуы шарт, — дейді Лаура Қарасаева.

Бала айтқанды емес, көргенді істейтінін ескерсек, әр үйде бір адам күнделікті газет-журнал немесе кітап оқып отырса, қызығушылығы мен ынтасы артары анық. Отбасы тәрбиесінде осы мәселе айқын аңғарылуы шарт.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button