«Балаң ерекше болса қайтейін?!»

ba 2 Қоғам

Арбаға таңылған мүгедек жан қала орталығындағы нысандардың біріне кіре алмай әлек. Арбасының дөңгелегін әрі-бері тартып, қанша ұмтылғанымен ақыры діттеген жеріне жете алмады. Өйткені, мұндағы пандус мүмкіндігі шектеулі жанның кіріп-шығуына мүлдем ыңғайсыз еді. Жан-жағына жалтақтап қарағанымен айналада сол сәтте қолұшын созар бірде-бір адам табыла қоймады. Көңілі жабырқаулы жан артқа шегініп, келген жолымен кері кете барды…

Бұл «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлермен кездесуде көрсетілген бейнероликтегі көрініс. Қол-аяғы сау адам үшін кез-келген нысанға кіріп-шығу қиындық тудырмасы анық. Ал, мүгедектігі бар жан үшін бұл расыменен қиын шаруа. Қазір қала көшелерінде жайлы өмір сүру мүмкіндігі толық қалыптаспаған. Сондықтан, бүгінгі қоғамда кедергісіз орта қалыптастыру – басты міндет.
«Жүректен – жүрекке» орталығында өткен кәсіпкерлермен кездесудің негізгі көздеген мақсаты да осы талапты түсіндіру болатын. «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры 2019 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдарға қатысты әлеуметтік маңызды проблемаларды іске асыруда. Барлық санаттағы мүгедектерге әлеуметтік-материалдық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілуде.

 – 2020 жылдан бастап қор халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектердің еркін жүріп-тұру құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету мақсатында «Қолжетімді Атырау» жобасын жүзеге асырады. 2021 жылдан бастап «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасын іске асыруда. Осы жоба шеңберінде «РАИК» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен 10 жергілікті әлеуетті нұсқаушы және 10 кәсіби ерікті Беларусь еліне барып, тәжірибеден өтіп келді. Былтырдан бастап аталған жоба бойынша мүгедектер арбасындағы 30-дан аса адам оқытылды, – дейді аталған қоғамдық қордың директоры Гүлназ Қосмурзиева.

Жиын ұйымдастырушыларының айтуынша, «Кедергісіз Атырау» жобасы бойынша арбаға таңылған жандар үшін арнайы белгіленген талаптар бар. Мәселен, пандустың ені кем дегенде 1,2 метр, ұзындығы 9 метр болуы керек. Ал, биіктігі 45 сантиметрден аспауы маңызды. Тұтқалары ересектер үшін 90 см, балалар үшін 70 сантиметр биіктікте орналасуы керек. Егер тік электр көтергіш орнатылса мүгедектер үшін ол да өте тиімді. Тактильді-визуалды белгілер барлық санаттағы мүгедектерді ақпараттандыру құралы ретінде қолданылады. Ал, тактильді жер белгілеріне сыртқы және ішкі плиткалар, жолақтар мен навигатор конустар кіреді. Олар зағип адамдар үшін қозғалыс жолдарын, кедергілерді және ықтимал қауіпті аймақтарды белгілеу үшін қолданылады.

Кедергісіз орта талаптарының біріне қалалық инфрақұрылым нысандарына еш қиындықсыз қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында мүгедектігі бар адамдардың автокөлігі үшін мамандандырылған тұрақ орындарын жарақтандыру жатады. Мұндай тұрақтың ауданы 21,6 шаршы метрге сәйкес келуі керек.

Ал, ғимаратқа кіреберістен қашықтығы қоғамдық орындар үшін 50 метрден және тұрғын үйлер үшін 100 метрден аспауы керек. Осы секілді халықаралық стандарттарды орындау – мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүруіне құрметпен қараудың белгісі. Олар да қоғамның бір бөлшегі болғандықтан еш нәрседен тыс қалмауы тиіс. Сондықтан әрбір кәсіп иесі осы талаптардың орындалысына баса маңыз беруі тиіс.

– Белгіленген талаптар орындалмаған болса тиісті заңдылық бойынша кәсіп иесіне шара қолданылады. Мәселен, Атырау темір жол вокзалындағы сәйкессіздіктер үшін оның басшылығына миллион теңгеге жуық айыппұл салынды, – дейді Гүлназ Қосмурзиева.

Қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасай алмаса , олардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтардың шешімі табылмайды. Сондықтан мәселелердің алдын алып, барлық адамға тең мүмкіндіктер жасалуы тиіс.

– Менің ерекше балам бар. Қазір 14 жаста. Осы уақытқа дейін түрлі жағдайларды бастан өткердік. Қоғамдық орындарда жүргенде түрлі көзқарас, түрлі пікірлер туындайды… Бірақ ол да қоғамның бір мүшесі. Сондықтан оның ортада өзін еркін сезініп, бейімделуі үшін қоғамдық орындарға жиі барамыз. Ересек ұлымды әжетханаға кіргізу мұң болды. Ерлер немесе әйелдер жағына кіре алмай қиналдым да, не болса да әйелдер жағына кіргізіп шыққаным сол-ақ еді, қарсы шыққан әйел маған тарпа бас салды. «Ұялмайсыз ба? Ересек баланы әйелдер жағына кіргізіп… Ерлер жағына неге кіргізбейсіз?» деп дүрсе қоюы да орынды.
Бірақ, мен оның ерекше бала екенін, өзіне қызмет көрсете алмайтынын түсіндіргендей болып едім. Алған жауабым: «ерекше болса қайтейін, онда үйлеріңде неге отырмайсыңдар?» болды… Міне, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жанға деген біржақты көзқарас әлі бар.

Сондықтан, осындай ойды түбегейлі өзгертуге жанын салып жүрген «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының жұмысына ризамын. Гүлназ Қосмурзиеваның өзі секілді тағдырлас жандарға кедергісіз орта қалыптастырудағы еңбегі өлшеусіз, – деді қала тұрғыны Гүлбарам Ермұханова. Кәсіпкерлермен кездесуде жаңадан салынып жатқан ғимараттардың барлығы адамның жүріп-тұруына қолайлы болуы қажеттігі атап айтылды. Сауда орындары мен дәріхана, дүкендер, тамақтану нысандарының барлығының мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуына жағдай жасау – бірінші кезекте адамгершіліктің белгісі. Жиынға қатысқан «Дина», «Насиха» сауда үйлерінің және басқа да қоғамдық орындардың жауапты өкілдері қолайлы орта қалыптастыруға өз үлестерін қосатынын айтып, белгіленген талаптарды толық сақтауға ден қоятындарын жеткізді.

Адам ертеңгі күні өмірінде не күтіп тұрғанын білмейді. Біреулер туабітті мүгедек болса, енді бірі түрлі апаттың салдарынан арбаға таңылады. Ал, мүгедектігі бар адамның үйде отырып, қоғамнан оқшауланып қалуына болмайды. Сондықтан тағдырдың мұндай тезіне төзген адамдарға жатырқап қарамай, олардың мүддесі ескеріліп, жүріп-тұруына тең мүмкіндік жасалуы маңызды.

Алтыншаш Нәсіпқалиқызы

Суретті түсірген автор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз