Жарнама
Қоғам

«Балалар ойнайтын алаңқай керек!»

Газет редакциясына хабарласып, тұрғындар тілегін жеткізген атыраулық Көшербай Айтмағамбетовтың айтары осы болды. Өйткені, көтерілгеніне біраз мезгіл болған мәселенің түйіні тарқатылмастан келе жатқанға ұқсайды.

«Біз қаладағы «Сельстрой» шағынауданындағы Жаһанша Досмұхамедов өткел көшесінде тұрамыз. Сол маңдағы Мұрат Мөңкеұлы атындағы орта мектептің жанында ашық, иесіз қалған алаң бар. Кезінде құрылыстан қалған топырақ үйінділері, қаулап өскен қалың шөп, аяқасты төгілген қоқыс аумақтың тазалығын бұзып, сәнін кетіріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, бос жатқан жер көптің игілігіне жаратылып, орнына бәрімізді алаңдатып жүрген балалардың ойын алаңы салынса дұрыс болар еді деген ұсынысымыз бар. 2023 жылдың 28 шілдесінде осы ойымызды Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкинге жазбаша жолдағанбыз, одан бері де бірнеше жыл өтті.

Мемлекет басшысының өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын үкімет» қағидатына сәйкес халықтың қандай да болмасын арыз-шағымы, өтініші мен тілегі ескерусіз қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, жағдайымыз олай болмай тұр. Мұны округтен сайланған қалалық мәслихаттың депутаты Бекзат Есенғожинге де айттық. Ол да халық қалаулысы ретінде сауалын жолдап, мәселеге араласқанымен, әкімдіктен оң шешімін тапқан жоқ», — делінген бір топ адам қол қойған тұрғындар хатында.

Тұрғындар сол аумақтағы көшелердің тарлығы көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына, бала тұрмақ ересек адамның жүріп-тұруына да қолайсыздық туғызып тұрғанына наразы. «Алина» сауда базасына қатынайтын ауыр жүк көліктері жасанды кедергі қойылғанына қарамастан жоғары жылдамдықпен жүріп, адам өміріне қауіп төндіріп отыр екен. Тіпті жол тар, бұрылуға ыңғайсыз болғандықтан жүк көліктері көшедегі электр бағаналарына, басқа да инфрақұрылым желілеріне соқтығысып, төтенше оқиғалар болғанын да тұрғындар жасырған жоқ. Өзге амалы табылмаса, жүк машиналарының базаға келетін жолын басқа жағынан шығарса деген ойын да ашық айтты.

Шынында да толғандырарлық мәселе шұғыл шешілмесе, иесіз жердің қалталы бір кәсіпкердің меншігіне беріліп кетуі ықтимал. Тұрғындар өз ұсыныстарының ескерусіз қалмай, редакция бұқара мен биліктің арасына дәнекер болса деген өтініштерін алға тартты.

Дәулетқали АРУЕВ

* Сіз не дейсіз?

Бекзат ЕСЕНҒОЖИН,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты:

– Халықтың өкілі болғандықтан, бұқараның мұң-мұқтажына құлақ асып, қолдан келгенше оның оңтайлы шешілуіне атсалысу – азаматтық парызымыз. Біріншіден, балалар алаңсыз әрі қауіпсіз жағдайда ойнайтын, талапқа сай жабдықталып, жарақтандырылған, айналасы қоршалған орын қажет. Және ол кешіктірілмей шешімін табуы қажет.

Өзге мәселелердің мән-маңызы да одан кем емес. Сондықтан тұрғындардың өтініші біртіндеп орындалады деген үміттемін. Өз құзыретіміз шеңберінде мәселенің оң шешімін табуына қолдау көрсетуге әзірміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button