Баладан асқан байлық бар ма?
Адам өмірінің жалғасы – ұрпағы. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп халық даналығында тегіннен тегін айтылмаса керек. Ежелден ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығына айрықша көңіл бөлген. «Аға өлсе, іні мұра» деген бірауыз сөзден жесірді елден жібермеуге тырысқан ата-баба көрегендігін аңғарамыз. Өйткені, «жесірдің жетегінде кететін жетімдер өз бауырларына жат болып кетеді, тасбауыр болып өседі, тегін танымайды» деп санаған халқымыз әмеңгерлік салтты дүниеге әкелген. Осының бәрі тұтас бір ұлттың ұрпаққа деген көзқарасын білдіретіні сөзсіз. Қалай болғанда да басына небір қиын күн туған кезеңдердің өзінде қазақбаланы ауырсынбаған.
«Біз біргеміз…»
Ағайынды үш жігіт бір аулада тұратын. Үш үй абыр-сабыр араласып жатады. Бірінің баласы екінші үйге барып, ұйықтап, үшінші үйден таңғы асын ішіп жүре беретін. Ауылда бұл үш абысынның татулығын айтпайтын адам некен-саяқ. «Тіл-көз тас жарар, тас жармаса, бас жарар» демей ме? Ойламаған жерден мотоцикл апатынан жігіттердің үлкені көз жұмды. Қапыда келген қаза бәрін есеңгіретті. Әсіресе, жарының кенеттен бақилыққа аттануы келіншекке соққы болғаны соншалық, ауруханаға жатып қалғаны. Көп кешікпей ол да өмірден өтті. Олардан қалған жеті баланы інілері өз қолдарына алды. Баяғыша үш үй өз тірлігін жасай берді. Бірақ, бұрынғыдай емес, көңілдері пәс. Үлкен ағаның ақылы жетіспейді. «Жұт жеті ағайынды» демей ме қазақ атамыз? Ортаншы жігіт вахталық жұмыста жүріп, ұйықтаған жерінен оянбай қалды. Бұрынғы қайғы қайғы ма?! «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, суық хабарды естіген аяғы ауыр жары күніне жетпей босанып, соңы қайғылы оқиғаға ұшырады. Жеті айлық шарананы қолдарына ұстап қалған кенже ұл мен оның келіншегі екі ағаның балаларын тентіретпеуге бел байлады. Сөйтіп, бұрын гулеп жататын үш үй енді сәл мұңайып тұратын болды. Бірақ, балаларды ешқайда жібермеген іні мен келін екі ағаның он екі баласын өздерінің бес баласымен бірге асырап-жеткізді. Жеті айлық шарананы өз бауырына салған келіншектің омырауынан сүт шықты. Бұл не деген мейірім десеңізші?! Балалардың бәріне жоғары оқу орнын бітіруге мүмкіндік жасап, қаншама қиналса да сыр бермеді. Бүгінде өсіп-өнген шаңырақтың ата-анасы атанған бір кездегі кенже бала мен келін он екі ұл мен қыздан өрген немере-жиендерінің қызығына бөленуде.
Элеонора БИТЕКЕНОВА,
№34 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі.
Ауылдың бар бөбегін аялаған…
Жарынан жастай қалған кейуананы ауылдың барлық баласы «мама» десетін. Өзінің бауырынан өрген ұлын әскер қатарына шығарып салғанда да, ол аман-есен келіп, той жасағанда да етегіне оралып көршілердің балалары жүретін. Бір қызығы, ол кісі балаларға кейімейтін, ашу шақырмайтын. Қайта «Періштелер ғой. Ағаларының тілегін тілеп жүр. Осылардың ақ тілегімен ауылға оралды» деп отыратын. Қызметке асыққан келіндер ол кісіге балаларын апарып тастап, өздері еш алаңдамай жұмыстарына кете беретін. Кешке асықпай қызметтен қайтқандарында балаларының тап-таза күйінде, тамақтанып алып, өзге балалар арасында ойнап жүргеніне қуанысатын. Ал, кейуана болса, құдды бір балабақша меңгерушісі іспетті сол сәбилер ортасында анақаздай балпаңдап жүретін. Не деген кеңдік?!
Ұлы үйленіп, келін жұмсады. Үш немерелі болғанда келіні баладан қайтыс болды. Еңкейген шағында үш немере ортасында, жетімсіреп жүрген ұлын жұбатып қалды. Бірақ, мұқалмады, алға ұмтылды. Ұлын екінші рет үйлендірді, үш немересін қанаттандырды, өзі армансыз күйінде бақиға аттанды. Қазір сол кісіні жүрегіміз сыздап отырып сағынамыз. Ауылда осындай адамдар көп болса, ауыл өзінің қазақы табиғатын жоғалтпас еді-ау!
Айгүл ҚЫДЫРОВА,
Құрманғазы ауданы.
Келінін өз қолымен ұзатып…
«Адамның басы – Алланың добы» дейді қазекем. Шындығында, алдан қандай күн күтетіні тек бір Аллаға ғана аян. Үлкен ұлы қапыда бұзақылардың қолынан қаза болған үлкен кісілерді білетін едік. Жап-жас келіні бір жасқа толмаған сәбиін құшақтап, жиырмаға жетер-жетпестен басына қара жамылды, жесір атанды. Ата-ана қайғыны кәрі емендей қайыспай көтерді. Олардың алдында әлі немересін адам ету, қатарға қосу міндеті тұр еді. Ұлдың жылын бергеннен кейін ата-ана келіндеріне батасын берді. Жүректері қан жылағанымен, амалдары қанша? «Ұлымыздың сүйіп алған жары еді. Басқа жанға қимаймыз» деп жап-жас адамның бағын қалай байлайды? Сондықтан, немерені өздері алып қалып, келіндерін көңілі қалаған адамына ұзатты. Жастайынан қолдарына түскен келіндері қызындай болып кеткен еді. Сол себепті олар үнемі соңынан іздеп барып, жағдайын білетін, көзайым болатын.
Кейіннен келіншек екінші жолдасынан бірнеше ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларды бағып-қағуға да ата-ене көмектесті. Тіптен балалар үлкен кісілерді «ата-әже» атап, қолдарында тәрбиеленді. Туған немерелерінен кем көрмеді. Ал, осы қадамға не үшін барды? Әрине, ұрпағының болашағы үшін! Немересін анасынан айырып алып қалғандарымен, жаратқан Алла әкеден бір айырып жылатқан сәбиді екінші рет анадан айырғылары келмеді. Үнемі байланыста болуын қалады. Өздері – «кәрі қойдың жасындай» жастары келген кәрі адамдар. Жаман айтпай, жақсы жоқ, олай-бұлай болып кетсе, балаға туған анасынан артық кімнің жаны ашиды? Осының бәрін ойлаған ақылды қариялар немерелерін туған анасынан, бауырларынан бөлмеді. Екеуі де жастары сексеннен асып дүние салды. Соңында қалған немерелері әлі күнге бір-біріне ата-әженің ыстық алақаны туралы айтады, сағынады.
Қалампыр КЕНЖЕҒАЛИҚЫЗЫ, ақын,
Алматы қаласы.
P.S. Міне, үш тағдыр, үшеуі үш түрлі. Бірақ, тоғысатын жері – біреу. Ол – ұрпақ тәрбиесі. Баланы байлық санаған қазақ табиғатын осындай жандар паш етеді емес пе? Бүгінде өз қағынан жеріген «көкек аналар» «бауыр еті-баласын» қоқыс жәшігіне тастап, әжетханаға лақтырып кеткенін естігенде осы бір ақпейіл, дүниенің бар жақсылығын бала деп білген адамдар еске түседі екен. Осыдан жастар ғибрат алса ғой, шіркін!
Гүлзада Ниетқалиева