БАЛАБАҚШАҒА ДЕГЕН СҰРАНЫС
Жас бүлдіршіндердің бақытын еселеп, жүздеріне қуаныш ұялатқан мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асып жатыр ма? Қандай проблемалар бар? Мемлекеттік балабақшалар бағасының өсуіне нендей себеп бар? Осы сауалдарға облыстық білім беру басқармасының бас маманы Ақкенже Исанбергенова жауап берді.
18 мың бала кезек күтеді
— Ақкенже Аяпбергенқызы, облыс бойынша бағдарламаның игілігін көруге қанша бала ниет білдіріп отыр?
— 2015 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, облыста мектеп жасына дейінгі 1-6 жас аралығындағы 58 078 бала бар. Оның 31 647-сі ұйымдастырылған мектепке дейінгі білім беру бағдарламасымен қамтылған. Бүгінгі күні облыста мектепке дейінгі ұйымға орналасуға 18 340 өтініш тіркелді. Ал, 2014 жылы бұл көрсеткіш 19 200 болатын. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жалпы кезек саны 860 балаға азайса да, 3-6 жастағы бала саны 392-ге өскен. Кезектіліктің жоғары деңгейі Атырау қаласында және Жылыой, Құрманғазы, Мақат аудандарында байқалады.
Бағдарлама соңына дейін кезектілікті толық жою, оның ішінде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамту міндетін кезең-кезеңімен шешу облыстық білім беру басқармасының бақылауында тұр.
— Облыста өзекті саналатын балабақшамен қамту мәселесін шешудің алғышарты қандай деп ойлайсыз?
— Бүгінгі күні облыс бойынша балабақша кезегіндегі арыздар санының артқанын ескерсек, мектепке дейінгі ұйымдардың баламалы түрлерін көптеп ұйымдастыру – бірінші кезектегі міндет. Мектепке дейінгі білім берудің рентабельді моделі болып табылатын шағын орталықтар жыл санап дамып келеді.
Әріптестік дамып келеді
— Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайтуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту. Осы бағытта тағы да қандай жұмыстар атқарылуда?
— Балабақша ашуға ынта білдірген жеке тұлғалармен тығыз байланыс орнатылған. Басқарма оқу семинарларын, басқа да түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Балабақша құрылысын салу үшін жер телімін сұраушы жеке тұлғалардың өтінішімен қалалық әкімдікке қолдау хаттар да жолданып отыр. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 2014 жылы жеті жекеменшік балабақша ашылса, өткен жылы сегіз жекеменшік балабақша, бір мектеп-балабақша кешені және бір дамыту орталығы іске қосылды.
Жалпы алғанда, бүгінгі күні облыста қуаты 2492 орындық 1625 баланы қамтыған 29 жекеменшік балабақша, бір мектеп-балабақша кешені және төрт жекеменшік шағын орталық жұмыс жасап отыр. Олардың 7-іне (20,6%) мемлекеттік тапсырыс орналастырылған.
Айта кету керек, жекеменшік балабақшалардың өсу үрдісі тек Атырау қаласында байқалады. Жылыой және Мақат аудандарында бір жекеменшік балабақша бар.
— Мектепке дейінгі ұйымдардағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру сапасы педагог қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Олардың біліктіліктерін арттыруға қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
— Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары үшін педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлауды қамтамасыз етуде өткен жылы 445 (14,4%) педагог біліктілігін арттырды. 2014 жылмен салыстырғанда балабақша педагогтарының саны 200-ге артса, шағын орталықта үш педагогке кеміп отыр. Жалпы алғанда, мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагогтар қатары 197 адамға өскен.
— Еліміздің көптеген аймақтарында мемлекеттік балабақшалар бағасы өсіп отыр. Ал, бізде ондай өсім әзірге байқалмайды. Жергілікті ата-аналарға алаңдауға негіз бар ма?
— Әзірге алаңдауға негіз жоқ. ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда баланы күтіп-бағу үшін ата-аналардан алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды. Яғни, бүгінгі күні ата-ана баланың тамағы үшін ғана төлем төлейді. Ал, оның мөлшерін азық-түлік бағасына байланысты мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы өз шешімімен белгілейді.
Сұхбаттасқан:
Айгүл ЕРТІЛЕУ.