БАЛА БАҚЫЛАУСЫЗ КЕТПЕУІ ТИІС
— Алдымен, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев жергілікті жердегі комиссияның жасаған жұмысын баяндады.
Индер, Махамбет аудандары әкімдерінің орынбасарлары да нақты мәселелерді сөз етті. Байқауымызша, кәмелетке толмағандармен айналысатын комиссия мүшелері ата-анасының рұқсатынсыз, түнгі мезгілде «серуендейтін» балаларға қатысты біраз жұмыстар атқарған. Мәселен, Индерде жауапты орындардың бірлесуімен жыл бойында бірнеше рейд ұйымдастырылған. «Тәртіп» атауымен өткізілген тек бір ғана шараға 17 мұғалім, 30 ішкі істер бөлімінің қызметкері қатысыпты. Осындай жұмыстың қорытындысында алғашқыда, себепсіз жүрген 52 оқушы анықталған. «Ал, бүгінде мұндай тәртіпсіздікке жол берген жасөспірімдер жоқ» деді Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлиполла Балахметов.
Махамбет ауданында қамқорлықты қажет ететін 18 жасқа дейінгі 42 бала бар. Тұлдыр жетімнің саны – 26. 16 жасөспірім ата-анасының қамқорлығынсыз қалыпты. Аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев тағдырдың тауқыметін ерте тартқан осы жандарға жасалып жатқан қамқорлық, сондай-ақ «қиын балалармен» жұмысқа маңыз бере сөйледі.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында теріс жолға түсіп, түрлі келеңсіздіктерге ұшыраған жасөспірімдер турасында аз айтылмады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтың айтуынша, облыстық наркологиялық диспансер мен облыстық білім беру басқармасы бірлесіп, үлкен шара өткізген. Яғни, қаланың 19 мектебінде оқитын 8-11 сынып оқушылары арасында наркотикалық құралдарды пайдалануға тестілік тексеріс жүргізіліпті. Қорытындысында, сынақтан өткен 1498 шәкірттің 11-нің наркотикалық құралдарды пайдаланатыны анықталыпты.
Жас толқын өкілдерінің арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары да жиі кездеседі. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан денсаулық сақтау басқармасының басшысына нақты сауалдар қойды. Оның алғашқысы «Сенім телефонының» жұмысына қатысты еді. М.Өтепқалиев биыл бұл арнайы желі арқылы 441 адамның хабарласқанын айтты. Соның 66-сы жасөспірім екен. Облыста 33 аяқталмаған суицидке ұмтылу дерегі тіркеліпті. Алтауы қайғылы аяқталған. Шыңғыс Жұмабекұлы нақты оқиғаларға байланысты аудан әкімдері орынбасарларын орындарынан көтеріп, көлденең жағдайдың себеп-салдарын сұрады. Мысалы, Индерде оқу озаты, жақсы спортшы, тұрмысы тәуір отбасынан шыққан жасөспірім өзіне-өзі қол салған. Дегенмен, оның неге мұндай қадамға барғандығы белгісіз күйінде қалып отыр.
Осы себептен де облыс әкімінің орынбасары суицидтің әрбір оқиғасын терең талдап, оған болашақта жол бермеудің шараларын жүзеге асыруды тиісті орындарға тапсырды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.