Жарнама
Қоғам

«БАҚСАЙДЫҢ» ДАҢҚЫН ШЫҒАРҒАН

 

Жалпы, әкеміздің бірінші әйелі Көшектің апасы болыпты. Ол кісі ертерек дүние салған екен. Оңайбай екеуміз бір-бірімізді нағашы-жиен тұтатынбыз. 1963 жылдың күзінде Оңекең экономикасы артта қалыңқырап қойған «Бақсай» кеңшарына директор болып келісімен шаруашылық жағдайы біртіндеп түзеле бастады. Біз, малшылар, қыста қыстауда, жазда жайлауда жүреміз. Орталықпен кейде көп хабарымыз да болмай жатады. Дегенмен, менің білетінім, шаруашылыққа жаңа басшы келгеннен кейін кеңшарда механизаторлар көбейді. Көптеген жастарды трактористік мамандыққа оқытты. Тіпті, қыздар да темір тұлпарды тізгіндеді. Малшылар үшін қыстаулар, мал қоралары салынды.

Кеңшар орталығы – Таңдай селосы адам танымастай өзгерді десем де болады. Орталықтан жаңа мектеп, клуб салынды. Мектеп қасына тал-теректер егілді. Сол теректердің өсіп, өніп кетуін кеңшардың директоры мен мектеп басшысы өздері жеке бақылайтын. Оңайбай ойлаған ісіне батыл кірісетін азамат-тұғын. Ол кездегі ферма меңгерушілері де сол Оңекеңмен шамалас адамдар еді. Мысалы, құрдасы Мұхит Иманбаев, бірер жас кішілігі бар Қонай Нығыметов  те  шаруашылық  ісіне шын берілген азаматтар болатын. Оңекең облысқа басшы болып кеткен бір жылдары кеңшарда малға берілетін жем аздық етті. Сол кезде Мұхит пен Қонай екеуі шаруашылық басшыларына айтпастан Оңекеңе жолығып, көмектесуін өтінген ғой. Баяғы құрдастық қалжыңдары жарасқан оларды облыс басшысы өз үйінде қабылдап, Айсұлудың қою шәйін ішкізіп аттандырады. Артынша кеңшарға вагон-вагон жем жіберіледі. Қаһарлы қыста шаруасы шатқаяқтап тұрған кеңшар есін жияды.

 Оңайбайдың адамгершілігі, қарапайымдылығы ерекше болатын. Әр шопанның шаңырағына келгенде ол үйдің жай-күйін білмей кетпейтін. Жас кадрларды тұрақтандыру үшін бірнеше пәтер салынды. Сондай жанқиярлық жұмыстардың арқасы болар, көптеген еңбек адамдары лайықты мемлекеттік марапаттарға ие болды. Кеңшардың маңдайалды шопандары Айса Мәменов, Молдаш Доспанов, Ленин орденін иеленсе, Ибрайым Тәменов, Камал Қисыметов, Көбен Наубаев, Мұқтау Ідірісовтер де адал еңбектің лайықты өтеуін алды. Менің де «Еңбек Қызыл Ту»  орденін  иеленуім – осы адал еңбектің арқасы.

Жаз жайлауымыз кеңшарға ұзақ жылдарға Орал облысынан жалға берілген «Бура» құмында өтетін. Бұл – орталықтан 200-250 шақырым жер. Кеңшар басшысы қой малының жазда дұрыс жайылуын жіті қадағалайтын. Сондай-ақ, малды қолдан ұрықтандыру жұмыстарын қатаң бақылайтын. Соның нәтижесінде, мал басынан алынатын төл саны көбейді. Кеңшар мемлекетке жүн, қаракөл терісін тапсыру жоспарларын артығымен орындайтын озаттар қатарына қосылды. Мал азығын өсіретін егіншілер бригадалары құрылып, егістік алқаптар игерілді.

Қашан кездессек те, емен-жарқын амандасып, сол бір кезеңдердегі естелік әңгімелерді айтып, мәз болысатынбыз. Оңекең әңгіменің де шебері еді ғой. Көсемдей болып көсіліп, шешендей болып шешіліп кеткенде тек тыңдай бергің келетін. Оңайбай Көшекұлы жөнінде  айтылар сөз әлі алда. Өзі ауылымызға әр келісінде бәрімізді сұрап, амандығымызды білуге тырысатын, көп нәрсені ұмытпайтын. Мінеки, «Бақсайдың» даңқын шығарған, адам жадынан ұмытылмайтын осындай тұлғаны, әрине, сағынамыз. Өйткені, ол – сағынуға тұратын азамат.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button