Жарнама
Қоғам

Бағдарламаға байыппен қарау керек

Қашан да өмірлік маңызы бар өндіріс ошақтарының тындырымды жұмыс атқаруы айрықша маңызға ие. Сондықтан коммуналдық шаруашылық саласындағы шаралар мен инвестициялық бағдарламалар орындалуымен құнды.

Қалыптасқан дәстүрге сай табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ына қарасты объектілер бойынша инвестициялық бағдарламалардың орындалуына арналған баспасөз турын ұйымдастырып, кәсіпорынның жұмысына көз жеткізетіні сондықтан. Оған қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, өзге де мүдделі тұлғалар қатысып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Жабдықтар жаңарып жатыр

«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ 2020-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама негізінде 2022 жылы жалпы сомасы 207 миллион теңгенің шаралары жүзеге асқаны белгілі. Былтырға арналған жылу энергиясын өндіру және жабдықтау жөніндегі инвестициялық бағдарламасының орындалуы туралы акционерлік қоғамның бірінші вице-президенті Бағытжан Құлжанысов баяндады. Оның сөзінше, жөндеу барысында 2 электр қозғалтқышының статоры мен роторының тетіктері мен орамалары толық тексерілген. Электротехникалық зертхананың нәтижелері бойынша 2 қозғалтқыштың біреуі қалыпты жағдайда және одан әрі пайдалануға жарамды екен. Сондықтан, тек бір электр қозғалтқышын сатып алу жоспарланыпты.

Ұзақ пайдаланылған электр қозғалтқышы бар жанармай сорғысы алынып орнатылған. Сонымен қатар, сорғы жабдықтарының тозған дөңгелектеріне биыл қосалқы бөлшектер сатып алынған. Вице-президенттің сөзінше, бұл сорғының жалпы өнімділігі мен қуатына пайдасын тигізбек.

Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрғанына 50 жылға жуықтаған роликті бұрандалы беріліс үшін электр қозғалтқышы бар редуктор алынған. Себебі, механизмдерді ұзақ уақыт пайдалану кезінде беріліс тістері тозып, редуктор корпусындағы мойынтіректердің орындықтары әлсіреп, редуктор білігінің мойны соғылған. Оны ауыстыру арқылы роликті бұрандалы беріліс жабдығының жұмысы жанданған.

Электр қозғалтқышы бар 5Н5х4 типті жанармай сорғысының да ұзақ мерзімді пайдалану нәтижесінде тозығы жеткен. Осылайша, қолданыстағы сорғыны сатып алып, орнатқан соң станцияның электр жабдығының жұмысы қайта қарқын алыпты.

Инженерлік-техникалық құрамды айтпағанда, түрлі өндірістік буындарда қатардағы, бірақ өте жауапты міндеттерді мойнына алған жұмысшылардың дені арнаулы орта және жоғары білімді мамандар екен. Өкініштісі сол, орталыққа келіп, азды-көпті тәжірибе жинақтап, жұмысына әбден төселіп алған соң бірқатары басқа жұмысқа ауысып кетеді. Ал, талапқа сай келетін мамандар қапелімде табыла қоймайтыны белгілі.

zhylu tok2

Көзделген меже орындала ма?

Алдағы маусымға жылу энергиясын өндіру және жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке 440 миллион теңге шамасында инвестициялық бағдарлама бекітілген. Бағдарлама тармақтарының кестеге сәйкес орындалуы, қаралған қаражаттың мақсатты да мерзімді игерілуі ұжымды да, қалың бұқараны да игілікке бастайтыны белгілі.

– Инвестициялық бағдарлама бойынша шараларды орындау бізге техникалық-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімділігі мен қауіпсіз жұмысын жандандырып, олардың үнемділігін арттырады. Номиналды электр және жылу жүктемелерін қабылдауға дайын етіп, оларды техникалық минимумға дейін өзгерте алады. Қазандықтар мен турбиналардың номиналды өнімділігіне, бу мен су сапасының параметрлеріне қол жеткізу мүмкіндігі мол. Зиянды факторлардың қоршаған ортаға әсерін азайтып, негізгі және қосалқы жабдыққа қызмет көрсетуді автоматтандыру деңгейін арттырады, — деді Б.Құлжанысов.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button