Жарнама
Қоғам

Бағдарлама жастардың бағын аша ма?

Мемлекет тарапынан жастарға ұсынылып жатқан бағдарламалар аз емес. Былтыр ғана жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын микрокредиттер беру тетігін іске асыру жүктелді. Соған байланысты, биыл облыста 136 жасқа жиынтық құны 680 миллион теңгелік шағын кредит беру жоспарланған. Қазір ұсыныс берген 18 жастың құжаты мақұлданды. Сонымен қатар, мемлекеттен берілетін 5 миллион теңгеге дейінгі несиелер мен 1,4 миллион теңгелік гранттарды алуға да мол мүмкіндік бар.

ХАЛІҢ ҚАЛАЙ, КӘСІПКЕР?

Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлікке енді ғана бет бұрған және кәсібін одан әрі дамытуды қолға алған жастардың бұл бағдарламалардан хабары аз болуы мүмкін. Олар істі неден бастарын да білмейтін жағдайлар кездеседі. Сондықтан, жуырда облыстық ішкі саясат басқармасы мемлекет тарапынан жастарға арналған гранттар мен микрокредиттер бойынша ақпарат беру мақсатында арнайы кездесу ұйымдастырды. Оған қатысқан облыстағы бір топ жас кәсіпкер толғандырған сұрақтарына тиісті жауабын алды. Кездесуде алғашқы болып сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Рахмет Жаңбыров корпорация бойынша жүзеге асып жатқан несиелі  бағдарламаларға қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, қазір ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес және ауылдағы бизнесті несиелендіретін үш бағдарлама жұмыс істеп тұр екен.

– Елімізде бес жыл мерзімге жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бар. Бұл жастардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын. Бұған облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, моноқалалар және ауылда тұратын 21-35 жас аралығындағы кәсіпкерлер қатыса алады. Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Комиссия мәжілісінде үміткерлер өздерінің бизнесжобаларын таныстырады. Осы бағдарламаға құжат тапсырған соң корпорация үш күннің ішінде зерделеуден өткізіп, жауап береді. Егер тапсырған құжаттары түгел болса, он бес күннің ішінде арнайы комиссияның алдында бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады. Арнайы комиссиядан қолдау тапқан жоба бойынша келісім-шарт жасаймыз, — деді Рахмет Октябрятұлы.

Одан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берілетін 1,4 млн. теңгелік мемлекеттік грантты алудың жайжапсарын түсіндірді.

– Мемлекеттік грантқа өтініш беруге көпбалалы отбасы мүшелері (күйеуі, әйелі), мүмкіндігі шектеулі жандар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы мүшелері, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедек баланы тәрбиелеушілер ие бола алады. Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, оны ақшаға шаққанда – 1380000 теңге. Әр қатысушы оны тек бір рет алады. Сондай-ақ, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек. Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Еркебұлан Нұрланұлы.

Оның айтуынша, жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша, зейнеткерлік жасқа жетіп жұмыс істеп жүрген маманды жас маманмен алмастыру мақсатында жұмысқа орналастыруға арналған мемлекеттік жобалар облыс аумағында сәтті жүзеге асып жатыр.

ЖАСАМПАЗ БОЛСАҢ ГРАНТ АЛАСЫҢ

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтың мәліметінше, статистика бойынша облыста кәсіпкерлердің саны артып келеді. Тек биылғы төрт айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 мың кәсіпкер тіркелген. Өйткені, инфляция деңгейінің жоғары болуы, әлемде болып жатқан жағдайлар кәсіп ашып, экономиканы дамытуға еріксіз мәжбүрлеп отырған көрінеді.

– Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттың да сұрауы бар. Бағдарламаның басты талабы – ұсынылған жоба инновациялық, демек, Атырау облысында бұрынсоңды жүзеге аспаған жоба болуы шарт. Әсіресе, жастардың сондай инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол. Сондықтан, бұл жастарға арналған жоба деп ойлаймын, — деді Нұрбол Мейрамұлы.

Жоба әр саланы қамтиды. Атап айтсақ, тамақ өнімі, машина жасау, құрылыс материалдары, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша грант алуға болады. Ол үшін бизнесжоспар жасап, жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелу қажет. Сосын дайын жобаны кәсіпкерлерден құралған облыстық комиссия іріктеуден өткізеді.

– Мемлекеттен алған грантты мақсатты түрде пайдалану қажет. Мемлекет кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетемін деушілерді қолдауға қашан да әзір. Тек тың, әрі қоғамның сұранысын өтейтін бизнес жоспарыңыз бен ынта-ықыласыңыз болса болғаны. Бұдан өзге әлеуметтік кәсіпкерлік деген бар. Егер сіздің жобаңызда мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істесе, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша жеңілдіктерге қол жеткізе аласыз. Салық төлеуде де жеңілдіктер бар. Ол үшін кәсіпкерлік басқармасына жүгіну қажет, — деді Нұрбол Жаңабеков. Сондай-ақ, кездесу барысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба мемлекеттік бағдарламасы туралы да мағлұматтар берілді. Бұл бағдарламада екі қолдау құралы қарастырылған екен. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев ауыл жастарына арналған «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғанын, осы бағытта облысқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінгенін хабардар етті. Бұл қаржыға 188 несие беріліп, 199 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Толқын Тілемісова «Әйелдер кәсіпкерлігіндегі менторинг» тақырыбында сөз қозғады. Менторлық бағыт жөнінде біршама кеңестер берген спикер бизнесі бар әйелдерге түрлі қолдаулар көрсетіліп жатқанын, бірақ одан қалың бұқараға толыққанды ақпараттар жетпей жатқанын атап көрсетті.

Жиын соңында жас кәсіпкерлер әйелдер кәсіпкерлігі, қайтарымсыз грант, әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлікті дамытуға арналған өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойып, спикерлерден кеңес алуға мүмкіндік алды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button