Бағаны қалай тұрақтандырамыз?
Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді іс-шаралар қабылданып, облыстың тұрақтандыру қорына барлығы 3,5 миллиард теңге бөлінген. Облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басқа да бірқатар жоба іске асып жатыр. Бұл туралы сейсенбі күні өткен үкіметтің кезекті мәжілісінде облыс әкімі Серік Шәпкенов баяндады.
Соңғы жылдары азықтүлік бағасының шамадан тыс шарықтап кетуі халықтың қалтасына оңай тиіп жатпағаны рас. Дегенмен, мемлекет те бұл мәселеге бейжай қарап отырған жоқ. Бағаны ауыздықтаудың түрлі амалын ойластырып, біраз іс-шаралар қабылданып жатыр. Үкімет мүшелерінің алдында орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру туралы айтқан облыс әкімі өңірде «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қоры механизмі жүзеге асып жатқанына тоқталды.
– Атырау облысының тұрақтандыру қорына барлығы 3,5 миллиард теңге бөлініп, оның 2,9 миллиарды кәсіпкерлерге айналым схемасы және форвардтық келісім-шарттар негізінде, 1,8 млрд. теңгесі немесе 62 пайызы тікелей тауар өндірушілерге берілді. Бөлінген қаражат шеңберінде облысқа 9,5 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері алынып, тұтынушыға нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды. Оның ішінде, 4 мың тонна көкөніс (картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз) 58 сауда нүктесінде сатылуда. Жалпы, жыл басынан бері 843 тонна көкөніс өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылды, оның қазіргі қоры – 514 тонна. Бүгінде тұрақтандыру қорындағы қалдық қаражат есебінен, яғни 600 миллион теңгеге елдің өзге өңірлерінен және шет мемлекеттерден төмендетілген бағамен көкөніс өнімдерін тасымалдауға келісім — шарт жасақтау жұмыстары жүргізілуде, — деді Серік Жамбылұлы.
Облыс әкімінің айтуынша, аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жоба іске асуда. Мәселен, биыл Махамбет ауданында көлемі 4 гектарлық өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай кешені («Жұмағалиев» ШҚ) іске қосылса, жыл соңына дейін 5,6 гектарлық тағы бір жылыжай кешенін («Айдана Агро» ШҚ) пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, айналым схемасы механизмі шеңберінде егіс алқаптарының көлемі 160 га-дан 300 га-ға дейін ұлғайтылады. Бұл мақсатта «Агро Феликс» ШҚ және «Қызанақ Агро» ЖШС-не 817 миллион теңге бөлінген. Енді тұрғындарға ұсынылатын көкөніс өнімдерінің көлемі үш есе артып, ол 50 сауда нүктесінде сатылады. Үкімет мәжілісінде облыс әкімі жергілікті тауар өндірушілер және сауда желілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу туралы 284 келісімге қол қойылғанын да хабарлады.
– Өңірде 26 көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл оларға түгендеу жүргізіліп, сыйымдылығы 30,2 мың тонна болатын климаттық бақылау жабдықтармен қамтылған 10 қойма есепке алынды. Бұл қажеттіліктің 38,5 пайызын жабады. Қазір құны 5 , 4 миллиард теңге болатын көкөніс қоймаларын салу бойынша е к і инвестициялық жоба қарастырылуда. Оның жалпы сыйымдылығы 19 мың тоннаны құрайды. Егер осы екі жоба жүзеге асса, қоймалардың жалпы сыйымдылығын 49,2 мың тоннаға дейін үлкейтуге мүмкіндік туады немесе облыс қажеттілігінің 62,6 пайызын қамтиды. Ол үшін осы жобалар бойынша инвестор тарапынан жер дайындау және инфрақұрылым жүргізу жұмыстары аяқталуда. Ауыл шаруашылығы министрлігіне келер жылға қаржыландыру бойынша өтінім жолданды, — деді облыс әкімі.
Айта кетелік, мамыр-маусым айларына Тәжікстанның тауар өндірушілерімен жергілікті әкімдік арасында облысқа 120 тонна пияз жеткізуге келісім жасалған. Пияздың бағасын тұрақтандыру мақсатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен жасалған келісімшартқа сәйкес алынатын 150 тонна пияздың бүгінге дейін 50 тоннасы Атырауға тасымалданған. Облыста апта сайын аудан орталықтары мен қалада тұрақты түрде азық-түлік және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің ұйымдастырылуы – халыққа қолжетімді бағада азық-түлік ұсынудың бір тетігі. Мәселен, жыл басынан бері өткен 170 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде азық-түлік нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен сатылған. Бұл мақсатта жергілікті тауар өндірушілерге өзінің тамақ өнімдері мен көкөністерін сату мақсатында 260 жер телімін тегін беру қарастырылып отыр.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА