БАҚЫТЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН
Осындай тағдыр теперіші Сисенді әуелден-ақ парасатты, ұғымтал және адал да icкep болуға үйретті. Орта мектепті 1960 жылы бітірген соң, Гурьев теңіз-балық өнеркәсібі техникумының табалдырығын аттап, оны балық өнімдерін дайындаушы техник мамандығы бойынша ойдағыдай бiтipiп шығады. Алғашқы еңбек жолын Атырау балық-құты комбинатындағы құты жасау цехының жұмысшысы болып бастады. Жігерлі жас өзін бірден-ақ көрсетті, жарты жылдан кейін оны цех шебері етіп тағайындайды.
Бұл қызмет кейіпкеріміздің ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты танытты. Көп ұзамай комбинат бастауыш партия ұйымының хатшысы Айдын Оразов оны комсомол комитетінің хатшылығына ұсынады. Сисен де жастық арынмен белсенді еңбек етіп, көпшіліктің сенімін ақтауды өзіне өмірлік мақсат тұтты. Жастар арасындағы жұмыс тез арада жаңа, екпінді арнаға түсті, қоғамдық жұмыс кеңінен қанат жайды, спортшылар, көркемөнерпаздар, шынайы еңбеккерлер комбинат атағын одан әpi көтере түсті. Осындай шебер ұйымдастырушыны аудан, облыс жастары Балықшы аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, облыстық комсомол комитетінің мүшесі етіп сайлады.
Өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарған Сисеннің мойнына енді 26 жасында комбинат кәсіподақ комитетінің төрағасы лауазымы жүктелді. Осы кезең комбинат өміріндегі елеулі оқиғаларды қамтыған тұс-тұғын: 30-шы жылдары салынған цехтар қайтадан, жаңаша құрылды, бip мың тонна уылдырық дайындайтын жаңарған уылдырық цехы жасақталынды, тоғыз жүзбелі зауыт ұйымдастырылды, балық аулау құралдары жаңамен алмастырылды, автоматтандырылған қалайы қалбыр жасау желісі icкe қосылды, 300-ден астам тұрғын жаңа үлгідегі көп қабатты үйлерге көшірілді, балықшылардың 600 орындық мәдениет үйі, 240 орындық балабақша, «Пищевик» пионер лагері, 200 орындық жұмысшы асханасы пайдалануға берілді, 50 орындық жаңа eкi автобус сатып алынды. Комбинат өнімі өз елімізде ғана емес, шет елдерде де үздіксіз сұранысқа ие болды.
Шынайы еңбек иелерінің қатары да сол кезде үнемі өciп отырды. Балық өңдеушілер – А.Байжігітова Социалистік Еңбек Epi атанса, А.Жалғасбаева, Қ.Шәріпова Ленин орденімен марапатталды, сегіз бірдей жұмысшы әр жылдары Қазақ KCP Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қ.Шәріповаға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді, Л.Карнаухова «Қазақ KCP өнеркәсібінің еңбегі сіңген қызметкері» атанды. Мұндай ерекше табыста ұжым басшылары Қ.Әлиев, Б.Сүлейменов, И.Қалмұрзин, Н.Хабиев, К.Ихдановтармен бipre С.Сақауовтың да өзіндік қолтаңбасы мен маңдай тері бар болатын.
Қашан да азаматтың беделі ici нәтижесімен бағаланады ғой. Сисен Сақауов 1976-80 жылдары — Балықшы аупарткомындағы ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1980-86 жылдары — аталмыш өндірістік бірлестігі кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1986-1993 жылдары — Балық шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы обкомының хатшысы лауазымдарына жоғарылатылды, мұның барлығында да ол абырой мен бедел биігінен көрініп жүрді.
Нарықтық қатынастарға көшу кезеңінде ұйымдастырушылық тәжірибесі мол Сисен 2001 жылы Балықшы кенттік округі әкімінің орынбасары қызметіне шақырылады. Зейнетке шыққанша, яғни 2009 жылға дейін мігірсіз жұмыс жасаған қарымды қызметкер мұнда да өзінің іскерлігімен көзге түсті. Округке қарайтын Құрсай, Ширина, Холодильник, Водников, Курилкин елді мекендеріне су, электр, газ желілері тартылды, тұрғын үйлердегі коммуналдық қызмет жүйеге келтірілді.
Сисен аға әкелер мен ағалар аманатына қай кезде де ерекше назар салып отырды: 82 жыл ғұмыр кешкен асыл анасы Сұлухияны ғұмыр бойы аялап мәпеледі, оның алдындағы перзенттік парызына адал болуға тырысып, қолынан келген жақсылығын аямады. Курск шайқасында қаза болған Бораш ағасының бейітін 80-ші жылдары тауып, оған туысқандарымен бipгe зиярат eтіп қайтты.
Құдай қосқан қосағы, жан жары Қаламқас жеңгеймен шаңырақтарында дүниеге келген бip қызы мен үш ұлы да бүгіндері ел сыйлайтын азаматтардың қатарына қосылып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп, ата-анасының өнегелі өмір жолдарын жалғастыруда. Олардан өрбіген ұрпақтары да қызықты қылықтарымен ата-әжесін қуантып, шаттыққа кенелтіп отыр. Бақыт деген осы да.
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Атырау қаласы.