БАҒДАРЛАМАҒА САЙ – БАЙЫПТЫ ІС
Жиынға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыров, ұйымдастыру бөлімінің басшысы Құралай Көпбергенова, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшы буындары қатысты.
Баспасөз туры жиынын ашқан «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғалым Жақашев күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасап, мекеменің инвестициялық міндеттемелері және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша газбен қамту жүйелерін модернизациялау және қайта құру жұмыстары турасында баяндады.
Ғалым Мусиұлының айтуынша, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің 2014 жылғы маусымның 3-індегі №62-ОД, сондай-ақ, ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2014 жылғы шілденің 29-індегі №314-НҚ біріккен бұйрығымен, «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2013-2015 жылдарға арналған құны 210,6 млн. теңге инвестициялық бағдарламасы түзетулермен бекітілген. Енді сол үш жыл бедерінде инвестициялық бағдарлама бойынша іс-шаралар қай деңгейде жүзеге асты?
Айталық, 2013 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында құны 59,3 млн. теңге құрайтын бес бірдей іс-шара жоспарланған еді. Белгіленген қаражат толықтай игерілді. Оны таратып айтқанда, ұзын-ырғасы мынау: берілетін газ қысымын газ пайдаланатын тұтынушылардың санына байланыссыз тұрақты ұстау үшін және инвестициялық бағдарлама аясында бұрыннан қолданыстағы екі бірдей ескі газ реттеу пункттері бұзылып, орнына жаңадан шкафты газ реттегіш пункттері орнатылды. Бұл нысандар бірінші ықшамаудан мен бесінші ауылда жүзеге асты.
Осы бағдарлама аясында, сондай-ақ, Құлсары қаласындағы №№ 1,2 және Жаңа Қаратон поселкесіндегі № 3 автоматты газ тарату бекеттерінде үш дана қондырғы орнатылды.
Ал, серіктестіктің одан кейінгі 2014 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында құны 70,5 млн. теңге құрайтын тағы да бес бірдей іс-шара жоспарланған еді. Жаңғыртуға арналған инвестицияның нақты сомасы 70,4 млн. теңгеге айналды.
Өткен бір жылда тұтынушыларды табиғи газбен үздіксіз және қауіпсіз қамтамасыз ету үшін Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон және Қосшағыл елді мекенінде қимасы 114-219 миллиметр, жалпы ұзындығы 7 984,5 метр орта қысымды жер үсті газ құбырлары қайтадан жер асты полиэтилен газ құбырына ауыстырылды.
Іргелі істердің игі нәтижесі бар. Берілетін газ қысымын газ пайдаланатын тұтынушылардың санына байланыссыз тұрақты ұстау және газ тасымалдау кезіндегі нормативтік газ шығынын азайту үшін инвестициялық бағдарлама аясында бұрыннан қолданыстағы екі бірдей көнерген газ реттеу пункттері бұзылып, орнына жаңадан екі комплекті шкафты газ реттегіш пункттер орнатылған. Ол нысандар «Орталық» және «Вокзал маңы» ықшамаудандарында орналасқан.
Енді ағымдағы 2015 жылы жөндеу жұмыстарының және 2015-2016 жылдардың жылу беру маусымына дайындық жоспары бойынша қимасы әртүрлі, ұзындығы 432 метр газ құбыры жөндеуден өткізілді.
Құлсары қаласының 8-ауылында берілетін газ көлемінің қыс айларында азайып кетуіне байланысты қолданыстағы ұзындығы 340 метр, қимасы 57 миллиметр жер үсті газ құбыры қимасы 76 миллиметр газ құбырына ауыстырылды.
Сонымен қатар, Байшаханов, Кемелов көшелеріндегі жалпы ұзындығы 625 метр жер үсті газ құбырлары толықтай көше бойынан алынып, қайта жүргізіліп, Завершинский көшесі бойындағы төменгі және орта қысымды, ұзындығы 380 метр жер үсті құбырлары жер асты полиэтилен газ құбырларына ауыстырылды. Тозығы жеткен газ реттегіш пункт бұзылып, орнына жаңа шкафты газ реттегіш пункт орнатылды. Газ тарату құбырларында орналасқан қималары әртүрлі 13 ысырма, сондай-ақ, ұзындығы 160 метр компенсаторлар жаңасына ауыстырылып, 14 компенсатор жөндеуден өткізілді.
Жүзеге асқан әр алуан шаралар мұнымен бітпейді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының ауқымында көптеген жұмыстар жүзеге асқан.
Баспасөз турына қатысушылар нысандарды, атап айтқанда, АГРС-терді аралау кезінде «Жылыойгаз» мекемесімен 2014 жыл ауқымында орындалған газбен қамту жүйелерін модернизациялау және қайта құру жұмыстары көлемімен танысты.
— Жобаның негізгі мақсаты – газ тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті арттыру, — дейді серіктестік директоры Ғ.Жақашев. — Ол үшін тасымалданатын газға қосымша иіс беру үшін одорант қосылып отырады. Сорап-өлшеуіш қолданыстағы табиғи газдың құрамындағы одорантты электрикалық айналғыштың көмегімен автоматты түрде бір қалыпты реттеп, соның арқасында газ қондырғысын қауіпсіз пайдалану тиімділігін арттырады.
Мекеменің 2013-2015 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламасы аясында жаңғыртылған өндірістік нысандарды аралаудан кейінгі қорытынды ой түйінін департамент басшысының орынбасары Ә.Сабыров жасады.
— Негізгі міндет – әрине, «Жылыойгаз» ЖШС мекемесінің қызмет мүмкіндігін қалың жұртшылыққа, тұтынушыларға таныстыру. Тариф бес жылға лайықталған, кіріс те сонда. Серіктестік тиісті құжаттарын әлден-ақ тапсырып қойды. Әйтсе де, жүрдек уақыт, зымыран жылдар осы кезеңде қандай із тастайтынын, нендей өзгерістер әкелетінін кім білсін?! Соған қарамастан, жергілікті тұрғындарға жүзеге асып жатқан жұмыстардың жариялы сипатын назарларына ұсынып отырған дұрыс. Тариф деңгейін білсін, инвестициялық бағдарлама аясында нендей іс-шаралар жүзеге асып жатқанынан хабардар болсын, — деді ол.
Түйіп айтқанда, алда осы мәселе турасында қоғамдық тыңдау өтпек. Жұртшылық өкілдерімен сол жиын талқысында тариф турасында ма, немесе басқадай мәселеде ме, әйтеуір, бір шешімге келерміз деген үміттеміз.
Бүгінде «Жылыойгаз» ЖШС бас инженері Аманбек Айдарханов айтқандай, қолданыстағы газ құбырларын және қондырғыларын қайта құруға үстіміздегі жылға арналған инвестициялық бағдарлама заң талаптарына сәйкес уақытында әрі ойдағыдай жүзеге асырылу үстінде.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.