Жарнама
Қоғам

Бәйтеректей саялы…

Атырау жеріне танымал педагог Төлеш Жармағамбетовтің өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай. Өзінен кейінгілерді қамқорлай білетін ерекше қасиеті де оны көп ішінен даралайтын.

Төлеш ағамыз 1929 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, Шилі ауылында дүниеге келген. Әкесі Жармағамбет көп балалы отбасынан болғандықтан, еңбекке ерте араласқан қарапайым шаруа адамы  болды. Ал, Жәкеңнің ағасы Әбдірахман «халық жауы» деген желеумен атылып, енді бір ағасы Әлмағамбет дін жолын ұстанғаны үшін ұзақ жылдар қуғында жүрді. Інілері Деріпсалы, Шүйіншәлі, Кенжетайға да сол кездегі билік сенімсіздік танытып, үнемі бақылауда ұстаған деседі.

Аумалы-төкпелі заманның әсері осы әулеттен шыққан Төлеш ағамызды да айналып өтпеді. «Халық жауының тұқымы» деген желеумен оның білім алуына кедергілер қолдан жасалды. Тіпті, мектептен де қуылды.

Текті тұқымның ұрпағы емес пе, орынсыз жапқан жалаға, кемсітушілікке еш мойымады. Тайталасып жүріп, Торғай қазақ орта мектебінің жеті класын бітірді. Кейін көкесі Әлмағамбеттің көмегімен Алматыға  келіп, орта білім алды.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны 1954 жылы химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Дипломы бар жас маман жолдамамен Гурьев қаласындағы мұғалімдер институтына (учительский институт) жіберілді. Сол жерде іскерлігімен көптің көзіне түсіп, Форт-Шевченко қаласындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. Кейіннен Ералиев қаласы мен Мақат ауданының орталығындағы мектептерге басшылық жасады. 1965 жылы  Гурьев мемлекеттік педагогикалық  институты, биология кафедрасының меңгерушісі лауазымында құрметті демалысқа шықты.

Жасы ұлғайса да, ғылыми еңбекпен айналысып, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент атанды. Жырақта жүрсе де туған өлкесі – қасиетті Торғайын бір сәт те естен шығарған жоқ. Отбасымен үнемі демалысқа келіп тұратын.

Өнерден де құралақан болған жоқ. Ол спортты, әсіресе, боксты сүйетін. Шахматты да тым-тәуір ойнап, спорт шеберлігіне кандидат атанды. Өлең шығаратын қабілеті де бар болатын.

Саналы ғұмырын Атырау елінде өткізген ағамыз 2001 жылы 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Төлеш ағамыздың соңында Радий, Іңкәр, Гауһар атты үш қызы қалды. Менің де ел қатарлы азамат болуыма елеулі еңбек сіңірген осы ағамыз болатын. Сол бір аялы алақанның арқасында түрлі лауазымды қызметтер атқарып, зейнеткерлікке де шықтым. Ағаның еңбегін әсте ұмытуға болар ма?!

Туған жері Қостанай өңірі болғанымен, өзі еңбек жолын бастаған Атырауда қатар жүрген, сыйласқан Ғафуролла Дайыров, Мұхит Жұмашев, Қатап Камматов, Қайыржан Ғабдуллин сынды достарын тастап кетуге қимады. Ақыры ағама топырақ Атырау жерінен бұйырды.

Сұлтанғали ОСПАНОВ,

Қазақстан Республикасы

білім беру ісінің үздігі,

Қостанай қаласы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button