Жарнама
Қоғам

БҰЛТ ШАЛМАСЫН БЕЙБІТШІЛІК АСПАНЫН…

Бізбен әңгімесінде Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов өңіріміздегі майдангерлердің бүгінде жетпіс сегізінің ғана қалғанын күрсіне жеткізген еді. Өкініштісі де сол, ардагерлеріміз  күн санап азайып барады. Атаулы дата кезінде соғыс және тыл ардагері Қаби Майбасов туралы сыр шертіп отырғанымыз да сондықтан.

Бүгінде тоқсан жасқа қараған Қаби Майбасовты облыс, соның ішінде Индер ауданының жұртшылығы жақсы таниды. Себебі ол отты жылдары елімізді жаудан қорғауға атсалысты, соғыстан кейінгі қираған экономиканы қалпына келтіруге тікелей қатысты.

Әкесі Майбас  Айтмағанбетов отызыншы жылдары көз жұмғанда етегі жасқа толған анасы Мәнеттің жетегінде қалған бес баланың бірі осы Қаби ақсақал еді. Бар күш-жігерін балаларын жеткізуге арнаған ананың өмірі қиындықтарға толы болды. «Балаларым ержетті, енді олардың қызығын көремін» деген шақта дүниені дүр сілкіндірген соғыс басталып, Қабыш, Сапар, Сәлім атты балалары майданға кете барады. «Қабыш пен Сапар ағам аман-есен елге оралды. Ал, Сәлім аға майдан даласында із-түзсіз жоғалды. Жасым жетпегендіктен, бастапқыда колхоз жұмыстарын атқарып жүрдім. Егін жырту, мал азығын дайындау сияқты шаруаларда еңбекке шыңдалып, «барлығы майдан үшін» деген ұранмен жұмыс жасадық. 44 жылы жасым 18-ге толғанда Махамбет селосында бір ай, алты күн оқу-жаттығудан өтіп, майданға алындым. Көптеген қанды шайқастарға қатыстым» дейді соғыс және тыл ардагері Қаби Майбасовтың өзі.

Жас жауынгер Отан шебін қорғау міндеті бойынша Тынық мұхиты жағалауындағы Совгавань, Порт-Артур, Дальный жерлерінде болып, елге 1950 жылы ғана оралды. Сөйтіп, солдат шинелін шешіп, еңбекке араласты.  Соғыс жылдарында, кейін ауыл шаруашылығы саласында, тұтынушылар қоғамындағы еңбек өтілін қосқанда алпыс жылды еңсерген майдангер қарттың іздері Махамбет, Индер аудандары жерінде сайрап жатыр.

Еңбек ескерусіз қалған жоқ. Майдан шебіндегі ерліктері, тылдағы, бейбіт замандағы зор еңбегі лайықты бағаланып, ардагер Ұлы Жеңістің, Кеңес әскерінің мерекелік медальдарымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Тәуелсіздік жылдары Президент Назарбаевтың құттықтау хатын да алды.

«Жеңістің жетпіс жылдығын үлкен қуанышпен қарсы алып отырған жайым бар. Өйткені, бүгінгі бақытты болашақ үшін талай солдат қан кешті, жан алысып, жан берісті. Сол кездегі жанқиярлық ерліктің бүгінгі бейбіт өмірмен өрілгеніне куә болып отырмын. Мың шүкіршілік. Ендігі міндет ынтымақты тірлігімізді жалғастыра отырып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету. Жас ұрпақ бойындағы бар күш-жігерін осы бір ұлы мақсатқа жұмсауы керек» дейді қарт жауынгер Қаби Майбасов. 

Аяулы жары Фатима Айтмағамбетовамен сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, олардан өрген немере-жиендердің қызығына бөленіп отырған ардагер бүгінде Индер ауданына қарасты Көктоғай селосында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ендігі оның тілегі бейбіт өмір аспанын бұлт шалмауы… 

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button