Жарнама
Қоғам

БҰЛ – ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАНДАР ЖЫЛЫ!

— Адамзатты қара ниетті фашистік обадан азат еткен Ұлы Жеңісті өз дәрежесінде атап өту – ұрпаққа ұран, елге мерей. Өйткені, біздер, қайыңның қарсы бұтағындай, қан майданға қарсы туғандармыз. Жөргектер құрғап, аяғымызға тұрмай жатқанда-ақ алдымыздан заман зұлматы қарсы шықты. Бас көтергендер түгел майданға барып елін қорғауға кірісті. Елдегі қария мен жас балалар асыраушысыз, панасыз қалды. Оның үстіне, 1942 жылы тамызда Сталинград майданындағы жағдай алғашқыда күн санап ауырлап және Баку мұнайының жолы қиындағасын, еш өңдеусіз тікелей танкілерге құюға болатын Ембі мұнайын майданға тез жеткізу қажеттілігіне орай КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының құпия қаулысымен елімізде Каспий маңы облыстары «соғыс жағдайында» деп танылды. Сол жылғы 1 қыркүйекте Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мырзахмет Бекжанов бастаған Қорғаныс Комитеті құрылды. Қаулы құпия болғандықтан бұл туралы арғы-бергі баспасөз ештеңе жазбады. Егемендік алған соң, 70 жылдықтың алдында ол тарихи шындық дәлелденіп, айтыла бастады. Түрлі ғылыми-танымдық, не ресми республикалық деңгейде бұл жағдай осы бүгінге дейін халыққа жеткізілмеді. Тіпті орталықтың кейбір ресми құжаттарында соғыс жылдарында Қазақстан тек терең тыл жағдайында ғана болды деп насихатталды.

Міне, осы кезеңде елдегі мобилизацияланған мыңдаған ана мен әже, бала мен қария күшімен аптап ыстық пен сары аязда күндіз-түні еңбек ету арқылы, 200 шақырымдық «Гурьев-Астрахан» темір жол табаны салынды. Осы «Жол» аталатын науқанға қатынасқандардың мыңдаған адамнан күні бүгін тоқсан шамалысы бар екен. ҚР Әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханымға да айтылды, бұларды мерекелік орден-медальмен түгел марапаттау және «майдангер» ретінде рәсімдеу, яғни Ұлы Отан соғысының ардагерімен бірге санау қажет деп есептеймін. Олар – бұрынғы және бүгінгі мемлекеттеріміз тарапынан еш қолдау көрмегендер, фашистерге оқпен емес, білекпен соққы бергендер. Бүгін олар соғыс кезіндегі тек бес-алты жасар балалармен бірдей теңестірілген «тылгер» статусына ғана ие. Мұны тіпті әділетсіздік деуге де болады. Жалпы болашақта осы сөзбен «теңестірілген» деген теңеуден арылып, әрқайсысын өз аттарымен — «тыловик», «ауғандықтар», «чернобыльдықтар» дегендей өз аттарымен атаған дұрыс сияқты.

— Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облысымызда қандай келелі істер жүзеге асып, жоспарлану үстінде?

— Атырау облысы әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы осынау үлкен мерекеге арнап монумент тұрғызамыз деп отыр. Өз тарапымыздан оның кескін-келбеті мен мінездемесін Астанадағы белгілі архитекторға түсіріп те қойдық. Сондай-ақ, облыс орталығында майдан даласында қаза болғандардың аты мен тегі толық жазылған үлкен мемориал тұрғызылмақ. Және бұрын жергілікті бюджеттен екі айлық көрсеткіш көлемінде берілетін көмекті облысымыздың бірінші басшысы әуелі 10 мың теңгеге, үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен бастап 15 мың теңгеге жеткізді.

Облыстық ардагерлер кеңесі қаладағы орта және жоғары оқу орындарының студенттері арасында конкурс жариялап, былтырдан бері демеушілер күшімен Халық қаһарманы, ұшқыш жерлесіміз, майдангер Хиуаз Доспанова атындағы шәкіртақы төлеп келеді. Хиуаз атындағы ұшақ Атырау — Мәскеу арасына қатынауда. Кеңес Одағының Батыры, еліміздің Халық қаһарманы, алғашқы Қорғаныс министрі, Армия генералы, бірнеше жыл ардагерлер республикалық ұйымын басқарған Сағадат Нұрмағамбетовтың 90 жасқа толуына арнайы шығарылған медалімен 25 белсендіміз ресми жағдайда марапатталды.

Әр айдың соңғы сәрсенбісі күні үлкен мәдени-көпшілік шара өткізіліп келеді. Ардагерлеріміз «Сөнбейді Жеңіс алауы» атты театрландырылған көрініс тамашалап, соғыс кезіндегі тұрмыс-тіршілік бейнелерімен танысады. Сонымен бірге, ардагерлер медицина мекемелеріне қаралу үшін арнайы сертификаттармен қамтылды. Оларға бизнес өкілдері көмек көрсететін болып, өз ниеттерін білдірді. Осындай ізгі шаралардың бәрінің басы-қасында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов жүрді. Ресейден, Белоруссиядан Қызыл әскердің түрлі ерлік даталарына немесе аймақтардың азат етілуіне орай біздің жерлес ардагерлерімізге ескерткіш медальдар келіп түсуде. Мәселен, Минскіден келген аманатты қабылдау кезінде сахнаға көтерілген әр ардагеріміздің өмірге құштарлығына, жүздеріне күлкі үйірілгеніне, бұл өмірде олардың бар екендігіне театрға келгендердің бәрі риза болысып, ду қол соқты. Мұны өз көздерімен көргендер қатты толқыды. Республикалық «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестиваль-байқауы барлық аудандардағы округтерде өтіп, қорытынды шаралары аудандар бойынша 9 мамыр қарсаңында аудан орталықтарында ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпат жасалды. Қаладағы фестиваль қараша айында қорытындыланып, облыстық фестиваль «Ардагерлер әуені» деген атпен өтті.

Ұлы мерекеге арналған бір тарихи кітабымыз жақында жарыққа шықпақ, кейбір аудандарымыз «Боздақтарын» даярлау үстінде. Облыстық кеңестің тікелей демеуімен бейнероликтер шығарылды. «Қазақ елінің зиялы азаматтары» цикліне 34 адамды ұсынған едік. Ол кітап Алматы баспасынан шықты, жақын күндерде бізге жеткізілмек. Интернетте өзіміздің бетшемізді ашып, оған жақын шетелден жағымды пікірлер түсіп жатыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұсынысымызды қабыл алып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жөнінде баспасөзде жариялаудың медиажоспары бекітілді. Енді тұрақты рубрикалармен материалдар жарық көруде. Жуырда осы тақырыпты көтерген журналистерге байқау-конкурс жарияладық. Бұған қоса айтарымыз – әрбір ай Кеңес Одағының Батырларына арналуда. Соған орай олар барлық жерде өтіп жатқан мәдени-көпшілік шараларға арқау болуда. Осылайша он батырымызға он ай арналды.

— Соғыстың аты – соғыс. Адам шығыны болмай қалмайды. Айтыңызшы, майданда қанша қазақстандық қаза болыпты?

— Дұрыс айтасың, шығын болады. Өзімізге белгілісі соғыста 720 мыңдай қазақстандық қаза тапты делінеді. Кеңес Одағы Батыры атағын алғандар жөнінен алдыңғы орындардамыз. Егер халық санына шақсақ, еліміз бірінші орынға да шығуы  мүмкін. Соғыстан кейін Ресей жерінде еңбек етіп, «Октябрь революциясы» орденін алған Атырау облысының тумасы Сақап Қызылов майданда «Даңқ» орденінің толық иегері болған. Осы ардагеріміз жақында табылды. Бұл – облыс, республика статистикасына игі өзгеріс енгізілді деген сөз.

Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін 201 адам Социалистік Еңбек Ері атанса, оның сегізі соғыс кезіндегі ерлік еңбектері үшін 1948 жылы біздің бір ғана Исатай ауданынан болып тұр және осы аудан КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын үш рет қатарынан жеңіп алған. Ол Ту қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайының төрінде тұр.

Александр Матросовтың ерлігін одан 18 күн бұрын жасаған біздің индерлік Боран Нысанбаев, Капитан Гастеллоның ерлігін одан бұрын – 25 маусымда-ақ жасаған жетісулық Бақтыораз Бейсекбаев, Берлинді алғаш бомбалаған ұшқыш, маңғыстаулық Біләл Қалиев және басқаларын айтуға болады. Соғыс жылдары еліміздің батысынан Атырауға бірнеше өндіріс орындары да көшірілді. Мәселен, Петровский атындағы машина жасау зауытының станоктары вагоннан түсірілген бойда ықтасын жоқ, үскірік аязды далада тоққа қосып, күндіз-түні оқ жасауға пайдаланылды.  

— Әсерлі әңгімеңізге рахмет, Жеңістің 70 жылдығына аман жетелік!

Әңгімелескен

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button