БҰЛ – БІРІКТІРУШІ ФАКТОР
Сондықтан, Бірінші мамырды егемендіктен алыстатуға тырысқаннан гөрі, халықты бірігуге шақыратын идеология ретінде қабылдағанымыз дұрыс. Қазақ елі – бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерін біріктіріп отырған мемлекет. Қанша адам болса, сонша мінез, сонша көзқарас, сонша пікір болатыны секілді, әр ұлттың өзіндік құндылығы, арман, тілегі болады. Осындай түрлі этнос өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, біріктіре түсуде бізге Бірінші мамыр секілді мерекелер керек. Тіпті, әр ұлт өкілінің дәстүрлі киімін киіп, бірігіп суретке түсу жағдайларының өзі адам мен адамды жақындастыра түсетінін атап өткеніміз жөн. Бізге бейбіт ел керек. Сол себепті, мерекенің мәнін тереңдете түсу керек деп ойлаймын.
— Елорданы Алматыдан көшіру туралы Президент шешімі шыққан уақытта қоғамдық пікірдің екіге жарылғаны баршаңызға белгілі болар. Сол секілді, осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған уақытта да оны сынаушылар табылды. «Үй ішінен үй тігу» деп даурыққандар да, «арты қалай болар екен» деп, сырттай бақылаумен жүргендер де болды. Бірақ, уақыт атты тамаша төреші бұл институттың керек дүние болғандығын дәлелдеп беріп отыр.
Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз қоғамдық тұрақтылық, ішкі бірлік атты тамаша дүниеге қол жеткізді. Ендігі жерде бізге ішкі бірлігімізден ажырамау маңызды. Ассамблея болашақта да осы мақсаттағы бағытынан айрылмауы керек. Іштей ірудің соңы қайда апаратынын Ливия сынды бірқатар араб елдерінде болған жағдайлар, Украинада орын алған қақтығыстар дәлелдеп отыр. Орта Азия еліндегі тыныштыққа сына қағушылардың да табылып жатқаны белгілі.
Шыны керек, жер қойнауы сан түрлі шикізатқа, табиғи байлыққа толы елімізге көз тігіп отырғандар баршылық. Және де олар ұлтаралық дүдараздықтан бітіспес даудың туатынын да жақсы біледі. Сондықтан, халқымызды бір мақсат, бір мүддеге топтастыру жолындағы жұмыстар жалғасын табуы тиіс.
Ардабек СОЛДАТБАЙ, «Шын.кз» ақпараттық сайтының редакторы