Жарнама
Қоғам

БҰЛ – БАРШАМЫЗДЫҢ МЕРЕЙЛІ ЖЫЛЫМЫЗ!

Шынында да, ширек ғасыр жолда Қазақстан кейбір мемлекеттер түксіз шығатын, ал енді бірі ғасырларды сарп ететін тарихи жолдан өтті. XXI ғасыр адамзат үшін әлемдік экономика мен саясаттың, ақпараттық және әлеуметтік кеңістіктің жаңа өлшемдеріне жол ашты. Тағы да Мемлекет басшысының сындарлы пайымына жүгінелік: «Бүгінде 1,2 миллиард адам планетаның қақтығыстар мен тұрақсыздық жайлаған аралында тіршілік етіп жатыр. Күн сайын 42 мың адам үйін тастап, қауіпсіз мекен іздестіруде. 13 мыңнан астам террорлық акт 33 мың адамның өмірін қиды. Біз өзіміздің тұрақты, әрі қарышты дамыған елімізді мүлде басқа жағдайда – бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өркендетіп жатқанымызды есте ұстауға және бағалауға тиіспіз».

Өткен Қой жылының өзі айшықты оқиғаларға толы бол-ғанына куәміз. Қазақ елі Дү-ниежүзілік Сауда Ұйымына кірді, Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Қазақстан әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43 орынды иеленді. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті. Біз Ұлт жоспарын орындауға кірістік. Оны Тә-уелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге асыра бастағанымыздың да символдық мәні бар. Бұл орайдағы халқымыздың ойын:

— Біздің Қазақстан – Ұлы Дала елі, Жаңғырған Ұлы Дала елі. Бұл – біздің асқақ аңсарымыз әрі ерекше мақтанышымыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздің жетістіктерімізді лайықты бағалап, мақтан тұтарына еш күмән жоқ. Олар біздің тәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретін болады, — деп түйіндеді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Айтса айтқандай-ақ, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік атты асыл арман ақиқатқа айналды. Содан бергі өткен жиырма бес жылдың мән-маңызы тіптен ерекше. Бұл уақыт ішінде халқымыз жоғалтқанының бәрімен де қайтадан қауышты. Наурыз мейрамы шын мәнінде ұлттық мерекеге айналып, үш күн тойланатын болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арғы-бергі тарихымыз жаңғыртылып, шетел асқан ұлттық жәдігерлеріміз туған топыраққа оралды. Еліміздің шекарасы түбегейлі белгіленіп, Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Мемлекеттік тіліміз бекітілді. Қазақтың түпқазығы – ауылды гүлдендіруге бағыт ұсталуда. Ауылды сақтау – Ұлтты сақтау идеясына жалғасты.

Тәуелсіздігіміздің бізге берген керемет табыстары – осы құндылықтарды баянды етудің бел ортасында сіз бен біз де бармыз, қадірлі оқырман! Өйткені, газет – қалың бұқараның мінбері. Газет – қашанда оқырманымен ғана газет. Осы аксиома үддесінен қарасақ, тағы да шүкірміз! Биыл көзқарақты оқырманымен тоқсан үшінші жыл жүздесіп отырған «Атыраудың» 2016 жылға таралымы тағы да былтырғы межесіне жақындады: 19 429 дана! Қалың оқырманымыз бізден іргесін ажыратпады, бізді қолдады, үмітін үкілеп, сенімін серік етіп, шынайы тілектерін жолдады.

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі жылында да оқырмандарымызға ұсынар жаңа жобаларымыз бен тың бастамаларымыз бар, оны газет бетінен өздеріңіз рет-ретімен көре жатасыздар деген ниеттеміз. Бір сөзбен айтқанда, баспасөз бен бұқараның біте қайнасқан дәстүрлі байланысын бұрынғыдан да нығайта түсеміз деген ойдамыз.

Қайталап айтамыз, бұл – баршамыздың мерейлі жылымыз. Ел егемендігінің торқалы тойы бізді тың шығармашылық табыстарға құлшындыратыны сөзсіз. Ләйім, Мешін жылы елімізге Ұлы жеңістерді еншілетіп, бізге соларды жарқырата паш етуге нәсіп етсін!..  

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Бас редактор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button