ҚҰШТАРЛЫҚ ПЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

оларды өмірге құлшындыра түсті

Тағдырдың жазмышына көндігіп, тіршілігін жалғастырып, өмірден өзінің тиесілі орнын табуға ұмтылып, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген қайсар жандар бар. Өмірге деген құштарлық пен сүйіспеншіліктің арқасында олар бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын сүйікті істеріне жұмсап, үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын дәлелдеп келеді. Өйткені, олардың рухы биік.

Осыдан бес жыл бұрын Атырауда Тыныш Жакупова мүмкіндігі шектеулі жандарды өнерге тарту мақсатында құрған «Өмір гүлі» ансамблі олардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, биік белестерді бағындыруына жол ашты. Биыл аталған шығармашылық ұжым бес жылдығын тойлауда.

Тағдырдың жазмышына көндігіп, тіршілігін жалғастырып, өмірден өзінің тиесілі орнын табуға ұмтылып, қоғамның бір кірпіші болып қалануға барын салып жүрген қайсар жандар бар. Өмірге деген құштарлық пен сүйіспеншіліктің арқасында олар бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын сүйікті істеріне жұмсап, үлкен жетістіктерге жетуге болатындығын дәлелдеп келеді. Өйткені, олардың рухы биік.

Осыдан бес жыл бұрын Атырауда Тыныш Жакупова мүмкіндігі шектеулі жандарды өнерге тарту мақсатында құрған «Өмір гүлі» ансамблі олардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, биік белестерді бағындыруына жол ашты. Биыл аталған шығармашылық ұжым бес жылдығын тойлауда.

 

АРМАН АЛҒА ШАҚЫРАДЫ...

Кішкентай кезінен бастап өнерге, соның ішінде ән айтып, түрлі аспапта ойнауға жаны жақын болған Тыныш Дүйсешқызының ансамбль құру жөніндегі арманы бүгінде іске асып қана қоймай, шәкірттері түрлі деңгейдегі фестивальдарда топ жарады деп мүлдем ойламаған.

Облыс орталығындағы №5 орта мектепте білім алып жүріп, ұлттық аспаптар оркестрі құрамында да өнер көрсеткен ол жетекшісі Сиғуат Уайсовтан көп нәрсе үйренген. Болашақта өнер адамдарына жетекшілік ету арманы сол бала кезден туындаған болатын. Сол кездің өзінде оркестр түрлі халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі І орынды иемденіп жүрді. Кейін Т.Жакупова музыкалық училищеге оқуға түсіп, вокалды аспаптар ансамблінің құрамына еніп, Оразбай Райсовтан дауылпазда ойнауды үйренді.

Отыз жасымда құлап, жамбас сүйегім сынды. Ұзақ уақыт ем алып, Астанада ота жасап, эндопротез салды. Содан он жылдай уақыт бойы сол көмекші құралмен келемін. Ал, осыдан жеті жыл бұрын үлкен ұлым 13 жасқа толар шағында суға кетті. Сол кез маған қатты ауыр тиіп, өмірден түңіліп кеттім. Үйде отырып, ешқайда шықпадым.  Кейін бар күш-жігерімді қолға алып, мүгедек балаларға қамқорлық көрсету туралы идея келді. Тек олардың басын қосып, қолдау көрсететін адам керек. Өзімізді-өзіміз қоғамға бейімдемесек, бізге ешкім көмектесе алмайтынын түсіндім. Ең алдымен, төрт қабырғадан шығып, алға қарай ұмтылу керектігін түсіндім, – дейді «Өмір гүлі» ансамблінің көркемдік жетекшісі Тыныш Жакупова.

Алғашқы кезде 15 баламен ансамбль құрылып, «Қазан – қайырымдылық акциясына» орай облыстық қарттар үйінде концерт қояды. Сол жылдары «Аджип» компаниясы демеушілік ретінде жаңадан құрылған ансамбльге шағын аппаратуралар сыйға тартқан. 

АЛҒАШҚЫ АДЫМ

2011 жылы талантты балаларды анықтайтын «Жұлдыз-ай» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне  ансамбль мүшесі Ақерке Боран «Ән» номинациясы бойынша алғаш рет қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып келді. Араға бір жыл салып ол аталған байқауда «Қазылар көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Өткен жылы Астанада өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты фестивальда да бағы жанып, ІІ орынды иемденді. Сонымен қатар, арбаға таңылған Данила Давыдов көркемсөз оқып, ІІ орынды еншіледі. Бұған қоса, Айшат Қадырбекова мен Кәмшат Уахитова да дипломант атанды. Міне, ансамбльдің үлкен сахнаны бағындыруы осыдан басталды десек, артық айтқандық емес. Өткен жылы Алматы қаласында өткен «Жұлдызды талант» байқауында бақ сынаған Кәмшат мүмкіндігі шектеулі болса да домбыра тарту өнерімен жұртшылықты тәнті қылып, он екі мүшесі сау өнерпаздармен сында ІІ дәрежелі дипломды жеңіп алды. 

Өткен жылдың қыркүйегінде «Өмір гүлінің» жанынан құрылған «Жаса» вокалды аспаптық ансамблі Махамбет ауданында өткен ретро-фестивальда алғаш рет сахнаға шықты. Ансамбль құрамындағы Наурызбек Сатпанов, Рафик Ренат, Асланбек Дауытов пен әншілер Фарида Жұмағалиева мен Маржан Артықова 1970-80 жылдардағы ретро әндерді орындап, өнер әлеміне қанат қақты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Тыныш Жакупова күйсандықта өзі ойнап келген болатын. Кейін махамбеттік Ерлан Жұмабаев топ қатарына қосылып, аталған шығармашылық ұжым бір жыл ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді.

Биыл наурыз айында Қызылорда қаласында өткен «Бір жұлдыз болып жанам мен» атты облыстық фестивальда  «Жаса» ансамблі Бас жүлдені еншіледі. Ал, Құралай Аттола «Үздік әнші» атанса, Кәмшат Уахитова «Үздік орындаушы», Ерлан Жұмабаев «Қазылар көзайымы» аталымдарына ие болды.  Сөйтіп, атыраулық өнерпаздар бір байқауда үш бірдей номинацияны жеңіп алған болатын. Кейін сәуір айында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда «Жұлдыз-ай – 2014» фестиваліне іріктеу сайысы өтіп, мұнда «Жаса» ансамблі ІІ орынды еншілеп, республикалық байқауға жолдаманы ұтып алды.

«Жұлдыз-ай» фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл тоғызыншы мәрте өткен болатын. 10-18 жас аралығындағы балалардың өнерін саралайтын аталмыш байқаудың биылғы ерекшелігі номинациялар қатарына «Әлеуметтік жоба» сайысы енгізілуі болды. Аспапта шебер ойнаған «Жаса» ансамблінің өнерін қазылар жоғары бағалап, ІІ дәрежелі лауреат атағын берді. Және «Жұлдыз-ай» тарихында аспапта ойнау аталымы бойынша ансамбль алғаш рет өнер көрсеткендігіне тәнті болды. Бұған дейін бұл номинацияда жеке орындаушылар ғана бақ сынасып келген. Балалар үлкен қуанышпен оралды, – дейді көркемдік жетекші.     

«БІЗДЕРДІ ӘН БІРІКТІРДІ…»

Қазіргі таңда «Өмір гүлі» ансамблі құрамында 40-тан астам мүгедек жан өнерін паш етуде. Оның ішінде, ең кішкентайы бес жасар Толғанай Жастілекқызы болса, ең үлкені – 70 жастағы ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, әнші Ұлдай Аманғалиева. Сондай-ақ, өңірге белгілі әнші, гитарист Смадияр Мырзағалиев, жергілікті композитор Болат Құспанов, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде прима аспабында ойнап, биылдан бастап зейнеткерлікке шыққан Сапар Қойшыбаев және тағы басқалар бар. Залдың жоқтығына байланысты ұжым көркемдік жетекшінің үйінде дайындалуға мәжбүр. Сондай-ақ, аппаратура, мүгедектерді тасымалдайтын арнайы көлік те қажет етілуде.

Алда көптеген жоспарларымыз бар, – дейді Тыныш Дүйсешқызы. – Бес жылдық мерейтойымызға дайындық қызу жүріп жатыр. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда 25 қараша  күні өтетін шарада өнерпаздарымыз сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салатын болады. Енді «халықтық» атағын алу үшін жұмыстанбақпыз. Сонда арнайы штат ашылмақ. Ал, қазір біз тек өнерсүйер жан ретінде қолдау көрсетудеміз. Келген әр баланың бетін қайтармай, ән айтып, би билеп немесе аспапта ойнап үйретуге тырысамын. Оларға «Сенен түбінде үлкен өнер иесі шығады» деп, өзіне деген сенімдерін арттыру маңызды. Мүмкіндігі шектеулі адаммен жұмыс жасау кейде қиынға соғатыны белгілі. Бірақ, бойында тамаша қасиеті бар мүгедек жандар үшін көрерменнің қошеметінен ыстық ештеңе жоқ. Біздерді ән біріктірді. Әр күн сайын олардың өнерге деген сүйіспеншіліктері оянып, белсенділіктері артып, алға қарай ұмтылыстары байқалады. Ансамбльге келіп, олар дос таба білді. Сондықтан, мен арманыма жеттім. Мен үшін ата-ана алғысы мен балалардың жүздеріндегі қуаныштан басқа артық бақыт жоқ.  

Мәселен, Ақерке Боран ансамбльге жеті жасында келген болатын. Зор дауысы мен мың бұралған биімен көпті тамсандырады. 

Қызым өнерге қадамын ең алғаш рет «Ренессанс» қонақ үйінде Ұлы Жеңіс күніне орай ардагерлермен кездесуде көркемсөз оқудан бастады. Кейін ән айтып, би биледі. Республикалық, облыстық фестивальдарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды еншілеп келеді. Бүгінгі күні 30-ға жуық грамотасы бар. 1-2 сыныпты үйден оқып, 3-ші сыныптан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы  №5 орта мектептің оқушысы атанды. Байқаулардан оралғанда қуанышы қойнына сыймай келеді. Көптеген достар таба білді, – дейді Ақеркенің анасы Айман Сатқалиева. Сол сияқты, Құралай Аттоланың да ансамбльге қосылғанына он айдай уақыт өтсе де, бойындағы ерекше қасиеттері байқала бастады. Әйгерім Дүйсенова да музыканы естісе, жан-дүниесімен тебіреніп, өзіне деген сенімділігі артып келеді. Музыканың көмегімен олардың өмірге деген құштарлықтары байқалады. 

  Халық қошеметіне ие болып, үлкен сахнада жасқанбай өнер көрсетіп, белгілі өнер адамдарының жоғары бағалауына лайық танылып жүрген олардың мүмкіндігі шектеусіз екеніне ешкім дау келтірмейді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз