БҰҚАРА МЕН БИЛІК
Қай салада болмасын, бәсекенің қалыптасуы – сапалы ортаның құрылуына ықпал етеді. Соның дәлеліндей, қазақ журналистикасындағы басылымдар саны артып, оқырманның өз қалауындағы ақпарат көзіне деген қолжетімділігін қамтамасыз етті. Мәселен, бүгінгі күні ақпарат айдынында 356 қазақ тілді бұқаралық құрал бар.
Тарих көшіне сай, егемендік алғанымыздан бұрын қайта құру заманын бастан кешірдік. Әу баста қазақ журналистикасының атасы саналатын Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ басылымдарының тамырына балта шабылып, жойылып кетуі мүмкін деген пікірлер де қылаң берді. Алайда, осы шақта баспасөз кең қанат жайып, жариялылық, ашықтық пайда болды. Ақпарат айдыны жаңа толқын журналистермен толығып, тәуелсіз Қазақстан баспасөзінің орыс тілділерден озық болуына септесті, өзіндік мол үлесін қосты.
Ал, ел егемендігін алған тұста, журналистика тоқыраған жоқ, керісінше, трансформациялауға ұшырап, түр жағынан да, мазмұн жағынан да дами түсті, заманауи бағытқа бейімделді. Сала мамандары мемлекетшіл позицияны ұстанып, жаппай сынау, мінеу тәрізді жазбалардан аулақ болып, ұлт, тіл, дін тақырыптарының өзектілігін арттырды. Осылайша, қазақ журналистикасы түр жағынан байып, жаңа форматқа көшу процесін бастады.
Осы орайда аталған тақырып төңірегіндегі пікірін білмек болып, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, жерлесіміз, Қазақ телеграф агенттігінде ұзақ жыл жұмыс істеген Тілек ДӘУЛЕТОВПЕН аз-кем тілдескен болатынбыз.
«Біз «тоталитарлық режимді» көрген буын болғандықтан, бұрынғы мен қазіргі журналистиканы мүлдем салыстыруға болмайды деген ұстанымдамыз. Тәуелсіздік алған тұстан бастап, бұл сала жаңаша сипатта дами түсті, заманауи тұрғыдан байыды. Бұрын шындықты ашуға болмайтын, бүркемелеп қалатын. Қазір мүмкіндік мол, журналистерге еркіндік берілген.
Соның бір дәлеліндей, «Коммунистік еңбекте» Нұри Мұфтах екеуміз бір бөлімде жұмыс істедік. Жаңа оқу жылында абитуриенттерді қабылдау жүріп жатқан шақта, осы комиссияның жұмысын жазайық деген ойға келдік. Осы әңгіме жоғары жаққа жетіп, обком хатшысы «Газет – обкомның органы. Ал, қызметкерлеріңіз обкомға қарсы» деп редакторға айтып, мәселе ушығып кетті. Сол сәтте Әнес Сараев «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі ретінде осы тақырыпты жазып, ол газетке басылып кеткесін ғана біз аман қалдық». Міне, сол кездегі баспасөздегі сын мен шынның нақты сипаты осындай болса керек.
«Сала ардагері ретінде баспасөздің бүгінгі бейнесі жайлы да айта кетсеңіз» деген сауалымызға: «Қазіргі газеттерде бұрыннан қалыптасқан газет жанрлары жоқ. Сұхбат пен қысқа хабарламалар көп беріледі. Мәселен, жиналысқа екі тілші барса, бірі былай жазса, екіншісі басқа позицияда жазып келеді. Бұл жерде айтпағым, қалай, қай формада беру – әр журналистің еркінде. Алайда, факт бұрмаланбауы керек. Негізгі мәселе осында. Сондай-ақ, кейде оқып отырып, жөнсіз жайттарды көріп, қынжыласың. Бір адамның суретін де, сөзін де береді. Өз лауазымына сай атқаруы тиіс қызметін мақтайды. Және лауазымды тұлғаның берген уәдесінің орындалысын қалың оқырман «сіздер жаздыңыздар ғой» деп, газеттен сұрайды. Сондықтан, тек шындықты жазған жөн» — дейді ардагер Тілек Дәулетов.
Бұрын журналистер қалам мен қағазды ғана серік қылатын. Қазір олардың орнын заманауи құралдар мен жаңа технология басқан заман. Мультимедия, интернеттің де кеңінен қанат жаюы саланың дамуына оң ықпал етуде. Осы ретте «мерзімді баспасөзді интернет алмастыруы әбден мүмкін» дегенге саятын пікірлер айтылуда. Алайда, «газет – тарих, ол – шежіре. Жалпы, интернеттің бір «жаманы» сол– онда шектеу жоқ. Ақпарат тым көп. Сондықтан, «газеттің заманы ертең-ақ өтіп кетеді» деудің еш негізі жоқ». Аталған тақырып аясында әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнаманың нәтижесі осындай. Қазір интернетті негізінен жастар пайдаланатынын ескерсек, мынау сол буынның пікірі деуге негіз бар.
«Қазақ журналистикасы, қазақ басылымдарының беттерінде көтерілген маңызды жәйттар әрдайым жұртқа жария болуы арқылы күн тәртібіне еніп, қызу талқыланып отыр. Қоғамда кездесетін мәселелердің уақтылы шешімін тауып, оңтайлы орындалуына бүгінгі күні елімізде жарық көретін газет-журналдар зор ықпал етеді» деді белгілі саясаттанушы Ерлан ҚАРИН тақырып аясындағы бір басқосуда.
«Сол секілді орыс тілді басылымдар мен қазақ баспасөзі медиакеңістіктің біреу екендігіне қарамастан, өзіндік әлем қалыптастырып, өз бағыттарынан таймауда. Мәселен, орыс тілділер көбіне саясат тақырыбын тереңірек қаузаса, қазақ тілділер негізінен ұлт, тарих, тіл сынды жайттарды, әлеуметтік мәселелерді кеңірек жазады». Бұл да – сала мамандарының пікірі. Мойындамасқа, лажың жоқ.
Жалпы алғанда, қазақ журналистикасына әлі де болса заман, нарық талаптарына икемделу қажет. Кез-келген ақпарат құралдарының өтімді, тартымды болуы жарнама арқылы келетінін ескерсек, пиар мәселесінде де кемшіліктер бар екені – айтылып жүрген жайт. Жылдам, әрі ауқымдылық сияқты қасиеттер жағынан басым түсетін әлемдік журналистика көшіне ілестік деу қиын. Бірақ, бүгінгі қазақ журналистикасының қуанарлық тұсы – жас буынның көптеп келуінде. БАҚ-тың қай саласында болмасын, қазір жастар басым. Өз кезегінде бұл да осы саланың дамуына септігін тигізетін фактор екені сөзсіз.
Қай баспа құралы болмасын, тіл мәселесі мен сөз әдебі алдыңғы орында тұруы тиіс. Сөзді орнымен қолдана білу, тілді шұбарламау сынды журналистиканың негізгі қағидатына қылау түсірмеу – басты міндет. Себебі, ол – тұтастай қоғамның айнасы. Осы орайда журналистика ардагері Т.Дәулетовтің: «Мен бірнеше жылдар қатарынан ҚазТАГ-та қызметте болдым. Ақпарат тарату орталығына хабарлар орысша түседі де, оны қазақшаға аударатынбыз. Екі шұқып, бір қарау қажет, жұмыс аса жауапты. Бұрын үкімет, өкімет деген сөз екі мағынада қолданылатын, қазір қарап отырсам, бәрі бір сөзге айналған. Сондай-ақ, шөпті дайындау, кадрды даярлау деп алатынбыз, қазір кадр дайындау, шөпті даярлау деп айта береміз. Бір мақалада артист, әртіс болып та жүре береді» деген сынының орынды екендігін сезінеміз.
ТҮЙІН:
Бұқаралық ақпарат құралдары – уақыт барометрі. Ол қоғаммен бірге дамып, оның үні мен көз-құлағы ретінде жұмыс істейді. Сондықтан, журналист қауымына терең білім мен біліктілік ауадай қажет.
Гүлжан ӘМІРОВА.