Жарнама
Қоғам

БҮГІНГІ ТАЛАП – БІЛІМДІ ЖАС ТӘРБИЕЛЕУ

Қазіргі кезеңде еліміздің ертеңі жастардың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Бүгінгі таңда педагогика,  психология ғылымдарының өзекті мәселелерінің бірі жеке тұлғаны жетілдіруде, жан-жақты дамытуда, білім беруде, ғылымның соңғы жетістіктерін қолданып, шығармашылық жұмыстарды жасауға қабілетті, дүниеге көзқарасы кең, рухани бай азамат дайындау болып табылады.

Білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар, түрліше кәсіптік бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орындарының пайда болуы болашақ мамандарды даярлау ісіне нақты талаптар қоюда. Қазақстандағы жалпы әлеуметтік, саяси-экономикалық, тәрбие және білім, мәдени деңгейлеріміздің жаңа сатыға көтеріліп,  жаңаша реңге ие болуы, жеке тұлғаны оқыту, білім беру, дамыту жүйесін жақсартуды талап етеді. Ал, осы қадамдарды жүзеге асыратын мамандық иесі ұстаз екенін ескерсек, жақсы мұғалімнің қандай қасиетке ие болуы керектігін атап өткеніміз жөн. Ең алдымен, ол – қай кезде де кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі.

Мұғалім кадрларын кәсіби оқыту жүйесінде педагогикалық практика өте маңызды орын алады. Ол жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие үрдісінің басты бір бөлігі болып табылады да, болашақ мұғалімдердің теориялық дайындығы мен тәжірибе жүзіндегі іс-әрекетін біріктіруін қамтамасыз етеді. Бұл ретте бұрын тәжірибеде болған «Мектеп күнін» өткізуді қайтадан қалпына келтірген жөн. Яғни, педагогикалық оқу орындарының студенттері аптаның бір күнінде толығымен мектепте болып, алдына қойған міндеттерге жетуге біртабан жақындайды.

Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Оқыту үрдісін басқарудың педагогикалық-психологиялық мәселелерін анықтауда педагог пен оқушылардың арасындағы қарым-қатынастарды ұйымдастыру мұғалімнің теориялық білімінің болуын қажет етеді.

XXI ғасырдың басындағы қазіргі қоғам тез қарқында дамып қана қоймай, өз даму үрдісімен барлық саланы жандандыруда. Соған байланысты қоғамның әр саласында түрлі мақсаттар қойылып, оларды шешуге арналған міндеттер аталуда. Білім беру саласы да ондай өзгерістерден шет қалған жоқ. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім, бастауыш мектеп, орта мектеп, жоғары білім беруде оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдіс-тәсілдері, технологиялары анықталып, жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңарған, ақпаратты ағымы қуатты, жоғары технологиялық қоғамға сай модельдері жасалуда.

Жеке тұлғаны қалыптастырудағы шешуші факторлардың бірі – тәрбие. Тәрбие – өсіп келе жатқан жас ұрпақты өмірге даярлаудың барлық жағын қамтитын, жеке тұлғаны ғасырлар бойы жиналған адамзат тарихындағы тәжірибені игертіп, біліммен жарақтандыруға бағытталған қоғамның талап-тілегіне тәуелді күрделі үрдіс. Бізге бұрыннан белгілі болып келген тәрбиенің ұйымдастырушылары: отбасы – ата-ана, балабақша – тәрбиеші, мектеп – мұғалім.

Жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін тұлға, мұғалім – тәрбие көзі. Жоғарыда аталып кеткен қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру үшін мұғалімнің кәсіби қасиеттері, икемділіктері жаңаша қырынан сипат алуы керек деген ой туады. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі мәселесіне баса назар аудару керек. Ол – жеке тұлғаның кәсіби іс-әрекетті атқаруға теориялық және практикалық әзірлігі мен қабілеттілігінің бірлігі. Яғни, мұғалімнің білім-білік, дағдылары, өз мамандығына қатысты білімдер жүйесі, жұмыс істеу шеберлігі, мәдениеті, психологиялық қасиеттері, қарым-қатынас стилі, жеке әдебін жатқызамыз.

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қазіргі қоғамның дамуымен, әлеуметтік практикамен тығыз байланысты. Мектеп өмірі балаға жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз салады.

Тәрбиенің сан салалы, күрделі мәселелеріне терең бойлауға бастайтын, күнделікті тұрмыста кездесетін дағдылар арқылы баланың жан дүниесіне әсер ететін білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш мектеп.

Бастауыш саты білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алумен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Сондықтан, оның сипаты мен мазмұны, оқытудың әдістері мен формалары қазіргі жағдайда жан-жақты талданып отыр. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге аспақ. Оқушының рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің ашылар кезі. Бастауыш мектептің негізгі міндеті жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Ендеше, осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға  — ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады.

Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу — әрбір ұстаздың борышы. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, мұғалім олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру формасын түрлендіріп отыру — мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Төменгі сынып оқушылары үшін мұғалім – олардың еліктейтін, үлгі ететін абыройлы жан. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді. Сондықтан да, жауапкершілігі мол, адал да мейірімді, әділ де парасатты, рухани дүниесі бай педагогтар ғана балаға білім мен тәрбие беріп, оның жан дүниесіне әсер ете алады.

Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері оқушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды және ұлттық сана-сезімін тәрбиелеуді көздейді.

Латифа ІЗМҰХАМБЕТОВА,

 «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы

Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты талдау және сараптау бөлімінің жетекші маманы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button