Азияның мықтылары бас қосты

Aziyanyi myi tyilaryi bas ostyi2 Қоғам

Хиуаз Доспанова атындағы мұз айдыны сарайында таэквондодан І-ші ашық Азия чемпионаты өтті.

Азияның мықтылары бас қосты2

Сары құрлықтағы кіл мықтыларды жинаған дүбірлі додада Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Филиппин, Үндістан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан,Украина және Қазақстаннан 300-ден астам спортшы бас қосты. Спорттық кешенге көрермендер көп жиналып, театрланған көрініс қойылуымен басталған жарыстың салтанатты ашылуының куәсі болды. Алғашқы болып облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз алып, Азия құрлығындағы таэквондошылардың алғашқы чемпионаты біздің өңірден бастау алып отырғандығын зор мақтанышпен атап өтіп, жарысқа қатысушыларға жеңістер мен сәттіліктер тіледі.

Сондай-ақ, шарада Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик, таэквондодан Азия одағының президенті Кю Сэок Ли, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті бас хатшысының орынбасары, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы ұйымының бас директоры Елдос Рамазановтар жүрекжарды тілектерін білдірді

Үш күнге созылған жарыс тартысты өтті. Қазақстандықтардың құрамында өнер көрсеткен атыраулық спортшылар сайыс барысында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Кадеттер арасында болған сайыста Мерей Мәлік, Эльназ Назымова, Амир Салиханов, Нұрғиса Сағадатовтар өз салмақтарында Азия чемпионы атанса, Әсем Орынбасарова, Ботакөз Бекмамбетова, Артур Серік, Анарбек Шаймерденовтер күміс медальді еншіледі. Ал, Ангелина Гапотченко, Шахадат Саленова, Әсел Мақсот жүлделі үшінші сатыдан көрінді.

Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы жекпе-жектерде Бекежан Аманжанов пен Нұрай Құсайынова Азия құрлығының жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақса, Арсен Серік қола медальді иеленді.

Ал, ересектер арасында өткен текетірестерде Айгүл Елубай мен Үмбет Шакиев қарсылас шақ келтірмей, көк Туымыздың биікке көтеріліп, Әнұранымыздың асқақтауына себепші болды. Шешуші айқаста ғана сүрінген Арыстанбек Абдикулов күміс медаль алса, Айдана Еділбаева мен Ұлжан Маханова қола медаль иемденді.

Жоғары дәрежеде өткізілген Азия чемпионаты тағы үш күнге созылатын «KAZAKHSTAN OPEN – 2018» халықаралық турниріне ұласты.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз