«ӘЗІЛ – ӨМІР БАЗАРЫ»

Қоғам

Осы ретте «Бауыржан-шоудан» түлеп-ұшып, өзіндік үлгісі бар сатира театрын ашқан жерлесіміз, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты Н.Мәдиевтің еңбегі ерекше. Құрамына Ғ.Дүйсенғалиев, Н.Мәдиев, Қ. Піштібаев, Ғ.Жұмашевтар енген қазылар алқасы өнерпаздардың талантына қарай баға берді. Мысалы, монолог оқу бойынша жылыойлық Мөлдір Есеналиеваның дауыс ырғағын реттеп жіберсе, оның бойынан өнерінің өрістеп дамуына тән нәрселер көп екені сезілді. Өзін-өзі ұстауы, әр сөзді шама-шарқынша баптап, ойнақы айтуға тырысуы оның болашақта мықты актриса болатындығын байқатты. Одан соң «Пантомимо» жанры бойынша қалалық жас өнерпаз Данат Камаловтың өнері өзіндік үйлесімімен ерекшеленді. Кәмелеттік жасқа толмаған бұл өреннің батылдығына көпшілік риза болды. Сахналық көріністі сомдау шеберлігімен қызылқоғалықтар мен исатайлық өнерпаздар көзге түсті.
Исатай ауданынан қатысқан Нұрлан Бижанов пен Роза Бисенова сомдаған рөлдер де көптің көңілінен шыққандай болды. Десек те, қойылым барысында қатысушылар арасында кейбір олқылықтар орын алды. Бір сөзді қайталай беру, қойылым мәтінін кәсіби түрде жаттамау, «әй, ой» деген одағай сөздерді көбірек айту секілді «әттеген-ай» дегізер тұстар да көрініп қалды. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданынан конкурсқа қатысуға өтініш білдіргенімен, өнерпаздардың келмей қалуы да, өнерге, сатира жанрына деген салғырттықты білдірсе керек.
«Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» деген екен шығыс халқы. Қазіргі таңдағы кем-кетікті, ысырапшылдық пен қанағатсыздықты суреттеуде сатираның маңызы зор. Уытты сөзбен шымшып, мысқыл күлкімен тоғышарлар тірлігін әшкерелей білсек, әзіл-сықақ отауларының қоғамға қосқан зор үлесі болар еді. Қорытындысында, конкурс қатысушылары алдағы облыс орталығында өтетін сайысқа жолдама алды. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар ұсынылды.

Нұргүл НАСЫР.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған