Мопед – «ажал арбасы»
Соңғы кездері әлеуметтік желіден мопед мінген жастардың жол апатына ұшырап жататындығын жиі көретін болдық. Расында, желмен жарысқандар тәртіп сақшыларының да «бас ауруына» айналды. Жол полицейлері үздіксіз рейд ұйымдастырып, балалар мен ата-аналарға мопед жүргізудің талаптарын түсіндіріп, айтудай-ақ айтып келеді. Алайда, қаланы былай қойғанда, ауыл көшелерінде де адам өміріне қауіп төндіріп, машинаға жол бермей жанталасып жүргендер көбейген.
Мопед мінген жастар
Мопед мінгендердің дені – жастар. Тапсырыспен тамақ жеткізу, тауар тасу қызметінде жүргендер де осы көлік құралын таңдайды. Алайда, олардың тиісті талаптарды сақтай бермейтіндігі белгілі болып отыр. Көпшілігінің құжаты жоқ. Жол ережесін сақтамайды. Машиналардың арасында жүйткіп жүреді. Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, мопед жүргізушілері жыл басынан бері 1200 рет жол ережесін бұзған.
– Облыста мопед, скутер көлік құралдарын жүргізушілердің қателігінен 5 адам қаза тапты. Жарақат алғандар да көп. Осы себепті мұндай көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзу деректеріне ерекше маңыз беріліп отыр. Талдау жұмыстарына сәйкес олардың басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асыратыны белгілі болды. Олар үнемі алдында кетіп бара жатқан көлікті басып озуға ұмтылады. Бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп кететіндер де бар. Осындай себептермен мопед жүргізушілерінің кінәсінен 106 жол-көлік оқиғасы тіркелді, — дейді басқарма бастығы.
Негізі мұндай көлік түрін тізгіндегендер тізесі мен шынтағына, басына арнайы қорғаныш киімдерін (шлем) киюі керек. Дегенмен, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ол аз болса, алды-артына бала мінгізіп алып, жүйткіп жүретіндер көбейген. Көшенің кез-келген жерінен кесіп өтіп, тіпті көлікке жол бермей жарысқандарды да жиі көретін болдық.
«Жол жүрісі туралы» заңның бұрынғы нұсқасында мотоцикл жүргізушісіне шлем кию міндетті болатын. Енді аталған заңдағы өзгерістерге сәйкес, мопедшіге де шлемсіз жолға шығуға тыйым салынады. Ережеде шлем қандай болу керегі нақты жазылмаған. Бірақ, мопедші «E» стандартынан төмен емес жарамды сертификаты бар жоғары сапалы шлем киюі қажет.
Көлік тізгіндеген көкөрім
Полиция полковнигінің мәліметінше, 12 жасөспірімнің құжатсыз мотокөлікті жүргізгені анықталған. Мотокөлік жүргізушілері ұшыраған жол апатынан 53 адам түрлі дене жарақатын алып, 5 адам қаза тауып отыр.
– Мәселен, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында рұқсат құжатынсыз мотокөлікті жүргізген 19 жастағы студент төрт жасар баланы қағып құлатқан. Басынан жарақат алған балақай ауруханаға жеткізілді. Тағы бір 17 жастағы бозбала мопедпен 16 жастағы бойжеткенді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған мопедтің қай бағытта бара жатқанын анықтап, тоқтатуға ұмтылды. Алайда, жасөспірім заңды талаптарды орындамады. Сол себептен патрульдік полицейлер оны мәжбүрлі түрде тоқтатты, — дейді Е.Биғамбаев.
Маусым айының ортасында мопед көлігін басқарған 2009 жылы туған жасөспірім «Ваз» автокөлігімен соқтығысып, соның салдарынан жасөспірім жүргізуші ауыр жараланып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен.
Самокат пен мопед құралдарына қатысты жол апаттарының алдын алу мақсатында рейдтер тұрақты өтіп тұрады. Оның барысында жасөспірімдердің осы көлікті басқарғаны үшін олардың ата-анасына қатысты 20 әкімшілік хаттама жасақталып, жауапкершілікке тартылған. Аталған құқық бұзушылықтар негізінде 200-ден аса мопед пен скутер айыппұл тұрағына қойылды.
Әрине, еппен жүріп өзін де, отбасын да асырап жүрген жастар баршылық. Дегенмен, автокөлік жүргізушілерінің мопедшілерге қатысты айтар шағымдары да жоқ емес. Олардың пікірінше, мопедтер қолтық астынан суырып алғандай шыға келгенде тежегіш басып та, маневр жасап та үлгеру мүмкін емес.
Талап бар жерде тәртіп бар
Патрульдік полицейлер мопед көлігін басқарып, жол ережелерін сақтамаған жастарды жауапқа тартса да желігетіндері азаяр емес. Мәселенің өзектілігіне алаңдаған тәртіп сақшысы дабыл қағып, ата-аналарға үндеу жасады.
– Біздің бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жүргізіп жатқан түсіндіру жұмыстарымызға қарамастан, электросамокат пен мопедтердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиіледі. Көлік жүргізушілері, мопед мінгендер мен жаяу жүргіншілердің барлығы жол қозғалысының қатысушылары ретінде ережелерді сақтап, талапқа бағынулары керек. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, жол жүрісі ережесіне бағынып, қатаң сақтауларын ескертеміз, — деген Жергілікті полиция басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев ата-аналардан жастарға бас-көз болуды өтінді.
Былтырғы 30 тамыздан бастап шағын электрокөліктер мен электросамокат пайдалануды реттейтін «Жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Соған сәйкес скутер, мопед, самокат жүргізушілерінің жолда жүру ережесін бұзғаны анықталса, оларға ӘҚБтК-нің 127, 440, 620, 593-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылады.
– Сондай-ақ жол ережесін сақтамайтын мопед жүргізушілері Әкімшілік кодекстің тиісті бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Жол жүру қозғалысына қатысушы ретінде мопед тізгіндегендер міндетті түрде өз көлік құралын тіркеуге қоюлары керек және жол жүру куәлігін иемденуі тиіс, — деген Ерлан Валерийұлы тиісті заңдылықтарды түсіндірді.
«Жол жүрісі туралы» заңның 57-бабында электросамокат жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері толық көлемде айқындалған. Қазіргі уақытта танымал көлік құралдарына айналған электросамокат пен мопедтерді пайдалану олардың иелері тарапынан ерекше жауапкершілікті талап етеді.
Иә, талап бар жерде тәртіп орнайтыны белгілі. Тұрғындар арасында аталған заңның 57-бабын «желіккен жастарды тәртіпке салсын, бірақ неге сол заңның халыққа тиімді жағын қабылдамайды» дейтіндері бар. Олардың айтуларынша, бірінің мопед пен скутер сатып, дөңгелентіп отырған кәсібіне зиян келсе, келесісі курьер болып отбасын асырап отырған нәпақадан қағылатынына қынжылады. Қалай десек те, қозғалтқыш күші аз болса да енді мопед автокөлікпен бірдей теңестіріліп отыр.
Жеткіншектер жол заңын біле ме?
Иә, жауапкершілік дегенді біле бермейтін жасөспірімдердің мұндай көлік тізгінін қолға алуының соңы өкінішке апаруы мүмкін. Оң-солын білмейтін желікпе жасөспірімдердің қолына тізгін тиген соң желігіп, мақтанып, қызық үшін қатты жүріп, өздерінің өзгелерден артықшылықтарын көрсету үшін жол қауіпсіздігі мен ережелеріне атүсті қарайтыны жасырын емес.
– Егер мопед, электросамокат жүргізушілері жол жүру ережелерін қатаң бұзса, жауапқа тартылатынын ескертеміз. Заңға сәйкес, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл және мопед иелеріне «А1» және «А» жүргізуші куәлігін алуы міндеттеледі. Яғни, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатында екенін ескеріңіз. Ал, 125 куб. см көлемінен жоғары қозғалтқыш болса, «А» деңгейіндегі куәлік алуы тиіс. Заң бойынша «А1» деңгейін 16 жасқа толғандар, ал «А» деңгейін 18 жасқа толғандар ала алады. Жүргізуші куәлігі бар адамдар да жүргізушілер дайындайтын бөлімшелерден сабақ алуы тиіс. Сондай-ақ полиция әкімшілік бөлімшелеріне сәйкес келетін теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек, — деп түсіндірді тәртіп сақшысы.
Жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Бұдан өзге «қозғалтқышы бар велосипед» ұғымы енгізіліп отыр. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттелген.
«Баланың болашағына балта шаппаңыз…»
Қала көшелерінің бірінде патрульдік полицейлердің жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне хаттама толтырып, түсіндірме жұмысын жүргізіп жатқан сәтті көрген қала тұрғыны ата-аналарға осылай үндеу жасады.
Атырау қаласының тұрғыны Тимур Рақышев бір жыл бұрын 14 жастағы баласының сұрауы бойынша мопед сатып алып бергеніне өкінетінін айтады. Жол қозғалысының қауіпсіздігін толық меңгермеген жасөспірім жол апатына түсіп, бір жылдан бері дәрігерлердің есігін тоздырып жүр екен.
– Бәрінің де жағдайы бар, «бала үшін жұмыс істеп жүрмін» деп қалағанын алып береді. Бірақ, бала тек бүгінгі қызығын ойлайды, оның болашағын біз, ата-аналар ойлауымыз керек. Көшеде жүргендерін байқасаңыз шошисыз, одан қалды желідегі жаңалықта да толып жүр. Яғни, екі күннің бірінде жол апатына ұшырап жатқан мопед пен скутер мінген жастар. Оның көбі 18 жасқа толмағандар. Өзімнің басымнан өткесін өзгелерге айтқым келеді, баланың қызығы үшін болашағына балта шаппаңыздар. Арбада отырған баламды көріп өзімді өзім кінәлаймын. Бұл жағдайды ешкімнің басына тілемеймін. Баланың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек, — деді қапаланған ата-ана.
Иә, «қатарынан қалмасын» деген түсініктің соңы бейнетке душар етіп, өкінішке ұрындырып жатқаны өкінішті. Бірақ, жамандықтың беті әрмен, адам қашан өзінің басына түспейінше түсінбейді ғой…
Түйін
Иә, қазір көшеде жаяу жүру де, көлікпен жүру де қауіпті болып тұр. Жаяу шықсаң электросамокат түйеді, көлікпен жүрсең скутер мен мопедтер жағаласады. Сондықтан «Сақтаңсаң, сақтаймын» деген қағидаға сүйеніп, адамдар өз амандығына өзі ғана жауапты деуден басқа айтар сөз де жоқ.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
* Редакция поштасынан
Мопед мінген осы ма?..
Көктемде танысымды жаяу жүргіншілер жолында мопед қағып кетіп, дене жарақатын алды. Оқиға кешқұрым құрбысымен серуенге шыққан уақытта болыпты. «Содан бері мопедтің даусын естісем денем тітіркеніп, үрейленетін болдым» деген танысымның қорқынышы әлі басылмаған.
Расында, күн жылынысымен, көшеде желмен жарысып, жол ережесін бұзатын мопедшілерді көп байқаймын. Соның салдарынан қанша адам жарақаттанып, кейбірі өмірімен қош айтысты.
Заң бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарға түнде жүруге болмайды. Түнімен әрі-бері дарылдатып жүретін жасөспірімдерді көріп, бірнеше рет «102»-ге хабарластым. «Қате – аяқ астынан» демекші, мұны жол патрульдік полицейлері заң жүзінде мопед жүргізушілерін тәртіпке салып, ереже сақтауды еске салсын деген ойдан туындаған әрекет деп түсініңіз.
Өзім де жастың бірімін, «ажал арбасы» деп айдар таққан көліктен зардап шекпесін деген ниетпен замандастарымды жолда сақ болуға үндеймін. Жол жүру ережесін меңгеріп, бір-біріңмен жолда жарыспай, мопедті ретімен қолдансаңыздар! Ал, ата-аналар кәмелетке толмаған жасөспірімдерді өз бетімен жібермей қадағаласа екен. Соның нәтижесінде «қара жолдағы» қайғылы жағдайдың азаятынына сенемін.
Дильназ АМАНҒАЛИЕВА,
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті