МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА – АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕРТИФИКАТТАРЫ

Қоғам

Халқымыз қай кезеңде де ұрпақ мәселесін алдыңғы кезекке қойды. Жетімін жылатпады, қамкөңіл жандарға үнемі қолдау көрсетті. Ата-бабамыздан қалған сол дәстүрмен қазір де мүмкіндігі шектеулі жандарға мекемелер мен мейірбан аға-апалар балалар мен мүгедектер үйін қамқорлығына алды. Бірде сәбилерге киім-кешек, түрлі түсті ойыншық әперсе, енді бірі тек қана жәрдемақыға қарап қалған мүгедектерге азық-түлік пакетін ұсынды. Жалпы, Атырау қалалық мүгедектер қоғамында үш мыңға тарта І, ІІ, ІІІ топ мүгедегі және 43 бала тіркелген. Бұған дейін де әлеуметтік салаға қайырымдылық көрсетіп келе жатқан «Каспий Құбыр Консорциумы-К» акционерлік қоғамы осындай жандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
– Әрине, азық-түлік сертификаттары әнебір үлкен сый болмағанымен, біз шынайы көңілден сыйлап отырмыз. Осындай шағын көмегімізді жыл сайын мереке күндері ұсынатынбыз. Бұл жолы мұндай шараны өткізу жаздың жаймашуақ күнінде бұйырып отыр. Ақсақалдарымыз бен аналарымызға тек денсаулық тілеймін. Жалғыздықтың азабын тартпай, әдемі қарттықты көру жазсын. Естеріңізде болса, бұрын азық-түлік түрлері салынған үлкен сөмке беретінбіз. Заман талабына сай қазір бәрі жеңілдетіліп жатыр ғой. Енді кішкентай сертификат арқылы үйіңіздің жанындағы «Атаба» супермаркеттерінен 10 мың теңгеге қажетті тауарларыңызды сатып ала аласыз, – деген Қанатбек Райханұлы осындай акция екінші рет ұйымдастырылып отырғанын, бір ай бұрын Соқырлар қоғамында өткенін айтты. Ардагерлер мен мүгедектерге тілегін арнаған соң ол 100 азық-түлік сертификатын иелеріне табыстады. Сертификатқа ие болған жандардың демеушілерге алғыстан басқа айтары болмады.
– «Қара алтынымыз» азаймасын. Қазанымыз қазынадан ортаймасын. Отыз бес жыл бойы екінші топ мүгедегімін. Зейнеткерлікке қалғанша облыс орталығындағы №21 орта мектепте, Калинин атындағы және Ы.Алтынсарин атындағы мектептерде технология пәнінен сабақ бердім. Жиырма бес жыл бұрын жолдасым өмірден өткен еді. Балаларым қазір өсіп-жетілді, өз күндерін өздері көріп жатыр. Бізді әрқашан елеусіз қалдырмай, сый-сияпатын ұсынып отыратын компанияларға ризашылығымды білдіргім келеді. Әсіресе, «КҚК-К» акционерлік қоғамы ұдайы қамқорлығын көрсетуде, – деді ҚР Оқу ісінің үздігі, зейнеткер Багита Шағиева. Ал, Атырау қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы, соғыс және еңбек ардагері Сақтаған Өтеғалиев ақ тілегін былайша жеткізді:
– «Отан отбасынан басталады». Ендеше, жанұямыз аман болсын. Облысқа белгілі «КҚК-К» құрылған уақыттан бері мұнайлы өлкенің бірнеше нысанына көмектерін көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау ұйымдарына көлік әперіп, мектептер мен балабақшалардың керекті кәріз жүйелерін жөндеп, алғысқа бөленіп жүргендерін теледидардан көріп, газеттен оқып отырмыз. Сонымен қатар, бір ғана жәрдемақыға қараған, аз қамтылған мүгедектерге де жәрдемдесуде. Оның үстіне, қазіргі уақытта азық-түлік бағасының қымбатшылық байқалады. Сондай сәтте қол ұшын созған компанияға «шоқтығы биік мекеме болсын!» деген тілегімізді білдіреміз. Біз осы компаниядан үнемі Любовь Естифееваға қажетімізді айтып отырамыз. Сонда ол ақжарқын көңілімен сөзімізді мұқият тыңдап, үнемі қолдап отырады. Қарттарды бірде-бір рет ренжітіп көрген емес. Жұмыстарыңызға тек қана сәттілік тілеймін, – деген Сақтаған Өтеғалиев компания өкілі Л.Естифееваға алғысын айтып, естелік ретінде «әйел бақыты» гүлін табыстады.
«Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ-ның ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі өкілі Асқар Шманов мүмкіндігіне қарай мекеме ардагерлерге көмек көрсетіп отыруға тырысатынын жеткізді. «Қалаған уақытыңызда «Атаба» супермаркеттерінің желісінен сертификатпен керекті тауарларыңызды ала аласыз. Осыған дейін мекемеміз Соқырлар қоғамына азық-түлік сертификаттарын табыс еткен болатын. Біз осындай дәстүрді жалғастырып отыруға тырысып бағамыз», – деді ол.
Айта кетелік, жеті жылдан бері «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ Атырау қалалық мүгедектер қоғамына азық-түлік себеттерін сыйға тартып келеді. Соңғы үш жылда оны сертификат түрінде табыстай бастады. Бір ай бұрын алпыстан астам Соқырлар қоғамының мүшесіне осындай купондар сыйлаған.

Айбөпе САБЫРОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған