АЗАТ ЕЛДІҢ АТА ЗАҢЫ
«Конституция» сөзі латыншадан тәржімалағанда «құрылыс», яғни, «мемлекет, ел, болудың нұсқасы» деген ұғымды білдіреді. Бұл түсінік қазақ халқы үшін өте ұғынықты. Не бір тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерген халқымыз Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті Жарғысының қағидаттарын басшылыққа алып, даналықпен ұштасқан дала билігі бойынша өмір сүрді. 1995 жылы республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясы – солардың заңды жалғасы секілді.
Егеменді еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданғанын ерекше атап өткен жөн. Онда Президентті мемлекет басшысы, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, билікті бөлісу принципі, мемлекет тәуелсіздігі, егемендік, сот органдары және басқа да маңызды мәселелер қамтылғанын жақсы білеміз. Бірақ та кеңестік жүйенің қасаң қағидаттарынан толықтай арыла алмаған Конституциямыз уақыт көшіне ілесе алмады. Өркениет талаптарына, республика тұрғындарының мүддесіне сай келетін Ата Заң қажеттігі күн өткен сайын айқын сезіле бастады.
Халық қалауын басшылыққа ала отырып, бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда бүгінгі қолданыстағы Ата Заңымыз қабылданды. Конституцияның «Жалпы ережелер» деп аталатын 1-бөлімінде «Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты–демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуетті мемлекет құру» деп атап көрсетілді. Сол бойынша мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып үш тармаққа бөлінді. Президент құзырындағы өкілеттіктердің белгілі бір бөлігі Парламентке беріліп, Президенттік-Парламенттік басқару жүйесі бекітілді.
Уақыт талабына сай 1998 және 2007 жылдары Конституцияға қосымша толықтырулар енгізілді.
Барлық қазақстандықтардың мүддесін көздің қарашығындай сақтауға бағытталған Ата Заңымыз еліміздің сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, судьялардың мәртебесін көтеруге үлкен серпін туғызды. Атап айтар болсақ, сот кадрларын іріктеу Жоғары Сот Кеңесіне берілді. Өлім жазасына мораторий енгізіліп, тұтқындауға санкция беру құзыреті прокуратурадан соттарға ауыстырылды. Алқа билер институты, мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық, ювеналдық соттар құрылып, жұмыс жасауларының арқасында сот беделі көтерілді. Халықтың сотқа деген сенімі нығая түсті. «Медиация туралы» заң қабылданып, түрлі дауларды шешудің баламалы әдістері жүзеге асырыла бастады.
2012 жылдың 1-ші шілдесінен бастап Қылмыстық, Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес облыстық соттарда азаматтық және әкімшілік істер бойынша және қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқалары, облыстық соттың төрағасы тікелей жетекшілік ететін кассациялық сот алқасы жұмыс жасауда. Сол бойынша бірінші сатыдағы соттарда қабылданған заңды күшіне енбеген сот шешімдері мен үкімдері облыстық соттың апелляциялық сот алқаларында, ал, заңды күшіне енген бірінші сатыдағы сот шешімдері мен үкімдері, апелляциялық сот алқасымен қабылданған үкімдер, қаулылар кассациялық сот алқасында қаралуда. Осы тұста атап өтерлігі, егер де тараптар сот үкіміне, шешіміне разы болмаған жағдайда заңды күшіне енген сот актілерін облыстық соттың кассациялық сот алқасы қайта қарап, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қателіктерін дер кезінде түзеп отырады. Соған сәйкес ендігі жерде Жоғарғы Соттың қарауына тек кассациялық тәртіпте қаралған істер ғана жолданатын болады.
Атырау облысының судьялар қауымдастығы, соттарының ұжымы облыс аумағында әділ сот төрелігін жүзеге асыруда үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығын жақсы жетістіктермен қорытындылап отыр. Атап айтсақ, 2013 жылдың жеті айында облыс соттары бойынша 7626 азаматтық, 898 қылмыстық және 14209 әкімшілік іс қаралып, тиісінше 4363 шешім, 466 сот үкімі шығарылды. Осы уақыт аралығында 213 сотталушы бас бостандығынан айырылып, алқа билердің қатысуымен бір іс қаралды. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау барысында іс жүргізу мерзімдерін бұзуға жол берілген жоқ.
Сот ісінде қолжетімділікке, жариялылыққа айрықша назар аударылуда. Қоғамдық қызығушылық тудыратын істерге БАҚ өкілдері ешқандай кедергісіз қатыстырылады. Барлық сот отырыстары аудио, бейне таспаларға жазылып алынуда. Баспасөз конференциялары, «дөңгелек үстелдер», брифингтер, «ашық есік» күндері жоспарлы түрде өтіп тұрады. Облыстық соттың «Қазақстан-Атырау» телеарнасымен бірлесіп жасаған «Алло, адвокат» бағдарламасы айына екі мәрте эфирге шығып келеді. Қыркүйек айынан бастап тікелей эфирге шығатын құқықтық-консультативтік «Заң қуаты» жобасы да көрермендеріміздің көзайымына айналатынына сенімдіміз.
Ата Заңымыздың 75-бабында Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асыратыны нақтыланса, 77-бабында «судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана бағынады» деп атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров БАҚ өкілдеріне берген кезекті сұхбатында: «Би әділ болса, шешім кәміл болар», дейді халқымыз. Менің ойымша, нақты бір судья сөзге шешен, сауатты, сот үрдісін жақсы ұйымдастыра алады делік. Сөйте тұра, ол судья дүниеқұмарлық, парақорлық секілді жағымсыз қасиеттердің иесі болуы да мүмкін. Ал, енді бойында қаншалықты дәрежеде адалдық, имандылық, кішілік пен кісілік бар? Егер бұл қасиеттер болмаса, онда мұндай адамдардың еш уақытта судьялыққа, яғни адамның тағдырына төрелік етуіне жол бермеу қажет. Ондай адам еш уақытта әділ қазы болып жарытпайды. Әр салада жемқорлыққа бой алдырған тұлғалар қызмет етуі мүмкін. Олардың өмір сүру тәртібіне тыңғылықты сараптама жүргізсе, барлық мәселенің беті ашылады. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, құлқынының құлына айналғандарды бүкіл саналы ғұмырын сот ісіне арнап, тәжірибесі мен білімін әділ төрелікті қамтамасыз етуге жұмсап келе жатқандармен шатастыруға болмайды. Отанын сүйген, ел алдындағы борышын түсінген судьялар ешқашан да ар-ұяттан аттап, сот беделіне селкеу түсірмейді. Қазақтың «тура биде туған жоқ» деуі тектен-тек емес. Сондықтан, осы қағиданы әрбір судья берік ұстанғанда ғана халықтың сотқа деген сенімі ұлғая түседі» -деп судьялық қызметтің қаншалықты қиын, қаншалықты жауапты, қаншалықты мәртебелі екендігін ерекше атап көрсетті. Сондықтан да биік міндет үдесінен көріну үшін кәсіби шеберлігімізді, біліктілігімізді жетілдіре отырып, алдағы уақытта да қара қылды қақ жарып, әділ билік айтатын боламыз.
Мұхтар СМАҒҰЛОВ,
Атырау облыстық сотының төрағасы.