Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚОҢЫР ӘУЕНІ латын әліпбиіне көшкенде қайта жаңғырады

Аталмыш конференцияны ұйымдастырушы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов басты мақсат әліпбиді жаңа графикаға көшірудің тиімді жолдарын ұсыну екендігін айтты. «Ел Президенті Қазақстан – 2050 стратегиясында саяси шешім қабылдады. Ендігі міндет ғылыми, әдістемелік, техникалық тұрғыда сала мамандары бірігуі керек» деген ол латын графикасына көшудің кешенді жолын ұсынды. «Ғылым, экономика, халыққа қызмет көрсету орталықтарында графика ауыстыру синхронды түрде жүруі керек. Сондай-ақ, қазақ тілін бейімдеу — күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Бүгінде қазақ тілі көптеген әлем елдерінің тілімен толықты. Кеңес үкіметі тұсында экономикалық, қаржылық, мәдениет, медицина, спорт салалаларындағы ғылыми терминдер алдымен орыс тіліне аударылып, қазақ тіліне бейімделді де, терминдер мағынасы түпнұсқадан әлдеқайда алшақтап кетті» деген Қилымғали Қайненов терминдерді төл тілінен қазақшаға тікелей аударуды ұсынды. 
Рас, әліпби ауыстыру соңғы кездері үлкен қоғамдық резонанс туғызған, түрлі пікірлер сарапқа салынған мәселе болды. Бұл орайда Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов бастаған ұлт зиялыларының ел Президентіне жазған ашық хатын айтпай кетуге болмайды. «Латын қарпіне «Мемлекеттік тіл» деген аты бар да, заты жоқ жалғыз қазақ тілі ғана көшпек. Бұл еліміздің бірлігіне, тұтастығына нұқсан келтірмей ме? Ендеше, осы істе жолымызды екі үлкен мәселе кес-кестеп тұр» деп басталатын хатта авторлар «Осы күнге дейін республикамызда еліміздің ежелгі, кейінгі тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына байланысты және ғылымымызды, әдебиетімізді, салт-санамызды әспеттейтін миллиондаған атпен кітаптар, ғылыми еңбектер басылды. Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Екіншіден, әліпби ауыстыру қазақтарды екіге бөледі» дейді.
Сондай-ақ, белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының «Жалын» журналында жарық көрген «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде, латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» атты мақаласында латын қарпіне көшпеуге көптеген дәлелдер келтірілген. Онда автор Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстанның ащы сабақтарын келтірген. « Түріктер латын әліпбиіне 1928 ж. көшкенмен, әлі де түрік тілінің дыбыстық қорындағы бірқатар дыбыстарды таңбалайтын әріптер әліпби жүйесіне енбей қалған. Өзбектерде де ондай мәселе бар. Әзірбайжан, өзбектерді айтпағанда, түріктер сан ғасырлық араб графикаларына негізделген рухани мұраларын пайдалана алмай отыр. Балалар әдебиеті тапшы. Ғылыми әдебиет кирилл графикасында жазылған. Мұғалімдер дайындау мәселесі — өз алдына үлкен проблема. Өзбекстанда латын әліпбиінде оқитындар азайған соң, ұлттық баспасөзге де сұраныс азайған. Ол, әсіресе, орта жастағылар мен үлкендер арасында» деген дәлелдерді айтады. Осы мәселелерге тоқталған Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан облысы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов «Жазу бойынша сөйлене бастаған, бұзылған тіліміз одан әрі бұзыла бермей ме? ХХ ғасырдың басында жүрөк сөзі бүгінде жүрекке айналды. Құлұн, тұлұм, жұлұн сөздері құлын, тұлым, жұлын болып жазылғасын, келешекте ерін үндестігін бұзып, құлын, жұлын деп қазақ сөйлей бастаса, кімді кінәлаймыз? Әлі күнге дейін, өмір бойы дауыссыз болып келген и, у дыбыстары мектепте біресе дауысты, біресе дауыссыз болып оқытылуда. Қай ғылымнан біресе деген сөзді көрдіңіз? Екіге екі қосқанда біресе үш, біресе төрт болады десек, математика қалай ғылым болады?» деген ол, кириллицамен жүре берсек, алға қарай транскрипция енгізуге мәжбүр болатындығымызды айтты.
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрбол Сәдуақас латын әліпбиіне көшуді сайып келгенде, ана тіліміздің болашағына, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керектігін айтты.
«Бүгінде тіл мамандарының бір бөлігі әліпби өзгертумен ғана шектелмей, қазақ жазуындағы емле қиындықтарын бірге шешу керек» дегенді, ғалымдардың екінші бір тобы бұрынғы кирилл әріптерін түгелімен латынға ауыстыра салуды ұсынуда. Егер 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейді. Латын әліпбиіне көшу жұмыстарында дыбыс – фонема – графема — әріп байланыстарын терең түсінетін ғалымдар Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова сияқты т.б. фонолог мамандардың сөзіне құлақ қойған жөн. Және латын графикасына (таңбасы) негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс» дегенді айтты.
Оның айтуынша, қазақ тіліндегі бір «н» әрпі, 6-7 түрлі етіп айтылады. Мысалға нан, нұр, нән сөздерінде «н» әрпінің дыбысталуы әртүрлі. «Бір дыбысқа екі әріп арнау, бір адамның екі паспорты бар дегенге келеді. Тағы бір мысал. Қазақта «хош көрдік», «қош көрдік» деп те айтыла береді. Мұның барлығы артық дыбысты алғаннан. Біздің тілдегі әуен бұзылып бара жатыр» деген ол, бір ғана әліпби ауыстырумен үлкен өзгерістер болмайтынын, сондықтан, ұлттың санасын өзгерту керектігін айтты.
Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Маңғыстау мұғалімі» газетінің бас редакторы Қуантқан Ванов «қазақ тілінде заңдылық бар дейді, бірақ, ол заңдылық сақталмай жатады. Мысалға бір ғана «у» әрпі. Бірде дауысты, бірде дауыссыз. Бұл дәлдік заңдылыққа қаншалықты сәйкес келеді?» деген ол «у» мен «и»-ді дыбыс емес, «я» әрпі сияқты қосар дыбысты белгілейтін әріп ретінде ғана пайдалануды ұсынды.
«Мысалға «бит» деп жаз десе, қай битті жазайын, информатика терминін бе, жәндікті ме деп сұраймыз ба? Ал, жақсы сұрай қояйық, информатика терминін бит деп, жәндікті бійт деп жаза қояйық. Бірақ, онда и қысқармай, й-ге қоса пайдаланылмай ма? Бұл и-ді қалай оқимыз? Яғни, су мен би сөздерін қазіргі күйінше жаза отырып, мұндағы у мен и-ді ұұ, ій қосар дыбысы ретінде қарастырамыз. Сонда бұлар дауыссызбен аяқталатын сөздер (сұұ, бій) болып табылады. Демек, оған тәуелдік жалғауының ы, і болып жалғануы заңды. Сондай-ақ суы, биі сөздері сұұы, бійі деп оқылатындықтан сұ-ұы, бі-йі деп буындалады, мұнда екінші буын дауыстыдан емес, дауыссыздан басталып тұр және екі дауысты дыбыс қатар келіп тұрған жоқ. Демек, суы, биі деп жазу қазақ тілі заңдарына кереғар емес» деген дәлелдерін келтірген ол латын әліпбиіне көшуде қазақ тілінің емле ережелерін қайта қарау керектігін айтты.
«Қазақтелеком» АҚ-ының дербес бөлімі Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының мемлекеттік тілді іс қағаздарына енгізу жөніндегі маманы Аманғали Әміржанұлы жаңа әліпбиіміздің, ұлттық үнімізді білдіретін өзіндік түр-тұлғасын біржола, кейіннен дау-даңғаза туғызбайтындай етіп бекітіп алу керектігін айтты. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті Қуандық Шамақайұлының «Компьютерлік технологияға, интернет жүйесіне көшкеннен бері кириллицадағы жеті-сегіз әріптің машақатын тартып-ақ келеміз. Ол жағдай бәрімізге де белгілі. Бір компьютерде терілген мәтінді келесісі “жатырқап” оқымайды, баспаханаға өткізген кітаптарымыздың қазақ әрпі ұшып кетіп, орнына үшбұрыш, төртбұрыш белгілер одырайып тұрады т.с.с… Алайда, бұл жерде қаперге алынатын бір маңызды мәселе алдымыздан шығады. Ол – ң, ғ, ә, қ секілді әріптерді қалай белгілейміз деген орынды сауал. Егер аталмыш әріптердің аяғына немесе басына әлде бір белгі, нүкте қойып ерекшелейтін болсақ, қатты қателесеміз. Онда қазіргіден еш айырмашылық жоқ, баяғы сол машақаттан арылмай жүре беретін боламыз» деген пікірін оңды деп есептейтіндігін, сондықтан «қазаққа тән өзіндік дыбыстарды қалай таңбалау керек?» деген мәселеде Қуандық Шамақайұлының «ағылшын, неміс, француз, испан тілдерінің айтылу, жазылу ерекшеліктерін анықтап, оны қазақ тілімен салыстыруға тура келеді. Бұл тұрғыдан келгенде, қос әріп қолдану бәрінен де тиімді болар ма еді деген ойдамын. Айталық, «ң»-ды – ng, «ғ»- ны – gy, «қ»-ны – q, «ә»-ні – aі, «ұ»-ны – ou» деген пікірін қолдайтынын айтты.
«Латын әліпбиіне көшу — қазақтың ұлттық әліпбиін жасау. Әліпбиімізді және жазу ережелерін түзеу арқылы – қазақ тілінің өзінің байырғы қоңыр әуенін қайтарып алу. Егер осымен кете берсек, қазақ тілі қалғанымен, оның жаратылысы мен өзіне ғана тән табиғи ерекшеліктерінен ештеңе қалмайды» деп дабыл қаққан Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Серік Аташев қазақ тілінің жазылымындағы кемшіліктерді жою керектігін айтты. Мәселен, біз қазір «ми» деп жазамыз. Бастың ішіндегі ми. «Ми» деген нота атауы да бар. Бұл екеуінің омоним еместігін ескерсек, басымыздағы – «мый», ал, нота атауы – «ми». «Осы екеуін неге ажыратып жазбасқа? Басымыздағы мый сөзінен неге ортасындағы «ы» дыбысын алып тастап, қазақ тілін өрескел бұрмаладық?» деген ол латынға көшкен кезде, «әулие» деп емес, өзіміздің баба тіліміздегідей «әулійе» деп жазатындай ереже болуы керектігін айтты.
Конференция барысында Орал, Ақтау, Ақтөбе қалаларынан келген және өзге де жергілікті ғалымдар мен тіл, информатика мамандары баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Осылайша, әліпбиімізді латын графикасына көшіру арқылы қазақ тілін түбегейлі жаңғырту, оның коммуникативтік, ғылыми, технологиялық әлеуетін арттыру, қазақ тілін әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару жөніндегі түрлі ұсыныстар Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне жолданды.
Иә, әліпби ауыстыру бір күнде шешілетін мәселе емес. Ол зор дайындықты және кешенді түрде жүзеге асыруды қажет етеді. Ендеше, ғалымдар алдында әліпби ауыстырудың неғұрлым жеңіл, ыңғайлы жолдарын ойластырып, қазақ тілінің табиғи ерекшеліктерін сақтап қалу міндеті тұр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button