Электр энергиясы қаншаға қымбаттайды?

img 20191203 153040 173 Жаңалықтар

Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста электр және жылу энергиясын тұтыну тарифтерінің көтерілгендігі белгілі.

Нақтылай айтқанда, «Атырау-Жарық» АҚ бойынша жеке тұлғаларға жеткізілетін 1 кВт. электр қуатының бағасы 4,73тен 4,87 теңгеге немесе 2,9 пайызға өсті. Ал, «Атырау жылуэлектр орталығы» АҚ бойынша заңды тұлғалар тұтынатын жылу қуатының тарифі 4 418,48-ден 4 976,76 теңгеге (12,6%) қымбаттады.

Келесі кезекте, электр энергиясын жеке және заңды тұлғаларға тікелей өткізетін «АтырауЭнергоСату» ЖШС бойынша тарифтерді көтеру мәселесі тұр. Әрине, бұл тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Осыған байланысты, «Атырау» газеті оқырмандарынан да телефон қоңыраулары мен хаттар келіп түсуде.

Бәтима ШАПАҒАТҚЫЗЫ,

Атырау қаласының тұрғыны, еңбек ардагері:

– Ас атасы – наннан бастап, күнделікті тұтынатын азықтүліктің бағасы аспандап тұрғанда, электр мен жылу энергиясы тарифтерінің көтерілуі халықтың бәріне бірдей оңай тимесі анық. Оның әсіресе, айлығы шайлығынан аспайтын, күнелтіс деңгейі төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қиынға соғатыны кәміл. Сондықтан, құзырлы құрылымдар мен билік басындағы азаматтар тұрғындар тұтынатын электр қуатына төленетін ақы көлемін көбейтуге жол берілмеуіне ықпал етсе деген ұсыныс-тілегім бар.

Осы мәселеге қатысты құрылымдарға хабарласқанбыз. Солардың бірі – «АтырауЭнергоСату» ЖШС өкілінің айтуынша, электр энергиясын тасымалдап жеткізу құнының көтерілуімен байланысты, сәйкесінше сату бағасын да қымбаттату жөнінде мекеме басшылығы тарапынан облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне ұсыныс жолданыпты.

Дегенмен, әлі нақты шешім қабылданбапты. Өйткені, жуық арада бұл мәселе төңірегінде алдын-ала қоғамдық тыңдау өткізіледі. Содан соң қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына шығарылады. Тарифтің қалай, қаншалықты өзгеретіндігі сонда ғана белгілі болады. Ал, қазіргі уақытта, өткен жылдың ақпанында қолданысқа енгізілген тұтыну тарифтері сол күйінде сақталуда.

Атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін 17,10 теңге, жеке тұлғаларға қатысты сараланған тарифтер: бірінші деңгей бойынша – 4,09, екінші деңгейде – 5,22 және үшіншісінде 6,53 теңге көлемінде қалып отыр. Ресми дереккөздерден алынған ақпараттарға қарағанда, ұсынылып отырған жобада электр энергиясының орташа өткізу құны 15,59 теңгені құрап, бұрынғысынан 18,2 пайызға өсіру көзделген.

Соның ішінде, жеке тұлғаларға – 5,99 теңге (37,7 %), басқа санаттағыларға 18,59 теңге (10,5 %) көлемінде көтеру жобаланған. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеумен айналысатын субъектілер үшін де тарифті 15,59 теңге (18,2 %) көлемінде бекіту жөнінде ұсыныс берілген. Осыған қарап, бұлардың арасынан электр энергиясын тұтыну тарифі тұтынушылардың басым бөлігін құрайтын жеке тұлғалар, яғни тұрғындар үшін айтарлықтай қымбаттап кетуі мүмкін екенін байқау қиын емес.

Егер, «АтырауЭнергоСату» мекемесінің ұсынысы қолдау тауып, сол күйінде бекітілетін болса, тариф бірден 40 пайызға жуық көтерілгелі тұр. Ал, сарапшы мамандар мұны электр энергиясына қойылған шекті тарифтер көлемінің ұлғайтылуымен байланыстырады. Атап айтқанда, «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына сәйкес, бұған электр энергиясын тасымалдау және электр қуатын тұрақты дайындық деңгейінде ұстап тұру шығындарының кіретіндігімен немесе есепке алынатындығымен түсіндіреді.

Әрине, қай салада болмасын белгілі бір мерзім өткесін көрсетілетін қызмет құнын қайта қарап, мүмкіндігінше көтеріп отыру – нарық пен уақыт талабы. Сол себепті, мәселенің қалай шешімін табатынын, тарифтің қаншаға қымбаттауы ықтимал екенін күнілгері болжап айту мүмкін емес. Ендігісі, жұртшылықтың ұсыныс-пікірі мен құзырлы мемлекеттік органның қандай ұйғарымға келетінін күтіп, әліптің артын бағу ғана.

Ең бастысы, халықтың реніші мен наразылығын туғызып, бағаны шамадан тыс қымбаттатып алмау. Жұртшылықтың қоғамдық тыңдаудан, жергілікті мәслихат депутаттарынан күтері де осы болса керек.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз