ҚАЗАҚ МҰНАЙЫН ҚҰБЫРМЕН ТАСЫҒАНДАР ел экономикасына сүбелі үлес қосуда
— Асылбек Наурызғалиұлы, Құлсары мұнай құбырлары басқармасының өңір экономикасын дамытудағы орны ерекше деп білеміз.
— Бұл сөз ешқандай артық айтылғандық емес. Сайып келгенде, тұтастай «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы, оның Батыс филиалы, соның бір құрамдас бөлігі ретінде Құлсары мұнай құбырлары басқармасы еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып келеді.
Бұл ретте тарихқа шолу жасап көрсек, біздің басқарманың қалыптасу кезеңі сонау 1932 жылдан басталады. Осы жылы «Каспий-Орск» мұнай құбырының құрылысы қолға алынды, ал «қара алтын» тасымалдаудың алғашқы бекеті Қосшағылда еді.
Басқарманың құрылу тарихы Маңғыстауда жаңа кеніштердің ашылуымен тығыз байланысты. Сол кезде ел зауыттарына қазыналы жарты аралдың тез қатқыш, жоғары тұтқыр мұнайын тасымалдау мәселесі туындаған. Сөйтіп, КСРО Министрлер Кеңесі 1967 жылғы 18 тамыздағы №1995 өкімімен «Өзен-Гурьев-Куйбышев» магистральды мұнай құбырын тұрғызу жөнінде мемлекеттік жоспар ұсынды. Ал, 1969 жылдың тамызында оның ұзындығы 684 шақырымдық бөлігі пайдалануға берілді. Маңғыстау мұнайының ерекшеліктері ескеріліп, құбырдың әр жүз шақырымына қосымша пештер салынып, 60 градусқа дейін қыздырылған «қара алтын» Гурьевке жөнелтілді.
Ал, Құлсары мұнай құбырлары басқармасының құрылуына КСРО Мұнай өндірісі министрлігінің 1988 жылғы 7 шілдедегі бұйрығынан кейін шығарылған магистральды мұнай өнімдері Оңтүстік басқармасының сәйкес бұйрығы негіз болды.
Мұнай тасымалдау ісі кейінгі жылдары лайықты қарқынмен дамыды. Ал, 1987 жылы Астрахан-Маңғышлақ магистральды құбыры қатарға қосылып, қыркүйекте Еділдің суы №8 су сору стансасы арқылы қазыналы жарты аралдың мұнайшыларына жеткізілді. Кейін, яғни 1990 жылы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің газ өңдеу зауытының құрылысы басталуына байланысты және Құлсары елді мекені халқын, аудандағы ірі кәсіпорындарды ауыз сумен сенімді қамтуға байланысты су тазарту құрылымы салынды. Ақыры, 1997 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «КазТрансОйл» компаниясы құрылып, оған барлық магистральды мұнай және Батыс Қазақстан бойынша су құбырлары берілді. Міне, толғаулы тарихқа көз жүгірткенде осындай өмір өткелдері көрінеді.
— Қазір кәсіпорында қанша адам еңбек етеді?
— Тағы да сәл ғана тарихқа шолу жасалықшы. Мәселен, сонау 1969 жылы мұнай айдау стансасының ең бірінші бастығы Орынғали Мекебаев болған-ды. Сол кезде ұжымда небәрі жиырма адам еңбек еткен екен. Ал, қазір 600-ден аса маман «қара алтынды» кідіріссіз тасымалдау жолында тер төгуде. Әртүрлі жылдары басқарманы А.В.Войтков, Н.В.Кузнецов, Қ.Ерғалиев, М.Наров А.Қ.Сәрсенбай басқарды. Мен ұжым тізгінін қолыма 2006 жылы алдым. Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ институтын тәмамдадым. Ақтау, Орал қалаларында басшылық қызмет атқардым.
Құлсары мұнай құбырлары басқармасының шаруашылығы өте үлкен. Мұнда 800 шақырымнан аса магистральды мұнай және су құбырлары, мұнай және суға арналған резервуарлар, «қара алтын» қыздыратын пештер бар. Басқарма тек мұнай тасымалдаумен ғана емес, сонымен қатар Еділ суын көршілес Маңғыстау облысына жеткізумен де шұғылданады. Осы судың бір бөлігін жергілікті жылыойлықтар, сондай-ақ ірі мұнай кеніштерінде жұмыс жасап жатқан іргелі кәсіпорындар да тұтынады.
Қазір біз Өзен-Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы Жылыой және Қайнар мұнай-газ өндіру басқармалары кеніштерінің, «Қырықмылтық», «Оңтүстік Қамыскөл», «ТаңдайПетролеум», т.б. кен орындарының өнімін жөнелтіп отырмыз.
— Осы орайда басқармадағы адам ресурстары жөнінде не айтар едіңіз? Мемлекет басшысының өзі кадрларды сақтап, жергілікті мамандарды көбірек дайындауды ұсынып отыр емес пе?
— Жоғарыда айттым ғой, қазір бізде шамамен 600 адам еңбек етеді. Солардың бәрі – жергілікті жандар. Маман тапшылығы жоқ, демек ешкімді де сырттан шақырмаймыз. Тіпті бірнеше тұтастай еңбек әулеті қалыптасқан.
Мәселен, сонау 1990-97 жылдары басқарманы Қадірбай Ерғалиев басқарды. Іскер азамат еді, өмірден ерте өтті. Бірақ, оның ісін бізде ұлы Медет пен қызы Бибігүл жалғастыруда.
Немесе Түйекен Бисен есімді ардагеріміз бар. Зейнеткерлікке шыққанша осында бірнеше жұмысшы мамандығын атқарды. Бар білгенін жастарға үйретті. Сол ақсақалдың Еркін және Асылбек атты қос ұлы бізде қызметте. Үйлі-баранды, үлгілі отбасы иелері. Әкелерінен алған тәлім-тәрбиесін кәдеге асыруда.
Ал, Әлібек Жылгелді 2003 жылы Атырау-Кеңқияқ мұнай құбырын қатарға қосуға тікелей қатысты. Бүгінде басқармада оның Нұрлыбек, Рүстембек және Нұрлан есімді үш ұлы қызмет істейді. Мұндай әулет сирек кездесетін шығар.
Жалпы, «ат тұяғын тай басар» дегендей, зейнет жасына жеткен үлкендердің орнына тепсе темір үзетін жастар көптеп келуде. Демек, құбыршылар мамандығының тіні үзілмейді. Әлі талай әулет қалыптасады.
Енді сұхбат соңында кейбір өндірістік көрсеткіштерді тілге тиек етіп көрелік. Өткен жылы Өзен-Атырау-Самара мұнай құбырымен 2785,308 мың тонна «қара алтын» айдалды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық.
Сонымен қатар, былтыр Астрахан-Маңғышлақ құбырымен 6901,877 мың текше метр Еділ суы тұтынушыларға жеткізілді.
Ал, биылғы бірінші тоқсанды тұжырымдағанда, құбыр арқылы 4360,6 мың тонна мұнай тұтынушыларға жол тартты. Сонымен қатар, осы уақытта 1572,9 мың текше метр Еділ суымен халықты қамтамасыз еттік.
Қорыта айтқанда, бүгінде мұнай құбырлары қазақстандық экономиканың келешегі зор, қуаты мол саласы саналады. Қазір ішкі және сыртқы нарықта энергетикалық қуаттарға деген сұраныс одан әрі артып келеді. Тұтас еліміздің шағын ғана өндірістік буыны ретінде Құлсары мұнай құбырлары басқармасы да өзінің мүмкіндігін арттырып, барлық тапсырысты сапалы орындауда.
Әрине, біз алдыңғы кезекке өндірістік қауіпсіздікті сақтауды қоямыз. Еңбек қорғау, өндірістік санитария, көліктегі қауіпсіздік – күнделікті назарда.
Басқармада «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының бастауыш ұйымы бар. Бүгінде оған басқарманың меншік қорғау жөніндегі маманы Таппатия Бекенов жетекшілік етеді. Ұйымда әр ұлт өкілдерінен тұратын 383 мүше бар.
Сайып келгенде, бастауын сонау 1988 жылдан алатын ұжым өмірінде еске қаларлық талай оқиғалар болды. Солардың бәрі өндірісті өркендетуге, қуаттарды арттыруға бағытталды. Демек, бүгін қол жеткенмен ешкім де шектеліп қалмайды. Міне, сондықтан басқарма алдағы күндеріне сеніммен қадам басып келеді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
арнаулы тілшіміз.