Аз жалақыны менсінбейтін жұмыссыз
ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАР ҚАЙ САЛАҒА ТИЕСІЛІ БОЛСА, СОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ МӘЖІЛІСТЕР ЕНДІ СОЛ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАННЫҢ ҒИМАРАТЫНДА ӨТУІ ТИІС. БҰЛ ОБЛЫСТАҒЫ БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫНЫҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ӨТКІР МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫН ЖЕТЕ СЕЗІНУІ ҮШІН АСА ҚАЖЕТ. ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВТІҢ ОСЫНДАЙ БАСТАМАСЫ ӨТКЕН ЖҰМА КҮНІ АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ, ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ХАЛ АКТІЛЕРІН ТІРКЕУ БӨЛІМІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН АЛҚАЛЫ БАСҚОСУДА КӨРІНІС ТАПТЫ.
КӨҢІЛ КӨНШІТПЕЙТІН КӨРСЕТКІШ
Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалық етуімен «Ұлттық жобалар шеңберінде құрылған жұмыс орындары туралы» көшпелі жиын болып өтті. Күн тәртібінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан Ұлттық жобаның облыстағы орындалысы мен «Теңізшевройл» ЖШС-нің Теңіз кенішіндегі «Келешек кеңею» жобасынан босатылатын атыраулықтарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қала, аудандар әкімдері мен оның орынбасарлары селекторлық режимде қатысып отырды.
Айта кету керек, Серік Шәпкенов басқарма басшыларының Ұлттық жобалар шеңберінде жүзеге асырып жатқан жұмыстарының ешқайсысына көңілі толмады. Жиын барысында барлық саладағы құрылыс жетекшілерінің осы бағытта атқарған жұмыстары жөнінде есеп сұрады. Бірақ, олардың берген жауаптарына қанағаттанбады. Көпшілігі Теңіз бен Қарабатандағы жоғары жалақыға еті үйреніп қалған қазіргі жұмыссыз мамандардың еңбекақының мардымсыздығына байланысты ұсынған жұмысты «менсінбей» отырғанын алға тартты. Дегенмен, облыс әкімі мәселені біржақты қарамай, оған тереңірек үңілуді талап етті. Өйткені, кейбір жұмыс берушілер жақын шетелден келетін арзан жұмыс күшін пайдалану үшін өз мекемесіндегі айлықты әдейі төмендетіп көрсетуі мүмкін екенін ескертті.
Ұлттық жоба шеңберінде 10 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Алайда,көрсеткіш көңіл көншітпейді. Аймақ басшысы мердігер мекемелерде Ұлттық жобалар аясында жұмыс жасап жатқан жұмысшыларға 10% зейнетақы жарнасының төленуін қадағалауды да тапсырды. Соңғы кезде әлеуметтік төлемдерді уақытылы аудармау деректері кездескен. Сондықтан да жоба аясында қызмет етіп жатқан enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамтуды үйлестіре алмаған басқарма басшыларын ың жұмысын сынға алды.
ТЕҢІЗДЕН 27 МЫҢ АДАМ ҚЫСҚАРАДЫ
Өзге әріптестеріне қарағанда, көпшіліктің алдында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің шоқтығы биік тұрды. Мамандығы заңгер, экономист басшы өзінің тыңғылықты жасаған баяндамасымен мәселенің мәнжайын жеткілікті зерделеп, мәжіліске жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Азамат Саматұлының келтірген дерегіне сүйенсек, облыста 162 Ұлттық жоба шеңберінде 8 253 жұмыс орны құрылған екен. Оның 1206-сы – тұрақты. Жалпы алғанда, ұлттық жобалардың орындалысы 41,3 пайызды құрап отыр.
– Құрылған жұмыс орындарынан «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйесі бойынша электрондық еңбек биржасына 5 157 вакансия енгізіліп, 4 692-сі жабылды. Бүгінде ашық вакансия саны – 465. Қалған 3 168 бос орын бойынша жұмыспен қамту шаралары қабылданбай, жұмыс орнының саны қайталаумен өсіп отыр. Сол себептен ұлттық жоба бойынша қос қолына бір кәсіп көзін тапқан атыраулықтардың пайызы облыс бойынша төмен. Яғни, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бойынша – 6,7 пайыз, «Ауыл шаруашылығын дамыту» жобасында – 6,3 пайыз және «Қазақстандықтардың әлауқатын арттыруға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған орнықты экономикалық өсуі» ұлттық жобасының «Мұнайгаз химия кешенін дамыту» бағыты бойынша – 3,1 пайыз, — деді А.Мәмбетов.
Басқарма басшысының сөзінен, Теңіздегі алып құрылыстың аяқталуына байланысты 2022 жылдың аяғында нақты 27 мың қазақстандықтың жұмыстан босатылатынын білдік. Сонда олар қайда бармақ? Онсыз да жұмыспен қамту орталықтарын торуылдап жүрген «жұмыссыздар армиясының» қатарын толықтырмақ па? Азамат Мәмбетов 7 100 маманның «Теңізшевройл» ЖШС-нің басқа жобаларына ауысатынын айтты. Күні бүгінге дейінгі нақты дерек бойынша «Келешек кеңею» жобасынан 13 695 адам жұмыстан босатылған. Оның 5 619-ы атыраулық.
БАСҚАРМАЛАР РЕЙТИНГІ жоба аясында бағаланады
– Жобадан босаған жерлестердің 4 467-сі әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Оның ішінде 1 168 адам тұрақты қызметке орналасып, 748 адам өз бетімен жұмыс тапты. Бір жұмыссыз әлеуметтік, ал 3-і қоғамдық жұмысқа шықты. 97 адам қосымша оқумен қамтылып, 3-і мемлекеттік грант алды. Қалған 2 442 жұмыссызға жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік өтем төленіп келеді. Жұмыспен қамту шаралары Исатай мен Махамбетте жақсы, керісінше, Индер және Құрманғазы аудандарында өте төмен. Жоғарыдағы 5 619 жұмыссыз қалған адамның 1 109-ының қайда жүргені жайлы ешқандай мәлімет жоқ. Өйткені, олар жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына хабарласпаған, сол себепті әзірге әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылмай отыр. Сондықтан, олар бір уақытта біртіндеп келіп жұмыс сұрайды, орталыққа тіркеледі екен деп күтіп отырмай, қазірден бастап іздеп тауып, әлеуметтік жағдайын нақты анықтап алған абзал, — деді А.Мәмбетов.
Баяндамашының бұл ұсынысы облыс әкімінің тарапынан қолдау тапты. Серік Жамбылұлы барлық деңгейдегі басшыларға 1109 жұмыссыз жайлы деректі анықтап, бір жұманың ішінде нақты есебін беруді тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар аясында өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу туралы нақты тапсырмалар берді. Бірақ , облыста ашылған жұмыс орындарына атыраулықтардың орналасу көрсеткіші өте төмен. Айталық, аймақта жұмыстан босаған 4817 жұмыссызды жұмыспен қамтуды жоспарласақ, күні бүгін 1989 адам ғана қос қолға бір кәсіп көзін тапқан. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Жұмыс орнын ашу туралы жоспар жасалды ма, демек, ол міндеттеме ретінде уақытылы орындалуы керек. Өйткені, оның артында адам тағдыры тұр. Олардың барлығы отбасын асырау үшін айлап, жылдап шапқылап жүр. Егер мәселеге одан да тереңірек үңілсек, онда мұның астарында аймақтағы әлеуметтік ахуал да жатыр.
Қазір барлығы электрондық жүйеге көшірілген. Жұмыссыз жүрген адамдар туралы мәліметтер деректер қорында сақтаулы . Сол арқылы әр басқарманың атқарған жұмыстары алақанға салғандай анық көрініп тұрады. Сондықтан, бұл мәселеге бақылауды бұрынғыдан да бетер күшейту маңызды. Ұлттық жобалар шеңберінде әр сала бойынша мамандарды даярлап, жалақыны да соған сай белгілеу керек, — деді жиналысты қорытындылаған Серік Шәпкенов.
Облыс әкімі алға қарай әр басқарма жұмысының рейтингілік көрсеткішін Ұлттық жобалар бойынша халықты жұмыспен қамту деңгейіне қарап бағалайтынын қадап тұрып айтты. Сондықтан, жоба аясында электрондық еңбек биржасына жарияланған ваканттық жұмыс орындары бойынша 10 пайыз зейнетақы жарналарымен сәйкестендіріп жұмыспен қамту шараларын қабылдауды, 2023 жылғы Ұлттық жобалардың тізімін салалық министрліктермен келісіп, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына ұсынуды тапсырды.
Атырау қаласымен аудандар әкімдеріне ТШО жобасынан босаған адамдарға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып, жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жүктелді. Жиын аяқталғаннан кейін облыс әкімі С.Шәпкенов қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі ғимаратының ішін аралап көріп, ұжыммен кездесті. Орталыққа келген тұрғындардың ауызша арызшағымын тыңдап, оның шешілу жолдарын көрсетті.
Ербол ҚОШАҚАНОВ