Жарнама
Қоғам

АЗҒЫРДАН ШЫҚҚАН АЙБЫНДЫ БАТЫР

Астрахан өңірін екеуміз көбіне қосылып аралайтын болғанбыз. Ол жергілікті жерді және адамдарын таниды, көлікпен жүру мәселесін шешеді. Бір күні ол маған телефон шалды. «Осылай да осылай, анау Жоғары Басқұншақ стансасы қасында бір батыр шопан тұратынын білдім. Кел, екеуміз сол кісіге бірге барайық» деп тұр қайран ақжарма ақын жігіт. Әрине, Ресейдегі шопанды ол жолы жазбайтыным белгілі болса да, жер көріп, ел аралап келуге қызығып мен келісім жасадым. Бұл 1974 жылдың наурыз айының іші-тұғын.

Мен Астраханға бардым. Мәжіліс екеумізге пойызға Жоғары Басқұншаққа билет алып қойыпты. Сонымен не керек, жергілікті жігіттердің көмегімен атақты Батыр — шопан  Сақап Бәкуұлы Қызылов деген ағамыздың төрінен бір-ақ шықпаймыз ба.

Сақап Бәкуұлы сол жылы алпыс жасқа аяқ басып отырған тұсы екен. Ірі денесі әлі жинақы, салмақты, мінезі ашық, әңгімеге көп тартынған жоқ. Кәне, Сақап аға, анау сойылып жатқан қойыңыздың еті піскенге дейін біз де арнап келген шаруамызды бітіріп алайық. Отан соғысынан «Даңқ» орденінің үш дәрежесін бірдей тағып келіп, тым-тырыс қой бағып қалғаныңыз қиын екен. Мақұл, ептеп-септеп пенсияға шыққалы отыр екенсіз. Соның алдында мен сіз туралы жазып, анау орыс ағайындарға таныстырайын. Бізде қазақ тілінде шығатын газет жоқ қой. «Волгадан» оқырсыз. Ал, мына Рекең Қазақстанға таныстырамын десе, өзі біледі, — деп Мәжіліс Өтежанов сұңғыла жүйрік тілімен сайрай жөнелді. Сақап тартынған жоқ, өзіне қойылған сұрақтарға орай әңгіме өргізді.

Азғырдан шыққан батыр сарбаз 1914 жылы Лабай ауылдық кеңесінде туған. «Жоқшылық көрдік, ата-анадан ерте айырылдық, күнелтістің қамын ойлап Ресей еліне ауып кеттік» деген еді. Енді лейтенант Қызылов Сақап Бәкуұлының жауынгер-лік жолдары былай жазылады.

Ол 1937 жылы әскери борышын өтеуге шақырылады. Орысша жақсы білетін және дені сау қуатты жігітті бірден танкішілер құрамына қосады, осы салада ол взвод командирінің орынбасары болады. 1939-1940 жылдарда Финляндиямен болған соғысқа қатысады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Брест қамалынан бастап Волохов майданында, Белоруссияда, Прибалтика елдерінде Эстония мен Карелияда қырғын шайқастың ортасында жүреді. Біріне-бірін жалғастырып көрсеткен ерлік қимылдары соғыстың әр жылдарында үш мәрте жауынгерлік «Даңқ» ордендерімен марапатталғаны айтылды. Бейбіт еңбекте де Сақап аға өңіріне «Октябрь революциясы» орденін тағады. Сақап сардардың ерлік істері жайлы журналист Мәжіліс Өтежанов марқұмның үлкен дүние қып жазғанын, оның Астрахан облыстық «Волга» газетінде жарияланғанын әріптесімнен кезінде талай мәрте естігенмін. Мәжіліс Өтежанов 1990 жылдан Астрахан қаласында қазақ тілінде шығып жүрген «Ақ Арна» газетінің алғашқы редакторы болып өмірінің соңғы тұсына дейін қызмет жасағанын айтуды өзіме парыз санадым.

Сардардың сыры

Сақап аға менің Құрманғазы ауданында тұратынымды білгеннен кейін бұрын мен естімеген бір жағдайды әңгімелегені бар. Батыр Сардардың өзін сөйлетейін: «Фин соғысы аяқталғаннан кейін мен Эстонияда әскери қызметте болдым, — деп бастаған еді әңгімесін ол кісі. — Сол сіздер тұратын Теңіз (Құрманғазы) ауданында туып-өскен Лұқпанов Сабыр капитан шеніндегі офицер болатын. Таллин қаласында әйелімен, үш баласымен тұрды. Ол кісі менен екі жасқа үлкен, әрі капитан, ал, менде ол кезде сардарлық шенім жоқ. Бейбіт мезгілде арасында Сабырды аға тұтып, жерлес санап сұранып кездесіп жүрдім. Сағида жеңгеміздің дастарқанынан шай ішкенде туған елге барып келгендей көңіл көтеріліп қалатын. Амал не, мұндай кеңшілік ұзаққа бармады. 1941 жылғы маусымда немістердің қырғын шапқыншылығы басталды. Сабыр Лұқпанов рота командирі болатын. Олар бірден Брест қамалы бағытындағы жауға тойтарыс беруге аттанды. Артынша отбасымен тұратын офицерлердің бала-шағасын тылға, өздерінің туған жерлеріне қоныс аударту бұйрығы шықты. Содан майор Лебедов деген командиріміз менің қасыма Гриша Брук деген солдатты қосып, капитан Лұқпанов Сабырдың отбасы құрамын Таллиннен пойызға отырғызып, Ленинград қаласына аттандырып жіберуді тапсырды. Әскери бөлімшеге оқ-дәрі, азық-түлік таситын бір жүк автокөлігін бар болғаны бір сағат мезгілге алып берді. Әскери офицерлер отбасына арналған казарманың шағын бөлмесінде тұратын Сабырдың бала-шағасын алас-қапас киіндіріп алып шықтық. Дүние-мүлік, керек-жарақтың бәрі қалды. Сағида жеңгеміздің құшағында алты айлық баласы бар, бірі — алты, екіншісі үш жастағы екі қызын және жетектейді. Жолшыбай керек болатын жұмсақ киім-кешектерін орап-буып, жеңгеміздің арқасына байлап бердім. Бір тәуірі, қастарында басқа да офицерлер отбасының адамдары болды.

Ол күнде әркім ұлтына қарап бөлектенуді білмейді. Жалпыға ортақ кімге болса да «земляк» деген бір сөз айтылады. Бірақ, бәрінің де екі қолы бос емес, буған-түйген, ораған түйіншектер әркімде де табылады. Әйтеуір олар вокзалда, вагонда Сағиданың қыздарына су әкеліп бере алады, басқа да көмектерін жасауға тартынбайды. Сонымен, опыр-топыр көпшіліктің арасынан ептеп сығылысып, ағаш вагонның ішінен Сағида жеңгейге тізе бүгетін орын тауып, балаларын қастарына орналастырдым. Ол кезде Таллинде нан сату кәртішкеге көшпеген, бос тұратын. Бір-екі нан сатып алып, Сағидаға әкеліп беруге шақ үлгердім. Пойыз да қозғалды, біздің де әскери бөлімшеге баратын мезгіліміз асып бара жатты. «Сабыр ағаңды көрсең, сәлем айт, бізді уайымдамасын. Жаумен аянбай шайқасып, адамдарды қырғынға ұшыратқан жауыздықтарының сазайын тартқызсын. Үкімет бізді далада қалдырмас, туған жерге жетерміз!» деп Сағида жеңгеміз аса қайсарлық танытып, бізбен қоштасқан-тұғын».

Сақап аға толқи тоқталды. Сәл үнсіздіктен кейін ол: «Мен майданда он жылдай жүрдім ғой. Өзім танитын адамдарға хат жазу арқылы Сабыр ағаның майданда ерлікпен қаза тапқанын, ол кісінің бала-шағасы туған ауылдарына аман-сау жеткенін естігенмін. Елге келген соң Сағида апайды іздеп баратын жағдай болған жоқ. Ал, Рахмет інім, сіз Ганюшкин жағынан болсаңыз, Сабыр ағаның бала-шағасынан не хабарыңыз бар, олар бар ма екен?» деп сұраған болатын. Мен ол кезде Сағида апайды көрмеген едім, Котяев селосында тұратынын сырттай естігем.

Аманат арқалаған  ана

Менің майданда қаза тапқан қазақ офицері Сабыр ағаның есімін естуім және оның бала-шағасы туған жерге аман оралып, замандастарымен қатар тіршілік кешіп жатқандарын білуім алғаш рет осылай басталған. Кейін Сағида апайды да, оның алты айлығында алапат соғыстың астынан арқалап аман келген баласы Александр Сабырұлын да, қыздары Сәуле мен Зәурені де танып-білудің орайы келген-ді. Қазір арамызда Сақап аға да, Сағида апай да жоқ. Сәуле Сабырқызымен кездесудің маған орайы келген жоқ. Ол – Алматыда оқып, енді зейнеткерлікке шыққан дәрігер. Зәуре Сабырқызы денсаулық саласында қызмет жасады, селолық кеңестің төрайымы болды. Қазір Утера селосында немерелерін қызықтаған әже. Ал, Александр Сабырұлы ұстаздық қызметін жетекшілікпен жалғастырды. Орта мектептің директоры, аудан орталығындағы №3 лицейдің директоры, аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шықты. 2011 жылы дәл жетпіс жасында дүние салды. Сабыр ағаның қара шаңырағын Күміс есімді келін ұстап отыр. Александрдан бес ұл өсті, енді немерелер көбейіп жатыр. Тәубе, тәубе!

Кезінде Александрдың маған жазып бергендеріне сүйене отырып, Сабыр аға мен Сағида апай жөнінде мынадай мағлұматтар бере аламыз: Сабыр Лұқпанов 1912 жылы осы Құрманғазы (Теңіз) ауданының Ботахан (қазіргі Мақаш) ауылында туған. Бірақ, 1919 жылы аудан көлемінің жерінде азамат соғысының болуы, соның салдарынан ашаршылық пен ауру-сырқаудың асқынуынан ата-анасы ерте қайтыс болып, Сабыр балалар үйінде тәрбиеленеді. Орта білім алады, орыс тілін де жақсы меңгереді.1932 жылы жиырма жасқа жаңа толған Сабырды әскери міндетін атқаруға шақырады. Содан бастап оның әскери киім киген сардарлық қызметі жалғасын табады. 1939 жылы Фин соғысына қатысқан. Капитан шеніне көтерілген Сабыр Лұқпанов көбіне шекаралық әскери құрамалар сапында болады.

Батальонда аға саяси жетекші қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы басталғанда бала-шағасымен қоштасуға да мұрғасы болмай, бірден ұрыс даласына аттанып кетуі де сол шекарада жауды бірінші болып «қарсы алуларынан» еді. Кескілескен шайқас басталып кеткенде «менің бала-шағам қайда?» деп Таллинге тайып тұра алмайды ғой. Сол елін, жерін, бала-шағасын қорғау жолында Сабыр Лұқпанұлы да жан аямай шайқасып, алғашқы құрбандардың бірі болды. Бірақ, Сағида сынды асыл ана өзін ерлік өлімге байлаған Сабыр сардардың ошағының отын сөндірмей, үш бірдей балапанын туған топыраққа жеткізгенін ерлік эпопеядай әңгімелейміз.

Азғырлық Сақап батырдан 1974 жылы жазып алған қысқа ғана мәліметтерім Сағида ананың Таллиннен Астраханға үш айдай жол азабын көріп, соған төзіп жеткен қайсарлық пен төзімділікке толы өшпес тұлғасы келер ұрпаққа да таным-тағылымға айналар деген үміт жетегінде тоқталуға болады.

Сағида апай да 1918 жылы осы Теңіз топырағында өмірге келген. Ең бастысы, ерінің аманатын арқалап, үш бірдей балапанын туған жерге аман жеткізіп, өсіріп-өндірген ерлігін ұрпаққа ұлағат ету еді. Жаралы жылдардың жаңғырығы қашанда аңыздай айтылары хақ. Оның үстіне, бұл оқиға қай кезде де, қандай заманда да ерекше үлгі-өнегесімен өзгелерге сабақ боларлық жағдай ғой. Кіндігін ашып жүргеніне қарамастан құрсақ көтеріп, онысын тірі жетім қылып тастап кететін безбүйрек бикештер қаншама?! Соларға осы әңгімеміз ой тастаса, әбден құба-құп болар еді деген игі тілекті ұстанып отырғанымыз да жасырын емес.

Бұдан дәл қырық жыл бұрын

Парақтары сарғая бастаған қойын дәптерімді оқып отырып ойыма ой қосылды. Қазірде Құрманғазы ауданында Кеңестер Одағының Батырлары Александр Никифорович Афанасьевтің, Филипп Савельевич Мазуровтың, Мұқат Мусаевтың, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері — Кеңестер Одағының Батырына теңестірілген Ғизат Мұқашұлы Әліповтің есімдері келер ұрпақтың мақтанына айналып отыр. Ал, Азғыр өңірінде өмірге келіп, 33 жасына дейін Сүйіндік округі жеріндегі шаруашылықтарда еңбек еткен Қызылов   Сақап Бәкуұлы құрманғазылықтардың жерлестері қатарында саналмауы қалай? Жоғарыда аталған Ф.Мазуров пен М.Мусаев тек Құрманғазы ауданының жерінде туғандары себепті есепке алынып жүр. Олар отбасылық жағдайларына байланысты туған жерден ерте қоныс аударған. Екеуі де соғыста көрсеткен ерен ерліктері үшін Кеңестер Одағының Батырлары атанады. Соғыстан кейін екеуі де Астрахан облысындағы қоныстарына қайтып оралып, қос батыр 1954 жылы қайтыс болады. Бірақ, кіндік қандары киелі топырағына тамған Құрманғазы ауданы тұрғындары айбынды ұлдарының есімдерін ешқашан ұмыта алмайтындарын танытып, ерекше мақтанышпен атайтындарына бүгінгілер куә. «Сонда Сақап Бәкуұлының құрманғазылықтардың жерлестері қатарына қосылмайтыны қалай?» деген сұрақ күн тәртібінен түспей келеді.

Шындықтың нақты өзіне  жүгінейік

Екі жағдай ескерілсе екен. 1952 жылы орта қашықтықтағы зымырандарды сынақтан өткізу мақсатында Нарынның батыс бөлігі әскери аймаққа (военная зона) айналдырылып, Азғыр өңірінің жері «Сүйіндік», «Балқұдық» совхоздарымен Теңіз (Құрманғазы) ауданына қосылды. Ендеше, 1914 жылы 18 наурызда Сүйіндік округіне қарайтын Лабай (Жалғыз апан) ауылында туған (100 жыл толып отыр) Сақап Бәкуұлы Қызылов құрманғазылықтардың заңды жерлесі екеніне талас жоқ.

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің 2010 жылғы 11 наурыздағы санында Ресей Федерациясы Журналистер Одағының мүшесі, астрахандық қаламгер қандасымыз Аманжол Ильясовтың «Лабайдан шыққан хас батыр» деген деректі жазбасы жарияланды. Онда Сақап Бәкуұлы Қызыловтың өмірдерегі мен Ұлы Отан соғысында жауынгерлік «Даңқ» орденінің үш бірдей дәрежесіне толық ие болуының майдандағы ерлік қимылдары толық баяндалып көрсетілген және ержүрек жауынгер Сақап Қызыловтың суреті де бірге жарияланды. Ол майданда екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Ал, бейбіт еңбекте озат шопандар қатарында болып, «Октябрь революциясы» орденін өңіріне таққан. Жаужүрек жауынгер соғыста алған жарақат зардаптары салдарынан 1980 жылы алпыс алты жасында бақилық болған.

«Құрманғазылықтар осы киелі топырақта дүниеге келген батыр жерлестерін біле жүрсін деген ниетте мақаламды жолдадым» деп аяқтайды ресейлік журналист өз жазбасын. Қандас қаламгерге бұл игі қызметі үшін мың алғыс айтылады. Бірақ, оның ақ ниетімен хабарлаған қызметіне құрманғазылықтардан елең еткен еңселі азаматтар әзірге байқала бермейтін сыңайлы. Әйтсе де, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дейін Азғырдан шыққан айбынды батырымыз Қызылов Сақап Бәкуұлының есімі де туған жерінде ту көтергендер қатарына қосылар деген үміт бар.

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі,
Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button