”Ауылдың” жетекшісі ауылға барды
Атырау облысына жұмыс сапарымен келген “Ауыл” халықтық демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты, “Республикалық фермерлер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жигули Дайрабаев Исатай ауданы Жасқайрат елді мекенінде болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Кездесу барысында жасқайраттықтар шағын ауылдың шұғыл шешімін күткен проблемаларын көтерді. Олардың айтуынша, бірінші кезекте ауылға медициналық “жедел жәрдем” автокөлігі қажет. Мұнда мәдениет ошағы да жоқ. Тұрғындарды толғантқан жайдың бірі — жолдың нашарлығынан жылдың қай мезгілінде болмасын көлік қатынасының қиындығы.
Бұдан бөлек, осы аумақтағы Жасқайрат және Сборный каналдарының күрделі жөндеуді қажетсінетіні алға тартылды. Нақтылай түссек, жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын арнаның инженерлік инфрақұрылымдарының тозығы жеткен. Бұл каналдардың бойында отырған атакәсіппен айналысатын шаруашылық құрылымдары мен жеке қожалықтар үшін маңызы зор. Алайда, соңғы ширек ғасырдан бері бұл каналдарға ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болып шықты.
Жасқайраттықтардың жанайқайымен жете танысқан мәжілісмен Жигули Дайрабаев ауылдың осындай қордаланған мәселелерінің оңтайлы шешілуіне халық қалаулысы ретінде атсалысып, үлесін қосатынына сендірді.
Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы