Жарнама
Қоғам

АУЫЛДЫ ТҮЛЕТКЕН АЗАМАТ

1959 жылы Тасшағыл жетіжылдық мектебін бітірген Жәкең ары қарай оқуын Миялы селосында жалғастырды. Кейін Гурьевтегі ауыл шаруашылығы техникумының «зооветеринар» мамандығы бойынша дипломын алған бойда әскери борышын өтеуге шақыру келеді. Әскер қатарынан оралған соң Ж.Жәрдемов 1969 жылдың қаңтар айында аудандық ветеринариялық стансаның аға мал дәрігері болып жұмысқа кірісті.

1977 жылы асыл тұқымды қаракөл қойын өсіруге бағытталған «Қызыл ту» кеңшарына бас мал дәрігері болып тағайындалды.

Сол қызметте табан аудармастан он жыл жасады. «Енді аз уақытта қаракөл қойының жаңа тұқымын аламыз» деп жүргенде, Жауғашар Жәрдемов ауданның ең ірі шаруашылығы – Ленин атындағы кеңшардың бас мал дәрігері қызметіне ауысты. Теміржол бойындағы ірі елді мекен – миллионер-кеңшар еді. Сенімге селкеу түсірмеген тәжірибелі маман бұл ұжымда да абырой биігінен түскен жоқ.

1989 жылы жазғытұры мал шаруашылығын өркендету шараларын жолға қою мақсатында Энгельс атындағы кеңшардың бас мал дәрігерлігіне тағайындау алды. Сөйтіп, Ж.Жәрдемовтің отбасы Қарабау селосына көшті. 1996 жылға дейін осы шаруашылықтың бас мал дәрігері болып жұмыс істеді. Кейін республика ауыл шаруашылығы Министрлігі Қызылқоға аудандық аумақтық басқармасының ветеринарлық инспекторы болды. Сөйтіп, 2008 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, ұрпағының ортасында жұбайы Зәуреш екеуі жарасымды ғұмырын жалғастырып келеді.

Бүгінде Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Жауғашар Жәрдемұлы –туған топырағына қадірі артқан бақытты қария. Немерелерін алдына алып, еміреніп отырған ақсақалдың өңірінде І дәрежелі «Еңбек майданы», «Еңбек ардагері» медальдары, төсбелгілер жарқырап тұр. Төрден орын алған түрлі грамоталар мен Алғыс хаттардың өзі бір төбе.

Мұның бәрі өмірлік жары – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің озық қызметкері Зәуреш Сағиқызының отбасындағы үлгілі тәлімі, азаматына деген кіршіксіз көңілінің нәтижесі екенін атап өткен жөн. Дүниеге қарапайым еңбек адамы, зиялы ел ағасының көзқарасымен қарап, ұрпағын кісілік пен кішілікке, атақ пен даңққа емес, абырой мен адами қасиетке тәрбиелеп өсірді.

Бір ауылдың ғана емес, тұтас ауданның игі ардақтыларының санатында есімі аталып келе жатқан Жеңіс жылының ұланы Жауғашар Жәрдемұлының өнегелі еңбек жолы бүгінгі жастарға үлгі бола бермек.

 

Шапиғолла ҚОНЫСБАЙҰЛЫ,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button