АУЫЛДЫҢ «АҚ БҰЛАҚТАН» КҮТЕРІ КӨП
Топырағы құнарлы, не ексең сол шығатын өңір үшін көкөніс пен бау-бақша өсіруге керекті жазғы құбыр суының маңызы зор. Күні бүгін жазғы құбырдың игілігін Махамбет селосындағылардың басым бөлігі, Таңдай, Жалғансай, Бейбарыс, Ақтоғай, Сарайшықтың жартысы, Алмалы, Ортақшыл және Ақжайық селоларының тұрғындары көруде. Бұлардың ішінде үш елді мекенге су құбыры «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша салынып, пайдалануға берілді.
Ауылшаруашылықты аудан болғандықтан мұнда егін мен шабындыққа су жеткізудің де маңызы зор.
— Ауданда ұзындығы 522 шақырым болатын тоғыз канал жүйесі бар. Күні бүгін оның 230 шақырымға созылған бөлігі жұмыс жасайды, — дейді аудан әкімінің орынбасары Мардан Сейітқалиев. – Коммуналдық меншіктегі Алға, Егіз, Тереңөзек каналдары жергілікті бюджет есебінен жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, осы каналдардың жүзбелі насос стансаларын ауыстыруға 76,0 миллион теңге қаржы қаралды. Күні бүгін екі жүзбелі насос стансасы Орал қаласында жасақталып, дайын тұр. Ол көктем шығысымен Жайық өзені арқылы әкелініп, орнатылмақ.
Айтпақшы, үстіміздегі жылы ауданда «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберіндегі іс-шаралар одан әрі жалғасады. Соған сәйкес, қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 200, облыс қазынасынан 302 миллион теңге қарастырылған.
Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ,
Махамбет ауданы.