Қаражаты қайда баланың?

9a1111dd 66e7 45db a2f5 32c24c8be526 Қоғам

БИЫЛҒЫ ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА ЕНГІЗІЛГЕН ЖАҢАЛЫҚТЫҢ БІРІ – МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ. ЯҒНИ, БЕЛГІЛІ БІР САНАТТАРҒА ЖАТАТЫНДАРҒА БІР РЕТТІК АҚША БЕРІЛЕДІ. АЛАЙДА, «ӘЛЕУМЕТТІК

АЗ ҚАМТЫЛҒАН САНАТҚА ЖАТСАҚ ТА, БҰЛ ҚАРЖЫНЫ БІЗДЕР АЛҒАНЫМЫЗ ЖОҚ. БІРНЕШЕ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ? КІМДЕР АЛДЫ?» ДЕГЕН АНАЛАРДЫҢ ШАҒЫМЫНА САЙ, БҰЛ МӘСЕЛЕ СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНҒАН ТАҚЫРЫПТЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛДЫ.

Расында, бұл қаржы қай санаттарға тиесілі? Қазіргі күні неше баланың ата- анасына бұл ақша төленді? «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының кезектен тыс отырысында осы секілді сауалдарға нақты жауап алу мақсаты көзделді. Партия алаңында комиссия төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нәсіп Шалабаеваның жетекшілігімен өткен жиында арнайы комиссияның анықтамасы таныстырылып, білім беру басқармасы мамандарының түсіндірмесі тыңдалды.

Айта кетейік, білім беру ұйымдарындағы оқушыларды түрліше қолдау тетіктері бұрыннан да бар. Жолға қойылған жүйелі жұмыстар Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы No64 қаулысының негізінде жүргізіліп келеді. Белгілі бір санатқа жататын оқушыларды оқу құралдарымен, мектеп жабдықтарымен қамту, ыссы тамақ беру, жазғы лагерьлерді ұйымдастыру жұмыстары – осы сөзіміздің дәлелі. Алайда, биылғы тамыз айының 8-і күні қаулыға өзгерістер енгізіліп, жаңаша мазмұнда көмек түрлерінің қатарына бір реттік қаржы аудару туралы тармақты енгізген. Резонансты мәселенің бәрі осыдан туындап отыр.

Комиссия мүшесі, жұмысшы тобының жетекшісі Ринат Шайхаденов атқарылған жұмыстарды баяндап, қала мектептерін аралау кезінде қаржының төленбегенін анықтағандарын айтты.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова көтерілген мәселені заң аясында жан-жақты түсіндіріп, атқарылған жұмыстар барысынан хабардар етті.

– «Білім алушылардың әлеуметтік мәселесі – ауқымды, маңызды, күрделі тақырыптардың бірі, басқарма бақылауында. No64 қаулы шыққалы бері, барлық аймақта, соның ішінде Атырау облысында да жергілікті бюджет есебінен қаулыда көрсетілген санатқа кіретін отбасылардағы балаларға киім- кешек пен оқу құралдары беріліп келеді. Арнайы тендер ұтқан компания керекті заттарды алып келеді, содан соң таратылады. Аталған мәселенің де ата-аналар тарапынан сынға ұшырап, көптеген наразылықтар айтылатыны жасырын емес. Осы жайттарды ескере келе, барлық аймақтардағы білім беру ұйымдары ұсыныс беріп, Үкімет бақылауына алған соң, өзгерістер енгізілді. Өйткені, бұрынғы қаулыда «төтенше жағдай кезінде ғана қаржылай берілсін» делінген. Ал, тамыздағы өзгерістер бойынша «ата-аналардың карта-шотына аударылсын» деген тармақ қосылды, – деді Айнагүл Байғанинқызы.

Осы өзгерістер енгізілгеннен бастап, басқарма мен білім беру ұйымдары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіле бастаған. Атырау облысында 139 мың оқушы болса, оның 20 мыңға жуығы – осал санаттағы отбасылардың балалары. «Қаулы бар, арнайы заң бар, мемлекеттік бюджеттің әр тиынына жауап беретін құзырлы орган бар. Аталған қаулыда нақты 5 санат анық жазылған. Бұл өзгерістер енгізілгенге дейін, яғни, жылдағы қалыптасқан жүйеге сай жарияланған тендер бойынша алынған киім мен оқу құралдарын балаларға таратып бердік. Өйткені, тоқтатып тастай алмаймыз» деді басқарма басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желідегі жазбалардың бірінде «740 миллион теңге қайда кетті?» деген сауал жүр. Басқарма өкілі салаға бөлінетін қаражаттың бұдан да көп екенін атады. Мәселен, 192 миллион теңгенің өзі тек жазғы лагерьлерге кеткен.

Бір баланы мектепке киіндіру үшін қанша қаражат қажет? Бұл – ата- аналардың оқу жылы жақындаған сайын басын ауыртар маңызды сауал. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары бұрын бұл шама облыс бойынша 25-27 мың теңге аралығында деген есепке сай, жүргізіліп келгенін айтты. Жаңа қаулыда қаржылық қолдау мөлшері республика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни, 37400 теңгеден төмен болмауы керектігі айтылған.

Арнайы қаулыда бекітілген 5 санат бойынша анықталған облыстық тізімдегі 7780 балаға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Соның ішінде 5166 балаға оқу құралдары мен киімдер және 2614 балаға ақшалай аударылыпты. Айнагүл Дүйсекенованыңайтуынша,әліде2000- нан астам балаға ақшалай қолдау білдіру үшін құжат жинақталуда.

Бұл шара қала аумағында жүзеге аспаған. Оның себептері туралы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шаңгереева айтты.

– «Қаулыға 8 тамызда өзгеріс енгізілгенімен, күнтізбелік 10 күн ішінде қолданысқа енгізілді. Содан кейін облыстық білім беру басқармасына бюджеттік өтінім жаздық. Қала мектептері бойынша 7886 баланың тізімі жинақталды. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатындар 457, күнкөрісі төмен отбасылардағы бала саны – 5868, 149 жетім бала, төтенше жағдай салдарынан қолдауды қажет ететін 6 оқушы, мектептердің қамқоршылық кеңестерінің шешімімен 1406 оқушы бар. Қосымша қаражатты қажет ететін шара болғандықтан, арнайы мәслихаттың шешімі шығуы тиіс. Содан кейін тиісті іс-шаралар жүзеге асырылады, – деді ол.

«Ата-аналар арасында түсініспеушілік туындауда. Мәселен, «киім-кешек, оқу құралдарын алған ата-аналар арасында «заттардан бас тартамын, ақшалай аламын» дегендер де болды. Түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, киім, құрал алған ата-аналар ақша ала алмайды. Алдағы уақытта ешбір мектеп тендер жариялап, киім-кешек сатып алмайды, тек қаржылай аударылады» деп түсіндірді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары.

Айта кетерлігі, бұл тізім жыл ішінде жаңарып тұрады. Сондықтан, оқушылар саны азайып немесе көбейіп кетуі де әбден мүмкін.

Оқушыларды қолдау бағытындағы тағы бір жетістікті айта кеткен жөн болар. Атырау облысы – бастауыш сынып оқушыларының санатына қарамастан түгелдей ыссы тамақпен қамтып отырған жалғыз аймақ. Бұл жұмыстар 2013 жылдан бері жүзеге асуда.

Осы секілді шаралар «Мектепке жол» акциясы арқылы да жүргізіліп келеді. Аталған санатқа жатпайтын, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасындағы балаларды нақты саралап, облыс бойынша 10000 баланың тізімі жасақталып, 5500 балаға демеушілер көмегімен киім-кешектер, сертификаттар табысталған. Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Депутаттар тарапынан әлеуметтік желідегі кері байланысты нығайту, сұрақтарға уақытылы жауап беру туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарды жүзеге асыратын әлеуметтік педагогтар жұмысын жандандыру туралы да ұсыныстар айтылды.

Гүлжан ӘМІРОВА Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз