АУЫЛДАСТАРЫ АБЫЗЫН АРДАҚТАДЫ
Атыраудан келген жерлесімізді аудан әкімі Серік Арыстан қабылдап, өмір жолынан сыр шертті.
Аудандағы Елтай ауылындағы қарапайым отбасында туып-өсіп, осындағы М.Сиранов атындағы орта мектептен білім алып, майданға Отан қорғауға аттанған Орынғали Мұсаұлы одан 1947 жылы ғана оралыпты. Одан соң аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып басталған еңбек жолында әуелі аудан жастарының жетекшілігіне жоғарылайды.
Оның Мәскеудегі жоғары комсомол мектебін тәмамдаған соң, Гурьев облыстық комсомол комитетінде, Новобогат, Есбол, Балықшы, Өзен аудандары партия комитеттерінде хатшы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет басқармаларында басшы және басқа да салаларда тапсырылған жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен табысты атқарғандығын мақтанышпен баяндай келе аудан әкімі Орынғали Мұсаұлына ауданның Құрметті азаматы атағы берілгендігін жария етті.
Құрметті атақтың төс белгісін, куәлігін, Алғыс хатты тапсырып, абызға лайық ақ шапан кигізіп, жерлестері атынан арғымақ сыйға тартты. Жерлесіміздің жұбайы Дәметия ананың иығына да қазақи оюмен өрнектелген камзол кигізілді.
Бірінші-екінші дәрежелі «Отан соғысы», екі «Құрмет белгісі», Тәуелсіз елдің «Құрмет» ордені мен 17 түрлі медальдің иегеріне арналған тілектер легін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, ауданның Құрметті азаматтары Амантай Бердіғалиев, Максим Елеуов, Атырау қаласындағы Балықшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдолла, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер Ұлдай Аманғалиева және аудандық Мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров жалғастырып, азаматтың адамгершілігі мен адамдық асыл қасиеттерін айтып толғанды.
Елтайдағы кездесу ұстазы, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Мұқанғазы Сирановтың орталық бақтағы бейітінің басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен басталды. Сонан соң ауыл перзенті өзі білім алған осы орта мектепте болып, мұғалімдермен кездесіп, аяулы ұстаздарын еске алды.
Орынғали Қарасаев осы мектептің шәкірті қоғам және мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашевтің Алматыдан жолдаған ыстық ықыласын ұжымға жеткізді.
Тұрғындар тола жиналған мәдениет үйінде өткен «Елден-жақұт, еңбектен – бақыт терген» атты кездесуде де сан түрлі тілектер ағылды.Үлкейтіп, мерейгердің суретін іліп қойған сахнаның төріне жайғасқан құрмет иесі мен жұбайы екеуіне ауыл әкімі Ербол Дүйшім, тұрғындар, жерлес інілері Есенжан Нетәлі, Тасқали Темірболатов, Ұлдай Аманғалиева, Бақытжан Мүбәраков құттықтау арнап, шапан жапты, сыйлықтарын ұсынды. Ал бір кезде майдангерді әскер қатарына шақырған орын — аудандық қорғаныс істері бөлімінің атынан маман Толқын Ардабиева подполковник С.Ю.Кантемировтың майдангерге Алғыс хатын табыс етті.
Бұл кездесу үстінде аудан мен ауылдың өнерпаздары ән мен күйден шашу шашса, мерейгер Орынғали Қарасаев ауыл кітапханасына бірнеше бағалы кітаптарды сыйға тартып, жерлестерінің өзіне деген жарқын пейілдеріне, сенімдеріне, құттықтауларына зор ризашылығын жолдады. Сөйтіп, ауылдастары абызын ардақтаған бұл кездесу көптің есінде қалатын болды.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер ауданы.