Ауылдағы ахуал «Ауылды» алаңдатады
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өзінің 20 жылдық тарихында тұңғыш рет парламенттік партияға айналды. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген елдегі саяси реформаларының нәтижесінде жүзеге асты.
Биылғы 19 наурызда өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлаудың қорытындысында «Ауыл» партиясының атынан саяси додаға түскен 8 кандидат Мәжіліс депутаттығына өтті. Ал, дауыс жинау деңгейін есептесек, онда «ауылдықтар» «AMANAT»-тан кейінгі орынды иеленіп, ел ішіндегі іргелі саяси партиялардың қатарына қосылды. Бүгінде жоғары заң шығарушы палатада «Ауылдың» өз фракциясы белсенді жұмыс жасайды. Олар Парламенттің 7 комитетінің мүшесі, фракция жетекшісі Серік Егізбаев – Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы.
Бұл жөнінде партияның Атырау өңірлік филиалының Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде республикалық партия хатшысы, әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орталықтың жетекшісі Қуаныш Сейітжанов атап көрсетті.
Дарындылар ауылда көп…
– Әрине, бұл «партия осыған дейін жетістіктерге қол жеткізген жоқ» деген сөз емес. 2015 жылы патриоттар партиясымен біріккеннен кейін саяси ұйым ретінде күшейіп, бүгінде мүшелер саны 300 мың адамға жетті. Әр аймақтан 20 филиал, 1200-дей бастауыш ұйым ашылды. 2020 жылы партия мүшелері облыстық, аудандық мәслихаттар депутаттығына сайланып, өңірлердің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешілуіне атсалысты. Дауыс жинау деңгейі бойынша «ауылдықтар» сол кездің өзінде-ақ мәслихаттарда екінші орынды иеленіп, үлкен саяси күшке айналып келе жатқанын дәлелдеген еді.
Енді парламенттік партияға айналған соң, Орталық аппарат та құрылымдық өзгеріске ұшырап, аграрлық-экспорттық, экономика және бизнес, сондай-ақ әлеуметтік салалар бойынша орталықтар ашып, жұмысы жандана бастады. Шілде айында өткен Саяси кеңестің шешімінен кейін партия өз мақсатын тағы да айқындай түсті. Соның арқасында саяси ұйымның жұмысы жоғары деңгейге көтерілді. Филиалдар, Орталық аппарат және Парламенттегі партия фракциясы күш жұмылдырып, кешенді түрде ауылдың, әсіресе аграрлық саладағы өткір мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешуге күш салып келеді, — деп, Қуаныш Қабекенұлы партияның аграрлық сала мен экономиканың дамуына және әлеуметтік мәселелердің шешім табуына ықпал ететін ұзақ мерзімді нақты алты жобамен таныстырды.
Негізгі жобаның бірі – ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды қолдау. Жасыратыны жоқ, қазір қалалардағы білім инновациялық лицейлері мен Назарбаев зияткерлік мектептеріне, өзге де дарынды оқу ордаларына ауылда өскен қазақтың қара домалақ балалары түсе алмайды. Өйткені олардың қабылдау сынақтарының талабы қатаң, қарапайым орта білім беру бағдарламасына сәйкес келе бермейтін пәндер бар. Ал оған дайындайтын қаладағыдай қосымша даярлық орталықтары тағы жоқ ауылда.
– Соңғы үш жылдағы статистикалық мәліметке сүйенсек, осындай арнаулы оқу орындарына түсетін ауыл мектептерінен шыққан балалардың үлес салмағы 0,2 пайызды құраған екен, — деген Қуаныш Сейітжановтың дерегі соны айғақтайды.
Сондықтан бұл күрделі мәселені шешу мақсатында «Ауыл» партиясы арнайы пилоттық жобаны қолға алып, ауыл балалары үшін онлайн оқыту курстарын өткізуді ұйымдастырмақ. Ол үшін қаладағы оқу орталықтарымен келісім жасалып жатыр екен.
Кеңес жұмысына ZOOM арқылы қосылып, алғашқы мәселе бойынша Парламент қабырғасындағы партия фракциясының тындырып жатқан жұмыстары жөнінде баяндаған Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың хабарламасынан кейін Қуаныш Сейітжанов сөз арасында Атырауға арнайы келудегі негізгі миссиясын айтты. Ол – облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы күрмеуі қиын мәселелерді тыңдап, жоғарғы жаққа жеткізу.
Партия хатшысының бұл сөзі саяси кеңес жұмысына қатысушыларға жел бергендей болды. Өйткені сырттан келген ешкім жоқ-ты, партия мүшелері мен сала мамандары ғана. Барлығы дерлік кешегі кеңшардағы тұрмыстың дәмін татқан, оны таратып тынған 90-жылдардағы тоқырауды көзбен көріп, аграрлық саланың тағдырына алаңдаған ауылдың белсенді азаматтары еді. Алғашқы болып сөз алған «Әнет» шаруа қожалығының жетекшісі, қызылқоғалық Жәнібек Аралбаев ауыл халқы үшін қаны тамып тұрған ең өзекті мәселелерді тізбектей жөнелді.
– Атырау мен Маңғыстау облысы мұнайлы аймақ болғандықтан, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласы үнемі қағажу көріп келеді. Сол себепті бұл салада күрмеуі қиын күрделі мәселелер көбейіп кетті. Қазір Үкімет тарапынан еліміз бойынша жалпылама ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары жасақталады, бірақ әр өңірдің өзіндік ерекшелігі ескерілмейді. Кеңес дәуірінде әрбір бес мың шақырым сайын дифференциалды тәсіл қолданылатын. Айталық, оңтүстік, солтүстік және шығыс өңірлеріне қарағанда батыста су тапшылығы басым. Сол үшін бұрын Маңғыстау облысына 100 пайыз, Атырау аймағының кей аудандарына «шөл және шөлейт өңір» ретінде 70 пайыздан мемлекет ақша төлеп отырды.
Бүгінгі қожалықтар кеңшар тарағанда иеленіп қалған ұлтарақтай жерінен айналшықтап шыға алмайды, ол маңда су жоқ болса, көшуге жер жоқ. Жерасты суы өте тереңде, шыңырау құдық қазу қосымша қаржыны талап етеді, қазсаң да тұщы суға тап болсаң жақсы. Сондықтан «жайылым мен көлтабандарды суару» тәсілін қайтадан қолға алу қажет. Мұндай жерлер бұрын бізде болды, бүгінде аты бар да заты жоқ. Өйткені мемлекет оларды өз балансынан шығарып тастаған, құрылғылары тоналып, талан-таражға түскен. Бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келемін. Сонда байқағаным – облыстағы су тапшылығы проблемасын көтеріп, бірнеше құзырлы органның табалдырығынан аттауға тура келді. Себебі су шаруашылығының бір тармағы – экология департаментінде, бір тармағы – ауыл шаруашылығы министрлігінде, енді бір бөлігі – табиғат пайдалану басқармасына қарайды екен. Меніңше, елімізде су шаруашылығы министрлігін қайтадан құратын кез жетті. Сонда ғана өңірдегі су мәселесі түбегейлі шешімін табады деп есептеймін, — деді Ж.Аралбаев.
Мал керек, оның дәрігері қайда?
Кеңесте көтерілген өзекті мәселенің бірі – ауылдағы ветеринар мамандардың мәртебесі. Айталық, қазір ауылға дәрігерлер мен мұғалімдер жұмысқа келсе, оларға баспана беріліп, жалақысына үстеме ақшасы да қосылады. Бірақ неге екені белгісіз, мал дәрігеріне жайлы жағдай жасалмаған. Олар күні-түні бірнеше жүздеген шақырым жер жүріп, қырда отырған малшыларды аралап, ауырған малды емдейді, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Қолындағы қажетті құрал-сайманы жеткіліксіз, болса да ескі, астындағы автокөлігі тозған мал дәрігерлерінің жұмысы, қарап тұрсаңыз, ақ халатты абзал жандар мен ұстаздар қауымынан да ауыр. Түптеп келгенде, барлығының илейтіні – «бір терінің пұшпағы». Ол – мемлекет мүддесі.
Соған қарамастан, ветеринарияға Үкімет жеткілікті көңіл бөлмейді. Шын мәнінде ауылдағы төрт түлікке жауап беретін ветеринариядан басқа сала қалған жоқ.
«Мал дәрігеріне де ауыл мұғалімі мен дәрігері секілді жағдай жасалсын, жалақысын көтеріп, айлығына үстемеақы қосу қажет» деп ұсыныс тастаған Жәнібек ақсақалдың сөзін өзге кеңес мүшелері де қостай жөнелді. Себебі атүсті көзқарастың салдарынан қазір ауылда мал дәрігері түгілі, ветеринар маман да қасқалдақтың қанындай қат. Күні бүгін мұнда жұмыс жасап жүрген мамандардың дені – аға буын өкілдері. Жастар бұл жұмысқа келмейді.
Ветеринария демекші, бұл түйінді осы салада ұзақ жыл еселі еңбек еткен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сәден Ұлықпанов та тарқатып әкетті. Оның айтуынша, сала бір болғанымен жергілікті жердегі ветеринарияның өзі бір-біріне бағынбайтын аумақтық инспекция, ветеринариялық басқарма, коммуналдық кәсіпорын, экзототряд секілді бірнеше құрылымға бөлініп жұмыс жасайды. Түптеп келгенде мал ауырса, онымен күресетін ветеринарлар. Сондықтан олардың жұмысын бір жүйеге келтірмей, саланы өркендету мүмкін емес.
Әріптестерінің сөзін қостаған қалалық аумақтық ветеринарлық станцияның бас маманы Адайбай Қамиев жалпы әлем бойынша мал арасында жұқпалы аурулар саны 400-дің үстінде болса, оның тең жартысы Қазақстанда тіркелгенін айтты. Осы тұрғыдан келсек, ветеринарияның маңызы өте жоғары. Тіпті, өңірдің жер жағдайына байланысты кездесетін аса қауіпті дерттер де аз емес. Онымен күресу үшін мал дәрігерлері жеткілікті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі керек. Бірақ бізде керісінше.
– Кеңшар кезінде жұмыс істеген азаматтар жақсы біледі, бұрын «Зооветснаб» деген бірлестік шаруашылықтарды, ондағы мал дәрігерлерін төрт түлікте кездесетін түрлі ауруларға қарсы тұра алатын қажетті құрылғылармен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етіп отырды. Өкінішке қарай, кешегі тоқырау кезінде мекеме жабылып тынды. Енді «Зооветснаб» секілді құрылымның жұмысын қайта жандандыру қажет. Егер еліміздің денсаулық сақтау саласын «Медицина» АҚ секілді фармацевтік компания барлық қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отырса, біздің ветеринарияға да осындай кәсіпорын ауадай қажет. Себебі, аяқ астынан мал ауыра қалса, қазіргі мал дәрігерлерінің қолында не дәрі-дәрмек жоқ, не құрал-жабдық жетіспейді, мүлде қауқарсыз, — деді ашынған А.Қамиев.
Ветеринария саласының жұмысын бір жүйеге келтіру жөніндегі әріптестерінің пікірін қызу қолдаған сала ардагері Жанкелді Рахметқалиев «бәрін бір «дирижер» басқару керек» деп кесіп айтты. Ол кеңесте көтерілген азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін толыққанды шешу үшін де осы саланы мықтап қолға алған абзал боларына тоқталды.
– Қазір ауылдарда мал дәрігерлерінің тұрғылықты қызмет орны жоқ. Біресе әкімдіктің, бірде мәдениет үйінің, енді бірде почта ғимаратының бұрышын жағалап жүреді. Сондықтан өзге сала маманы секілді жағдай туғызып, баспанамен қамтып, жалақысын өсіру жөніндегі ұсынысты толық қуаттаймын. Одан кейінгі мәселе – субсидияның мөлшері асыл тұқымды малға да, жем-шөп дайындауға да еліміздің барлық өңірлеріне тең бөлінеді. Шын мәнісінде, әр өңірдің жер жағдайына қарай өзгешелігі бар. Мәселен, оңтүстік өңірлерде мал азығын дайындауда проблема жоқ деуге болады. Біздегідей қуаңшылық, құрғақшылық жоқ. Ал бізде өз аумағымызда шөп болмаса, шабындық іздеп көрші аудан, кейде облыстан рұқсат сұраймыз. Сосын оны шауып, тасып аламыз. Сондағы бөлінген субсидия шаруалардың шығынын да жаппай қалады. Мұндай климаттық жағдайда асыл тұқымды малды бағу да оңай шаруа емес. Бұдан өңірдегі ауыл шаруашылығы қалай дамиды?! Сондықтан бізге бөлінетін субсидия көлемін көбейту керек. Осындай қиындықтың кесірінен жастарымыз да мал бағудан қашып отыр, — деді Жанкелді Нұржанұлы.
Саяси кеңесте өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өзге де өзекті мәселелері көтерілді. Әсіресе, «Ауыл» партиясы жетекшілерінің «Агробанк» құру жөніндегі бастамасы қатысушылардың көңіліне қуаныш ұялатты. Өйткені Үкіметтен жеңілдікпен берілетін несиеге екі ортада делдалдық етіп отырған квазимемлекеттік кәсіпорындар өзге банктермен бірігіп, шаруаларды пайызбен «қанап» отырғаны жасырын емес.
Саяси кеңес жұмысында қорытынды сөз сөйлеген облыстық мәслихат депутаты Қадырбек Мағзомов, республикалық партия хатшысы Қуаныш Сейітжановтар ұсыныс-пікірлерді Орталық аппаратқа жеткізіп, шешімін табу жолдарын қарастыруға уәде берді. Кеңес шешіміне сәйкес партияның облыстық филиалының төрағасы Қадыржан Арыстанға нақты міндеттемелер жүктелді.
Ербол ҚОШАҚАНОВ
суреттер автордікі