АУЫЛДАҒЫ АГРОФИРМАЛАР
Аудандағы 545 шаруа қожалығына барлығы жүз мың гектардан астам жер бекітіліп берілген. Он тоғыз шаруа қожалығына бағымдарындағы ірі қара малының сапалық құрамын жақсартуға бағытталған селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізгендеріне, сатып алынған асыл тұқымды қойға және қой етіне барлығы 40 млн. теңге көлемінде жергілікті бюджеттен субсидия төленді.
Ауданда асыл тұқымды мал өсірумен төрт ауылшаруашылық құрылымы айналысады. Былтыр аудан бойынша асыл тұқымды еділбай қойының аналығына селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізгендеріне ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес бір аналыққа – 1500 теңге, барлығы 26 млн. теңге субсидия төленуі тиіс еді. Бірақ, субсидия төленбей қалып, осы құрылымдар қаржы тапшылығына ұшырады. Болашақта тиісті құзырлы органдар ауылдағы ағайындарды мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдаудан шет қалдырмай, бұған жеткілікті дәрежеде мән бергені жөн сияқты.
Соңғы жылдары ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, жергілікті жерде өңдеу, ұқсату және оны халыққа сапалы күйінде сатуды ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылып келеді. Бұл бағытта жинақталған оң тәжірибелер де баршылық. Былтыр аудан бойынша 3,7 мың тонна балық ауланып, оның 80 пайызы шаруашылықтардың өз цехтарында өңделді. Дайын өнім ретінде алыс және жақын шетелдерге шығарылды, табыстары да жаман болған жоқ. Мәселен, «Каспий–Балық» өндірістік кооперативі теңізден ауланған «су маржандарын» стандартқа сай сапалы өңдеп, еліміздің өңірлеріне және шетелдерге шығаруды қамтамасыз ете бастады. ИСО-90001-2000 сапа менеджменті жүйесі енгізілді. Мұның өзі – өндірілген өнімдеріміздің халықаралық стандартқа сай келетіндігінің айқын дәлелі.
Құрманғазылық аграршылар өткен жылды біркелкі табыстармен қорытындылады. Былтыр егістік алқап 677 гектар құрады. Барлық егіс көлемінің 217 гектарына көкөніс, 408 гектарына картоп және 52 гектарына бақша дақылдары егілді. Диханның ала жаздай тынымсыз еңбегі мен төккен маңдай терінің жемісі де қомақты. Жиын-терін науқанын табысты өткізген олар 3,3 мың тонна көкөніс, 3,9 мың тонна картоп және бір мың тоннаға жуық бақша өнімдерін жинап, халық дастарханына ұсынды. «Сандуғаш» шаруа қожалығы — 15, «Ақжайық» шаруа қожалығы 4 гектар жерге өнеркәсіптік үлгідегі тамшылата суару әдісін қолданып, еккен егіннен нәтижелі өнім жинады.
Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, алты шаруа қожалығына 132 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдары үшін 4 млн. теңгедей субсидия төленді.
«Құрманғазы сервистік-дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы 19 балабақшаны, мектептер жанындағы 7 жатақхана мен 6 аурухананы он үш түрлі ет өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Серіктестік өзінің дүкендері арқылы тұрғындардың ет өнімдеріне деген сұраныстарын өтеу мақсатында жұмыстануда. Аталмыш сервистік дайындау орталығы халықтан 94 тонна ет дайындап, 77 млн. теңгенің өнімін өндірді, тұрғындардың 44 тонна етін дайындауына көмек жасады. Қазір серіктестікте 21 адам тұрақты жұмыс жасайды.
Аудан, облыс тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыруды мақсат еткен ұжымдардың бірі – «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС 37 тонна сүт өнімін, 25 тонна жүн дайындауға қол жеткізді.
Өткен жылдың қорытындысымен «Құрманғазы сервистік-дайындау орталығы» ЖШС басшысы Біржан Кенжебаев пен «Құралай» корпорациясы мал сою цехының басшысы Сайпедан Ибрагимов облыс аграршылары арасында өз мамандықтарының үздіктері атақтарына ие болды.
Махмуд ЖАНҚАНОВ,
Құрманғазы аудандық ауыл
шаруашылығы бөлімінің басшысы.