Қоғам

«Ауыл» – ауылдың жанашыры

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің конференц-залында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалының конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Zoom желісі бойынша «Ауыл» ХДПП Төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков қатысып отырды.
Күн тәртібіне сәйкес, алдымен партияның өңірлік өкілдігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Қадыржан Арыстанның филиалдың 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарған жұмыстарынан есепті баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, филиалдың облыс орталығы мен аудандарда 8 бастауыш ұйымы, жергілікті мәслихат (аудандық, қалалық, және облыстық) депутаты болып сайланған 12 партия мүшесі бар.

Басты мақсаты – аграрлық сектордың алға басуына септесіп, ауылдағы өндірістің өрлеуіне соны серпін беретін жобалардың жүзеге асырылуына бастамашылық көрсету болып табылатын партияның өңірлік филиалының атқарған істері ауқымды, алдағы уақытқа белгілеген межелері биік. Бұл тұрғыда жоспарлы өткізілетін қоғамдық-саяси жұмыстардан бөлек, ауыл өміріндегі жақсы істер мен жарқын жаңалықтарды жария ету мақсатында «Ауыл нақыштары» (фотосурет) «Ауылым – алтын тұғырым» (әдеби) шығармашылық конкурстары, еңбек адамдарын, олардың өнегелі өмірін насихаттауға арналған «Еңбек адамы – ел тірегі» жобасы шеңберіндегі шараларды ұйымдастыру берік дәстүрге енген. Осылайша, соңғы жеті жылдың жүзінде өндіріс озаттары танылған 800-ден астам партия мүшесі мемлекеттік және салалық (ведомостволық) наградаларға ұсынылып, марапатталған. Сонымен қатар, «ауылдықтардың» бастамасымен өткізілген «Батагөй ақсақалдар», «Кітапқа екінші өмір сыйла!» конкурстары да тартымды да тағылымды шара ретінде көпшіліктің есінде қалды.

Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы жанындағы «Мейірім құшағы» деп аталатын әйелдер істері, балалар және отбасы мәселелері жөніндегі комиссия медиация орталығымен бірлесіп «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысын, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық өкілдегімен бірге кәсіпкер әйелдерге арналған «Ауыл әйелдерінің табыс көздерін арттыру, жаңа креативті бағытқа сай өнім өндіру» тақырыбымен семинар-кеңес өткізді. Аталған комиссияның белсенді мүшелері «Ұлт рухының ұясы – Ауыл Ана» атты бірінші республикалық әйелдер слетіне делегат болып қатысты. Ал, мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері «Мүгедектер әлемі» қоғамдық бірлестігімен бірге «Ақыл-есі кем балаларға арналған облыстық интернат үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастырса, мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсетілді. Оған қоса, емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар берілді. Бұдан бөлек, партияның «Ауыл жастары» жастар қанаты белсенділерінің бастамасымен игі істер мен тың бастамалар жалғасын тапты. Көктемгі су тасқынынан қорғану шараларына да олар өз үлестерін қосты. Бір сөзбен түйіндегенде, бүгінде «Ауыл» партиясы шын мәніндегі ауылдың жанашырына айналды.
Осыны әңгімесіне арқау еткен «Ауыл» партиясы өңірлік өкілдігінің басшысы Қадыржан Бақтығалиұлы әріптестерін ұйымның жұмысын жандандыру үшін ойларымен ортақтасып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісуге шақырды. Белсенділіктері үшін ризашылығын білдіре отырып, өнегелі істерімен өзгелеріне үлгі көрсетіп, көш бастап жүрген «ауылдықтардың» бір тобын саяси ұйымның орталық аппараты мен өзінің атынан ұлығылап, құрмет көрсетті. Соңынан биылғы маусым айының 21-інде Ақмола облысының Зеренді ауылында өтетін партияның ХХIV съезіне делегаттар сайланды.
Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button