«Ауыл аманатының» шапағаты
Бүгінде республикалық «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылып, елдің игілігіне қызмет етуде. Соның айқын бір көрінісін мұнайлы Мақат өңірінің өмірінен көруге болады.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ақмарал Жангерееваның сөзінше, өткен жылдың өзінде аталған бағдарлама бойынша 8 жоба мақұлданып, оны қаржыландыруға 63 млн. теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл жобалардың үшеуі ауыл шаруашылығы, төртеуі техникалық және біреуі тұрмыстық қызмет көрсету саласын қамтиды.
Солардың санатында Мақат кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Шынар Ажуованың есімін айрықша атауға болады. Шағын бизнеспен шұғылдана бастағанына бірнеше жылдың жүзі болған кәсіп иесі жақында көпқабатты тұрғын үйдің төменінен «Тұмар» атты сұлулық салонын ашты. Осы мақсатта 4 млн. 570 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие (жылдық қайтарым мөлшері 2,5%) алуға қол жеткізіпті. Толықтай қызметіне кіріскенде мұнда бірнеше адам (3 шаштараз, екі визажист және сонша маникюр маман жұмысқа алынатын болады.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлназ Едігеева қатысып, тұсауын кесті.
Дәулетқали АРУЕВ
Мақат ауданы