Ауыл әкімдері атқаруы керек іс көп
Атырау қалалық мәслихатының кезекті ХХVІ сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қатысты.
Сессияда қалаға қарасты ауылдық округтердің әкімдері жыл ішінде атқарған жұмыстарынан есеп берді. Олардың баяндауынша, былтыр қала аумағындағы қай ауылда болмасын жүзеге асырылған жоспарлы іс-шаралардың ауқымы айтарлықтай. Әсіресе, елді мекендердің инфрақұрылымын (көше жолдары мен жарығы, жазғы су құбыры, т.б.) жақсарту, санитарлық тазалығын сақтау, көркейту-көгалдандыру бағытында біраз шаруа жасалған. Алда атқарылуға тиісті жұмыстар одан да көп. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандарының жұмысын, олардың мүмкіндіктерін әлі де жетілдіре түсу қажет. Бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің жергілікті әкімдікпен, қоғамдық ұйымдармен байланысын, бірлескен қызметін жандандыру да күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр.
Бұдан бөлек, сессияда Атырау қалалық мәслихатының «2025-2027 жылдарға арналған қала бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулана Досқалиева хабарлама жасады. Оның айтуынша, нақтыланған қазына қаражаты негізінен коммуналдық қызмет көрсету құрылымдарының жағдайын жақсартып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды күрделі жөндеуге және жаңғыртуға бағытталған.
Сессияда өзге де өзекті мәселелер халық қалаулыларының талқылауынан өтіп, бірауыздан мақұлданды.
Дәулетқали АРУЕВ