Жарнама
Қоғам

Қауышу

Кезіндегі Морской ауылдық советі, қазіргі Мақаш ауылдық округінің «Қызыл Ту» колхозынан майданға аттанып, хабарсыз кеткен жерлесіміз Құспанғали Боранбаевтың ойда жоқта табылуы, арада 75 жыл өткенде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей қолдауымен марқұм мүрдесінің елге алдырылып, туған топырағында мәңгілік тыныс тауып жатқан бауырларының жанына жерленуі кім-кімді де бейжай қалдырмады.

ryh2

Бұл жөнінде «Атырау» газетінің өткен нөмірінде егжей-тегжейлі жазылғандықтан, оны кері қайталап жатудың әрине қажеті бола қоймас. Біздің айтпағымыз елдің, қазіргі ақсақалдарының сол сәттен бері аудандық «Серпер» газеті редакциясы есігін жиі ашып, марқұм Құспанғали Боранбаев есімді боздақтың күрделі жолмен елге алдырылуына, оны үлкен салтанатпен қарсылап алуды, туған жері – Құрманғазы ауданындағы барлық  елдік рәсімдердің жоғары деңгейде өтуіне өзі бас болып араласқан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа деген алғыс-ризашылықты жеткізу еді.

Бұл Отан үшін от кешіп, бар болғаны жиырма жыл ғана өмір сүрген боздақ Құспанғали Боранбаевтың рухына деген биік құрмет, екінші жағынан алып қарағанда бүгінгі өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық отты тұтатудың таптырмас үлгісі болды. Бұрындары Ауған соғысында шейіт болған осы топырақтың батыр ұлдары – «Қызыл жұлдыз» орденді Б.Бегәлиев, В.Григорьев, Қ.Өмірбаевтардың сүйегі елді тапты. Бірақ, сол қорғасын табытпен оралғандарды жерлеу рәсімінің ерлігін ұлығылаудан гөрі салқынқандылығы, қарапайымдылығы, құпиялылығы басым келетін. Солардың бірін аудандық газетке жазып, сағынышты сезіммен әлдилеген осы жолдардың авторы кінәлі деп табылып, қазір арада жоқ, марқұм редакторымыз Тұрар Құрманғалиевтың аупарткомнан сөгіс алғаны ойға еріксіз оралады.

Міне, бүгінгі күнді Ел Тәуелсіздігінің шынайы көрінісі дегің келеді. Отан үшін шейіт кетудің өзі бір бақыт екен ғой деген ойға жетелейді. Құспанғали Боранбаев есімді есіл ерге арналған шараларға егделер өз алдына, жас ұрпақ мектептерден көптеп қатысты.

Жұртшылық танысып жатқан да шығар, марқұм майдангер боздақ Құспанғали көкені Великий Новгород облысы Парфино ауданы Обжино деревнясының жанындағы қалың жынысты орманнан тапқан қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова атындағы ізшілдер тобы және оның  мүшесі  Ерлан Әбішев деген бауырымыз. Көрдіңіз бе, көршілес ақтөбеліктерде соғыс қаһармандарының дерегін іздейтін топ бар екен. Дәл сондай  батыр қыз Хиуаз Доспанова атындағы ізшілдер тобы өз облысымыздан құрылып жатса артық па?

Ерлан Әбішевке қайыра оралсақ, бұл бауырымыздың елжандылығын тілмен айтып жеткізу мүмкін еместей. Ақтөбеден қоғамдық негізде құрылған ізшілдер тобы жыл сайын соғыс өткен жерлерге барып, боздақтардың мүрдесін іздеп, оның кім, қай жерден екенін анықтаумен айналысады екен. Жүздеген қазақстандықтарды анықтап, еліне, ұрпағына табыстағаны бұл да бір бейбіт күнде жасалған ерлік емес пе? Топтың белді мүшесі әрине Ерлан Әбішев. Ізшілдер тобын ешкім қаржыландырмайды, өз еріктерімен осындай сауабына бәс жетпес бірегей істі тындырумен келеді. «Бірінде ресейліктермен бірге уәдеге сай анықтау жұмысын жүргізуіміз қажет болды. Қаржы қолбайлау келтірді. Топтағы бір белсенді жігіт жеңіл автокөлігін ойланбастан арзанырақ бағаға сатып жіберіп, сол ақшамен Ресейге тартып кетіп, мақсатымызға жеттік» — дейді Ерлан.

ryh3

Құспанғали Боранбаев атамызды ақтөбелік ізшілдермен бірге Ярославль облысы Рыбинск қаласының «За отвагу» тобы бірге іздескен. Адамның тәні жансызданып, жер қойнын тапқанымен рухы мәңгілік екеніне Ерланның бастан кешкендері еріксіз иландыратындай.

«Қиындығы шаш етектен келетін қазба жұмысы асқан ептілікті талап етеді. Табылған мүрденің сүйектерін бүл-дірмей сол күйінде шығарып, әр нәрсеге шұқшия қарауың қажет. Ас-су, өз жағдайың келісіп жатпасы өз-өзінен түсінікті. Барына қанағат. Ең қиыны түнде әр жерден шоқтанып, от жанатыны. Қалың жынысты орман ішінен әрең дегенде  көз шырымын аламыз. Көз ілінсе болды – осында жатқан адамдар түгел тіріліп кеткендей, солдат киіміндегілер көз алдыңнан шықпай, бірінен соң бірі келе береді. Сондықтан, таң құлан иекте тұруға мәжбүрсің…

Қызыл әскердің сүйегін тапқанымызда, қалайы қасығына «К.Боранбаев» деп ойып жазыпты. Беліне қыстырған  гранаталары  шіріген. Бір тәуірі медальонына дерегін қалдырған. Ондағы оймақтай қағазда «Гурьев облысы, Теңіз ауданы, «Қызылту» колхозы, Боранбаев Құспанғали» деп жазылған. 75 жыл аз уақыт па? Оқып болған бойда әлгі титімдей қағаз үгіліп сала берді». Бұл – Ерлан Әбішевтің бізбен арада болған  әңгімесі.

Бұл тірлікте сирек те болса Ерлан сияқты тұлғалар бар. Әке-шешесін сүйрелеп Қарттар үйіне тапсыратындар да бізбен бірге бір қатарда жүр. Ата-анасының, бақилық бауырының басына бармақ түгілі, қай жылы о дүниелік болғанын тірлік сайраны естерінен шығарып жібергендер қаншама? Ал, Ерлан болса, қиян шетке барып, боздақтарды анықтауда. Туған ел, туған жерге бұдан артық қандай сауапты іс тындыруға болады?

Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиевқа «бір жыл бойы соңына түсіп туыстарын анықтай алмағанда, ең соңғы сәтте сіз тауып бердіңіз, мың рахмет сізге» деп, жұртшылық алдында ақсақалдың мерейін көтерді.

«Мұрағаттан Морской советінің бұрынғы тіркеу кітабын түгел қарап шықтым, таппадым. Ұнжырғам түсіп, есікке беттей бергенімде мұрағат қызметкері Морскойдың 1938 жылғы басқа тілде жазылған шаруашылық кітабы барын айтты.  Латын графикасымен жазылған екен. Үш бірдей Боранбаевтар отбасы шыға келді. Әрі қарай бүгінгі ұрпақтары Қайырболат, Злиха, Ерболат Дүйсекеновтер елге белгілі адамдар ғой, бір-бірлеп тез  табыла кетті. Құспанғали Боранбаев боздағымыз сол Дүйсекен, Көшкін, Балзира Боранбаевтардың туған інісі екен. Боранбаев Дүйсекеннің баласы Қадырбай Дүйсекенов атанған ұлағатты ұстазды құрманғазылықтар әлі күнге аузынан тастамай айтады» дейді Орынғали Құмарғалиевтың өзі.

Марқұм майдангердің сүйегі табысталған «Қадірке» қорымында туған ағасы Дүйсекен жатыр.

Мүрдені елге әкеліскен азаматтардың бірі – Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Саламат Сабыр марқұм сүйегінің қайта жерленуіне Елші Иманғали Тасмағамбетовтің көп көмегі тигенін айтты. «Бұл жағдайды бізден естігенде қатты қуанды. Жанымызға өзінің Алмас деген екінші хатшысын қосып беріп, автокөліктерді қажетімізше алдымызға көлденең тартты. Ондағылар біздің Құспанғали боздақтың табытын қалай үкілеп әкеткенімізге разы болды. Әйтеуір, қайда да елдігіміз өзгеден  оқшау биік тұрды» — дейді ол.

Подольскідегі мұрағатта «1942 жылдың 26 желтоқсанында «ерлікпен қаза тапты» делінген Құспанғали Боранбаевтың мүрдесі арада 75 жыл өткенде туып-өскен топырақпен осылай қауышты…

 

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button