Жарнама
Қоғам

«Atyraý»-дың әр санын 30 жыл сақтап келеді

Әріп танығалы «Atyray» газетін оқып келе жатқан жергілікті тұрғындардың бірі Руслан Хамза 30 жыл бойы басылымның әр санын көздің қарашығындай сақтап келеді.

«Мен 20 жылдан бері Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың ұлттық орталығын құрып, халыққа қалтқысыз қызмет қылып келемін. Өзімді осы дәрежеге жеткізген жергілікті «Atyray» газеті десем, артық айтқандығым емес. Өйткені, менің ата-әжем мен ата-анамның өмірі осы газетті оқумен өтті. Қолдарынан еш тастамады. Есесіне, елге сыйлы, көпке үлгі азаматтар болды. Олардың осы қасиеті маған да дарыды. Мен де «Atyray»-ды оқымай отыра алмаймын. Жаңа санын тағат таппай күтіп отырамын. Себебі, ол – бала кезден бергі ең сенімді серігім. Мойындаймын, бүгінде қандайма жаңалық болмасын, бірінші болып әлеуметтік желіде жарқ ете қалады. Заман ағымынан қалмау үшін мен де өзіме жеке әлеуметтік парақшалар ашып алдым. Соңғы жаңалықтарды жібермеймін. Бірақ, мені желіде жылт еткен жаңалықтар қанағаттандыра алмайды. Өйткені, бұлардың бәрі де – тек тақырып қана. Яғни, бір жерде бір оқиға болатыны ғана баяндалады. Ал, нақты ненің қалай болғаны және ең бастысы – одан қандай қорытынды шығаруға немесе сабақ алуға болатыны айтылмайды. Міне, осындайда газеттің көмегіне жүгінуге тура келеді. Онда бәрі де егжей-тегжейлі жазылады, әрі тіс қаққан мамандар болған жайтқа баға беріп, пікір білдіреді. Ендеше, осыдан кейін қалай газетке жазылмайсыз?!» дейді ол. 

Бір қызығы, Руслан Пангерейұлы «Atyray» газетін оқып қана қоймай, оның әр санын 30 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келеді екен. Біз бұған көз жеткізбек болып үйіне арнайы бардық. Сөйтсек, расымен де оқырманымыз жалған айтпаған екен. Ол сарғайған газет сандарын бірде-бірін қалдырмай тігіп қойыпты! Бұған дейін біз тек монета, медаль, киім-кешек, кәдесыйларды жинайтын жандарды ғана білсек, енді газет жинайтын адамның да барына куә болдық. Ғажап емес пе?

Бұл да болса, бір ғасырлық тарихы бар аймақтың аға басылымы атанған «Atyray» газетіне деген оқырмандардың ыстық ықыласы мен патша пейілінің бір көрінісі шығар…

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Коллажды жасаған: Дəурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button