ҚОҚЫСТАН – ҚҰНДЫЛЫҚҚА

Қоршаған ортаны қорғай отырып, өз қажеттіліктерін  жүзеге асырудың тиімді тұстары жетерлік. Мәселен, әлемге танымал «Adidas» компаниясы жуырда мұхиттағы қоқыстардан аяқ киім тігуді қолға алды.

 

 Massaget.kz порталының хабарлауынша, «Adidas» компаниясының жаңа спорттық аяқ киімі теңізшілердің мұхитқа лақтырған балық аулауға арналған торларынан жасалады екен. Компания өнімнің алғашқы прототипін де ұсынды.

«Бір-біріне оралып қалған торлар мұхиттың экологиясын бұзып қана қоймай, астынан жүзіп өткен балықтардың жойылуына себеп болып отыр. Жаңа аяқ киім Primeknit технологиясы негізінде толығымен қалдықтан дайындалады»  дейді Parley for the Oceans мұхит экологиясын қорғау ұйымының басшысы Кирилл Гатч аталмыш порталға берген сұхбатында.

Мұхитта қалып қойған торлар ағыспен келетін әртүрлі пластикалық қалдықтарды да жинайды. Мұхит бетінен алынған пластиктер дәстүрлі жолмен қайта өңделеді.

Айта кету керек, «Adidas» компаниясы пластиктен спорттық футболкалар шығаруды жоспарлап үлгерді. Мәліметтерге көз жүгіртсек, ғалымдардың айтуынша, әлемдегі теңіздердің бетінде 250 мың тонна қалдық қалқып жүр. Британияның Жаратылыстану музейі және Плимут университеті мамандарының зерттеулері бойынша, мұхит түбінде де пластик қалдықтары бар. Пластик қалдықтарының су бетінде қалқып жүруі жаһандық мәселеге айналып отыр. Бұған дейін мамандар «пластик қалдықтарды аң-құстар мен түрлі микро ағзалар тұтынып, жоқ болып кетеді» деген болжам жасаған. Енді керісінше, олардың теңіз түбіне тұнып, тереңдегі экожүйені бұзуы мүмкін екендігі анықталды. Алдағы уақытта бұл қалдықтарды кәдеге жаратуда түрлі жобалар қолға алынғаны жөн.

Өз тілшіміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз